Теңге — мемлекет мақтанышы

Ұлттық валюта тәуелсіз егеменді мемлекеттің символдарының бірі болып табылады. Яғни, бұл – экономиканы бас­қарудың, еліміздің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің басты құралы. Көптеген елдердің ұлттық валютасының тарихы бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан. Кез келген мемлекеттің тарихы сол елдің валютасының тарихымен байланысты болады.

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің тарихы 1993 жылғы 12 қарашадағы №1399 «Қазақстан Республикасында ұлттық валютаны енгізу туралы» Президент Жарлығынан басталды. 1993 жылғы 15 қарашадағы құжатқа сәйкес, елімізде ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді, – деді ҚР Ұлттық Банкі Қарағанды филиалының директоры Ғазиз Шегенов.

Президенттің айналымға жеке Ұлттық валютаны енгізу туралы шешімі еліміздің экономикасының жаңа даму деңгейіне шығуының түйіні болды. Теңгенің айналымға енуі Қазақстанның ұлттық нарықтық экономиканы құруға қажетті алғашқы қадамдарын жасауға мүмкіндік берді.

Қазақстанда Ұлттық валютаны дайындау өте қысқа мерзімде – бір жылда жүргізілді. Осыған қарамастан, теңге өзінің сапалылығымен айқындалды және одан жасанды ақша жасау өте қиын. Қазақстан теңгесінде 18 қорғаныш деңгейі бар. Олар – сутамғы белгілері, қорғаныш жіптері, айқын және қосарланған жасырын бейнелері, ұсақ жазулары және тағы басқалары. Теңге дүние жүзіндегі қорғану белгілері жеткілікті валюталардың бірі болып табылады.

Қазақстанның Ұлттық валютасы – теңгенің 26 жыл айналымда болуы Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін теңгенің тарихи маңыздылығына жан-жақты баға беруге болатынын айқындайтынын, ұлттық валютаның енгізілуімен нарықтық экономиканы құруға бағытталған құрылымдық өзгерістердің жеделдетілгенін атап өтті филиал директоры Ғ.Шегенов.

Ұлттық Банк банкноталар және монеталармен қатар, инвестициялық және коллекциялық монеталарды шығарады. Инвестициялық монеталар құнды металдардан жасалған. Олар күмістен және алтыннан соғылады. Тұрғындар құнды металдар бағасына сәйкес, металл құнының сатып алу күнімен салыстыру құны аралығындағы айырмашылықтан пайда көрулеріне болады.

Коллекциялық монеталар – мерейтойлық, естелік және Ұлттық валютаның арнайы соғылған басқа да монеталары, оларды дайындауда соғудың және /немесе көркемдеудің күрделі технологиясы қолданылып, коллекциялау үшін бұл монеталарға арнайы сипат беріледі.

«Коллекциялық және инвестициялық монеталар белгіленген құн бойынша заңды төлем құралы болса да, олардың негізгі мәні – мәдени-ағарту және инвестициялық болып табылады. Әрине, олар өте шектеулі данада шығарылады және Қазақстанның аумағында сатуға шығарылады, ал шетелдерге коллекциялық құны бойынша сатылатындығына тоқталды филиал директоры Ғ.Шегенов.

Коллекциялық монеталар қазіргі таңда да мемлекеттің тарихи жағдайларының, мәдени естеліктердің, қайраткерлердің, мерейлі даталардың, мәдениет және спорт саласы жетістіктерінің мәңгі ұмытылмауы үшін қолданылады.

 «Қазақстан монеталарының дүниежүзілік каталогтарға енуі және нумизматтық баға алуы, тарихтармен және аңыздармен толықтырылуының өзі бір ғанибет» деп атап өтті ҚР ҰБ Қарағанды филиалының директоры.

Қазақстанның монеталары және банкноталары халықаралық нумизматтардың сайыстарында беделді орындарға ие болды. Бұл сайыстарға ғасырлық тарихтары бар монета сарайларының өкілдері, дүниежүзілік нумизматтар және монеталарға бедер салушылар саласындағы консультанттардың жоғарғы деңгейлі өкілдері, сондай-ақ Ресей, Франция, Ұлыбритания, Нидерланды, АҚШ, Канада, Германия, Украина, Литва және Белоруссия өкілдері кіреді.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» мемлекеттік мекемесі Қарағанды филиалының ұжымы барлық қазақстандықтарды Ұлттық валюта – теңге күнімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, бақыт, қаржылық сәттілік, жаңа жетістіктер және болашаққа деген сенімділік тілейді.

Қасымхан ҒАЛЫМ