Руханият

Тау тұлға

Әдебиет әлеміне өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Астана оттары» атты өлеңдер мен балладалардан құралған жыр жинағымен қосылған Софы Сматаев, табиғат берген ерекше талантымен жарқырап көрінген жазушы. Биыл сексеннің сеңгіріне қадам басқан қазақ әдебиетінің қас жүйрігін оқырманға таныстыру соншалық қажет те емес секілді. Себебі, жазушы қаламынан туған кесек-кесек туындыларымен ел құрметіне бөленіп, есімі аңызға айналған. Ол 1941 жылы 22 маусымда Шет ауданының Киік стансасында дүниеге келген. Мәскеудің болат және қорытпалар институтын бітірген. Содан бергі аралықта қасиетті сөз өнеріне деген құштарлығы бір сәт те бәсеңдемеген қаламы қарымды қаламгер оқырман жүрегін эстетикалық ләззатқа бөлейтін 25 томдық ғажайып туынды жазды. Оның прозасы, поэзиясы, драмасы да сан қырлы. Алуан түрлі тақырыпты қозғайды, нені жазса да жеріне жеткізіп, иін қандырып, оқырманға олжа салудан жаңылған емес.

Жақсы кітап қашанда жан азығы, оқырман олжасы. Жазушы қаламынан туған ғажайып туындының бірі һәм шоқтығы биігі – «Елімай» роман-трилогиясы. Қалың оқырманның риясыз көңілінен шыққан бұл туынды қазақ елі басынан өткерген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңін сезімтал суреткерлікпен көз алдыңнан өткізіп, шынайы сезімге, зор сүйіспеншілікке бөлейді. Кезінде «Елімай» трилогиясын оқып шыққан Дінмұхамед Қонаев Софы Сматаевқа: «Мұхаңның «Абай жолынан» кейін сондай кесек туындылар жазылмай кетті деп аузымызды қу шөппен сүртіп келдік қой. «Халқым! Елім!» дейтін жүрегіңді таныдым, таптым, ұлым. Ұлым дегенімді дұрыс ұқ, Софы-жан.

Тарихқа адалдық сендерде, жазушыларда болғаны қандай жақсы. Мұхаң, Есенберлин, енді сен – қазағымның жоқтаушыларысыңдар. Іздедіңдер – таптыңдар» деген екен.

Ұлтымен бірге жасасып келе жатқан «Елім-ай» туындысының жарық көргеніне де елу жылға жақындапты. Содан бері бұл кітап миллиондаған қазақ жастарын отаншылдыққа, ізгілікке, ұлтын сүюге баулитын рухани байлықтың қайнарына айналды.

Жазушының елінің табанына батқан шөңге оның жүрегіне найзадай қадалған кездер аз болмаған. Кешегі желтоқсан кезінде С.Сматаев ОК жендеті Колбиннің алдында тайсақтамай, қазақ жастарына ара түскен адам. Бұл жөнінде белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев бір естелігінде: «1986 жылғы желтоқсанда «Мәскеуден нөкерімен келген «интернационалист» Соломенцев Қазақстан Компартиясы бюро мүшелері – қазақтарды кіреберісте қалдырып, қазақ жастары қозғалысын қалай басуды сөз қылуға жергілікті шовинистерді ғана жинап алады. Кенет үлкен құзырлы өкіл бір пікірге келсе керек, қазақтарды да ішке шақырады. Насихат бөлімінің меңгерушісі Альберт Устинов Колбиннің қарсысындағы столдың бір жағында отырады да, өзге тұсын ұлт қатынастары секторының қызметкері Софы Сматаевқа ұсынады… Сөйтсе, сырттағы дүбірді басу үшін Орталық комитет атынан орысша, қазақша үндеу жазу керек екен. Сонда Сматаев қазақша «Айналайын балаларым…» деп басталатын үндеудің мәтінін бұрын бітіріп, оны Колбинге орысша аударып бергенде бірінші хатшы: «Какие они милые!» – деп, қазақша мәтінді лақтырып тастап, Устиновтың жазғанын: «Сен осыны қазақшаға аудар!» – дейді.

Үндеудің бірінші жолы «Казахский махровый национализм» (Қазақтың қараниет ұлтшылдығы…) деп басталады екен. Осы тұсқа келгенде Софы атып тұрып, Колбинге бұрылып: «Махровый шовинизм исі аңқыған үндеуді аудармаймын!» – деп құзырлы кабинеттен шығып кетеді» (Қалмұқан Исабаев «Шенеуніктер ішіндегі жалғыз жазушы» мақаласынан).

Көріп отырғаныңыздай, сол заманда қылышынан қан тамған қасаң билікке осылайша қарсы келу, қылпып тұрған ұстараны ұстаумен тең еді. Софы ағамыз соған жасқанбай барған, намысын қалқан етіп, арын жалау етіп, Алашына ара түскен. Ол осы әрекетімен қазақ жерінің бөлшектенуіне жол бермей, орыстық шовинистік өктемдікке қарсы шыққан Жұмабек Тәшеновтің ерлігін қайталап, елі үшін отқа түсуден шегінбейтін ердің сойы екенін танытты. Осының бәрі оның ішкі азаматтық рухының биіктігі. Кісілік келбеті. Тасаға тығылмайтын тау тұлғалы асқақтығы. С.Сматаев жағымпаздық пен жанторсық мінезді жаны қаламайтын жан.

Бәріміз де білеміз 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің зорлықшыл, әміршіл жүйеге – әділетсіздікке қарсы болғанын. Бірақ, сол уақытта Колбиннің сөзін сөйлеген, соны «әділдік» деп ұққан қазақтың белгілі азаматтары болды ғой. Жағымпаздық пен жарамсақтық қай заманда да болған, бола береді. Тіпті, баяғы 1932 жылы қазақтың басына аштықтың қара бұлты үйіріліп, әлеуметтік әділетсіздік дендеп келе жатқанда қазаққа ара түсудің орнына Голощекиннің сойылын соққан қазақтар болды ма!? Болды. Сондықтан, отаншылдық пен билікшілдікті шатыстырмаған ләзім.

Отан – ел мен жер, оның тілі мен мәдениеті, тарихы. Әлеуметке әділдік әкелетін заң ғана, үстемдік құруы керек. Бірақ, өмірде олай бола бермейді. Софы Сматаев қай тақырыпқа қалам тербесе де ұлтын ұлықтап, халқын қадірлеуді алға шығарады. Әділдікті жырлайды. Тарихын дәріптеп, тілін әспеттейді. Ойға, мұңға бастаса да сол биіктен, сол тұғырдан төмендемейді. Оның шығармаларында жасандылық жоқ. Не айтса да қазып айтады, жүрегінің сөзін маржандай тізіп, оқырманын қанатына ілестіріп, баурап әкетеді. Оны тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес… Иә, Софы Сматаев шығармалары туралы кең көлемді зерттеулер болашақтың ісі. Ал жазушының тау тұлғасы туған халқымен бірге жасап, жыл озған сайын зорая бермек.

Жанболат БАШАР.

Басқа материалдар

Back to top button