Байқау

Теміртау экологиясы балалар да бейқам емес

Теміртаудың кішкентей тұрғындары да шаһарының газ жұтып, тозаңмен тыныстауына селсоқ қарамайды. Оны Теміртау қаласында өткен байқау дәлелдеді. Жастар экологияны жақсартуға бағытталған идеяларын ұсынды. Ал, жергілікті билік сол идеяларды жүзеге асыруға шағын гранттар табыстады. «ЭКОСИТИ» жобасы аясында қаланың Жастар ресурстық орталығы сондай байқауға мұрындық болды.

Орталық басшысы Айдын Жұмагелдиновтың айтуынша, жоба Теміртау жастарын эко логия мәселелеріне тартуға бағытталған.

– Қыркүйек айынд оқушылар мен қала тұрғындары үшін экология тақырыбында семинарлар, тренингтер, шеберлік сыныптарын, шағын гранттар конкурсын өткізуді шештік, – деді Айдын Жұмагелдинов.

Байқауға барлығы 10 жоба келіп түскен. Үшеуі комиссия сүзгісінен сүрінбей өтіп, 100 мың теңге грантты жеңіп алды. Жеңімпаздың бірі – Вусал Мамедов пен Андрей Ковылкиннің «Қалдықтар мен климат» жобасы парниктік газдармен күреседі. Жобада мектеп оқушыларымен бірге балалар экозерттеу жүргізеді. Сонымен қатар, Елизавета Черкашинаның «Экознаника» жобасы үздік танылды. Бұл балалар мен ересектерге экологиялық әдеттерді – энергия тиімділігін, энергияны үнемдеуді, қоқысты бөлек жинауды сіңіретін білім беру жобасы. «Шаңырақ» еріктілер орталығының мүшесі, студент Максим Чернышовтың «Экология өмір салты ретінде» жобасы да грант иеленді. Оның басты мақсаты – туған қаласының аулалары мен көшелерін ретке келтіру. Экожобалар желтоқсан айының соңына дейін іске асырылуы тиіс.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button