Спорт

ТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ МАРАФОН

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен тау ұлдары Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың туғанына 100 жыл толуына орай, Ұлытау ауданының орталығында «Тау марафоны» өткізілді. Оған ауданның барлық аймақтарынан желаяқтар қатысты.

 

Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, денешынықтыру және спорт бөлімінің тікелей ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл ерекше шара Ұлытаудан түлеп ұшқан қос ұлан — көсемсөзші-қаламгер, ержүрек майдангер Баубек пен жазушы Мұқанды еске алуға арналды. Екінші жағынан, Елбасы Жолдауында алға қойылған бұқаралық спортты дамытып, саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат тұтты. Марафон Ұлытау сілемдерімен жалғасып жатқан Қазантау баурайындағы жазық алаңнан басталды. Ересек азаматтар 18 шақырымға жүгіріп сынға түссе, жасөспірімдер 3 шақырымдық жарыс жолына шықты.

Жарыста жасөспірімдер арасынан Ермахан Мұқажан мәре сызығын бірінші болып кессе, Бексұлтан Құрманәлі екінші, Мирас Жақия үшінші болып келді. Қыз балалар бәсекесінде Әсел Құрманғали алдына жан салған жоқ. Валерия Середен мен Аяулым Танабаева екінші-үшінші орындарды еншіледі. Марафонның 25-35 жас аралығындағы жүгірушілері тартысты сынды бастан өткерді. Ең қашық аралықта бақ сынаушылардан ұлытаулық Бауыржан Құрманғалиев суырылып алға шықса, екінші болып Максим Тен, үшінші жезділік Азамат Төлеутай мәре сызығынан өтті. Ал, 36-50 жастағылардың бәсекесі тіпті қызықты болды. Көпшілік назары осы топтағылардың жарысына ерекше ауған еді. Ұлытаудың белгілі марафоншысы Аманбек Баймағанбетов 18 шақырым қашықтықты 55 минут 10 секундта бағындырып, топтан бірінші келді. Ол Астана қаласында өткен «Қайырымдылық» марафонында бірінші, Алматыдағы республикалық марафонда екінші келген нағыз желаяқтың өзі болатын. Белгілі жүйрікті алға оздыра мәреге қатарласа жеткен Данияр Әбдіқошқаров пен Ерлан Ержанов екінші орынды бөліссе, Ержігіт Кенжебай үшінші орынға табан тіреді. Марафон жолына 50-60 жастағылар да шығып, Өмірсерік Ағыбаев топ жарды.

Жалпы, тау баурайындағы марафонға 70-тей спортшы қатысты. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Амандық РАХҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button