Бас тақырып

Тегін үйірме түйіні тарқамай тұр

Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Мұны Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын. «Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз» дегені де есте. Президент балалардың қосымша білім алуына мүмкіндік жасалу қажет екенін жыл сайынғы Жолдауында айтады. Расымен де, баланың бойындағы жылт еткен сәулені жарқырату үшін қосымша білімнің көмегі көп.

Балаларды тегін үйірмелермен қамтуға мүмкіндік беретін «Artsport» жобасы Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру негізінде қолға алынған бастама болатын. Жобаның игілігін жұрт көрді. Алайда, ғұмыры ұзаққа бармады. Былтыр жобаға қатысты дау туып, қызметі бәсеңдеді, кей аймақтарда тіпті шығармашылық үйірмелер жабылып та қалды. Мәселен, Қарағанды облысында «Artsport» платформасымен спорттық секциялар жұмысы жалғасып жатқанымен, шығармашылық үйірмелерге жазылуға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе былтыр жабылып қалған еді. Жақында ғана платформа жыл соңына дейін жұмысын жалғастырады деген шешім қабылданды. Десе де, платформада күрмеуі шешілмей тұрған мәселе көп.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Игі жобаның шикілігі

Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды екенін айтқан болатын. Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы тапсырма да жүктеді. Ол аз десеңіз, сол арқылы әкімдердің жұмысын бағалайтынын баса айтты.

2021 жылдың мамыр айынан бастап республика бойынша 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жолымен тегін үйірмелермен қамту үшін «Artsport» жобасы іске қосылды. Жергілікті атқарушы органдарға балаларды тегін үйірмелермен қамту үшін қаржы бөлді. Мәдениет және спорт министрлігі үйлестіруші ретінде бекітіліп, ата-аналар Аrtsport.edu.kz порталы арқылы баласына (спорт пен мәдениет бағытындағы) үйірме түрі мен оқытатын орынды таңдап, әкімдіктер таңдалған ұйымға әр бала үшін ақша бөлді. Алайда, ата-аналар балаларын бір емес, бірнеше үйірмеге жаздырғаннан кейін, бұл басқа балалардың үйірмемен қамтылуына кері әсерін тигізді. Қаржы мәселесіне және тиісті порталдың жұмысына қатысты олқылықтар шыға бастады. Бұл кейбір үйірмелердің жабылып қалуына әкелді. Жоба бір жағынан барлық баланы қосымша біліммен қамтуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан әлеуметтік әділдіктің орнағаны еді. Себебі үйірмелерге бұған дейін қалтасы көтеретін, жағдайы бар отбасылардың балалары ғана бара алатын.

Биыл «Artsport» жобасы бойынша жергілікті бюджеттен спорттық секцияларға 2,1 млн. теңге бөлінген. Ал мәдениет бағытында Аrtsport. edu.kz платформасы олқылықтардан соң былтыр 31 желтоқсанда жұмысын тоқтатқан болатын. Аrtsport. edu.kz порталы шығармашылық тапсырыс бойынша Қарағанды облысында қаржы бөлінбегендігін көрсетіп тұр.

«Artsport» жобасы жалғаса ма?

Осы мәселе былтыр Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз болды. Онда Мемлекет басшысы балаларды тегін үйірмемен қамтуға мүмкіндік беретін жобаның кемшіліктерін жойып, жұмысты қайта жалғастыру қажет екенін баса айтты.

– Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс. Оны сапалы әрі тиімді жасау қажет. Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажет. Ауылдық жерде тұратын балаларға баса мән берген жөн. Барлық аймақтағы балалардың қосымша білім алуына мүмкіндігі болуға тиіс. Құзырлы министрлік пен әкімдіктер жобаның жүзеге асырылуын реттеп, жіті бақылауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Осыған орай «Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды. Ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге беретін болды. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр. Кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет», – деп тапсырма берді.

Жақын арада Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов: «Елімізде «Artsport» бағдарламасы жалғасады, бірақ жаңа форматта. Өткен жылы ережелері қабылданды. Әр өңір «Artsport» бойынша өз бағдарламасын әзірлейді, – деді министр.

Инфографиканы жасаған А.РАХЫМЖАН

Жаңа жүйе жұғым болмады

Бүгінде Қарағанды облысында мәдениет және спорт бағытындағы тегін үйірмелер бар. Мәселен, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мәліметінше, аймақта мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 23 бағыт бойынша 4650 баланы қамтитын 144 үйірме бар. Олар хореография, вокал, поэзия, кескіндеме, сурет салу, актерлік өнер – сахна тілі, музыкалық аспаптарда ойнау, қолданбалы шығармашылықпен айналысу және тағы басқа бағыт бойынша жұмыс істейді. Үйірмелер Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран қалаларында бар. Басқарма берген мәліметке сүйенсек, 2022 жылдың 31 желтоқсанында Аrtsport. edu.kz ақпараттық жүйесі арқылы шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша жүргізілген қызметтер жұмысын тоқтатқан.

– Балалардың заңды өкілдері жоғарыда аталған үйірмелерге баруға 5333 ваучерді таңдады. 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін ақпараттық жүйе арқылы шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша қызметтер Аrtsport.edu. kz. платформасында жүргізілді. Мемлекеттік сатып алу қызметтерінің қорытындысы бойынша 2023 жылға арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша is-bala.kz ақпараттық жүйесін жеткізуші «Қазақтелеком» АҚ болып табылады, – деген мәлімет берілді басқармадан.

Платформа жұмысын тоқтатқан соң, тапсырыс берушілер кедергілерге тап болды. Мәселен, «Тоғжан» шығармашылық орталығы балаларға сурет салуды, домбырада ойнауды, киім пішуді, графиканы үйретеді. Ұлттық өнерді дәріптеп, бала бойына дарытып жүрген Айгүл Медеубаева жетекшілік ететін «Тоғжан» шығармашылық орталығы Artsport.edu.kz платформасы жұмысын тоқтатқалы бері үйірмеде бала саны азайғанын, ақпан айының жалақысы әлі берілмегенін айтқан еді. Бір апта өткен соң хабарласқанымызда «Аrtsport. edu.kz платформасы жыл соңына дейін жұмысын жалғастыратын болды» деген жауап алдық.

Үйірменің балалар үшін берері көп. Балалар асығып келеді. Қазіргі кезде гаджетте отырғаннан гөрі, балаларының үйірмелерде болғаны ата-аналарға көмек. 2022 жылдың наурыз айынан Artsport. edu.kz платформасында ваучер беру тоқтатылды. Содан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін үйірмелерге таңдау болған жоқ. Платформа бойынша бұрын жазылған балалар тегін үйірмелерге келіп, қатысып жүр. Жұмыс Isbala.kz платформасына ауысқанымен, ол әлі дұрыс жолға қойылмаған, тіркелу де мүмкін болмады, жалақымыз біразға дейін кешікті. Біз жиналыстарда осы мәселені көтердік.

Кейінірек Artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі жыл соңына дейін жұмысын жалғастырады деген хабар естідік. Енді жыл бойы жүйелі жұмыс жасаймыз деп үміттенемін, – деді «Тоғжан» шығармашылық орталығының директоры Айгүл Медеубаева.

Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бұл ақпаратты растады.

– Басқарма ақпараттық жүйе (платформа) арқылы шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі қызметтерге жүргізілген сатып алу қорытындылары бойынша «Қазақтелеком» АҚ-мен шарт жасасты. «Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бағдарламасының маңыздылығын түсіне отырып, «SoftDeCo» ЖШС-мен лицензиялық келісім жасалды, оған сәйкес Аrtsport.edu.kz серіктестік бағдарламалық өнімді пайдалануға авторлық құқық берді. Онда мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бағдарламасы іске асырылады және 2023 жылдың соңына дейін қызметтеріне ақы төленеді. Ал, Is-bala.kz платформасы жұмыс істемейді, – деген мәлімет алдық облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан.

«Тоғжан» шығармашылық орталығының директоры Айгүл Медеубаева: «Платформа іске қосылғаннан кейін балалар үшін жаңа ваучер ашылса екен» дейді. «Үйірмелерде бала саны көбейсе, бізге де жақсы. Бір балаға екі ваучер ашылғаны жөн болар еді. Себебі, сурет салғаннан гөрі спорттық секцияға қатысқысы келетін балалар бар», – деген ойын айтты ол.

Спорттық секцияларда кедергі жоқ

Ал, облыстың денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі арқылы 10 мыңнан аса баланы тегін үйірмемен қамту үшін жергілікті бюджеттен 2,1 млн-нан аса қаражат бөлінген. Платформа бойынша ешқандай олқылық болмаған.

– Мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде Қарағанды облысында спорттың 23 түрі бойынша 125 секция жұмыс істейді. Artsport.edu.kz платформасы бойынша 15 мыңнан аса ата-аналар өтініші келіп түсті. 9 124 ваучер іске қосылып, 8 300 бала үйірмемен қамтылды. Оның ішінде 58-і мүмкіндігі шектеулі балалар. Өңір бойынша мемлекеттік спорттық тапсырысқа Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Қарқаралы, Шахтинск, Саран, Бұқар жырау ауданы Тоғызқұдық кенті, Осакаров ауданы Осакаровка кенті, Абай ауданы, Шет ауданынан барлығы 48 жеткізуші жұмылдырылды, – деді облыстың денешынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық және балалар спортын дамыту орталығының басшысы Әділ Болатханұлы.

Балалардың білім алуы мен жан-жақты дамуына мемлекет немқұрайлы қарамайды. Бұл – айқын. Елде қосымша білім беру мәселесін жолға қоймай, балаларды үйірмеге үйіру мүмкін емес. Үйірменің не берерін сіз бен біз жақсы білеміз. Пайдасы болмаса, зияны жоқ. Олқылықтың орны толғандай болғанымен, ақпараттық жүйе келесі жылы жұмысын жалғастыра ма, ол жағы бұлыңғыр…

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button