Тасжолды талқан қылған кім?

Қарқаралыдағы Қарасор көлінің суы көтеріліп, теміржол өткеліне қауіп төндірді. Пойыз қатынасы тоқтаған соң, тонналап жүк артқан көліктер дамыл таппай, Матақ ауылының іргесіндегі теміржол тұйығына кен тасуға кірісті. Жай тасып жатқан жоқ, республикалық маңызға ие «Қарағанды-Аякөз-Бұғаз» тасжолының түбіне жетіп жатыр. Стоп! Бұл бұрынғы оқиға емес пе?! Былтыр ғана соған байланысты шу көтерілгені қайда? Иә, жергілікті халық наразылық танытып, сын мақала жазғанбыз. Әйтсе де, қазба байлықтың қызығын көрген алпауыт компания айылын жимай, республикалық маңызға ие автожолды жаз бойы техникалық мақсатта пайдаланды. Пайдаланды деген жай сөз, тас-талқанын шығарып, жүруге жарамсыз күйге түсірді. Бұл жайт биыл тағы қайталанып отыр…

КІМ КІНӘЛІ?

Журналистикада «жауыр болған тақырып» деген ұғым бар. Соның бірі – жолдың жайы. Жол туралы жазылған мақаланың санында шек жоқ. Сын да, ұсыныс та, пікір де айтылды. Бірақ, одан шыққан нәтиже жоқ. Неге? Өйткені, жолдың жайына жауапты мекемелердің құзіреті шектеулі. Орталықтандырылған жүйе жоқ. Мәселен, жол салу, жөндеу және күтіп-баптауға «Қазавтожол» АҚ жауап береді. Салынған және қолданысқа берілген жолдың сапасын Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қадағалайды. Ал, онымен жүретін көліктердің салмағына Көлік бақылау инспекциясы жауап береді. Үшеуінің илегені – бір терінің пұшпағы. Жолдың жайлы болуына мүдделі де осы үш мекеме. Үшеуі үш түрлі ұйым. Түйткілді мәселедегі тірліктері – бір-біріне хат жазу. Одан қалса, облыстық жолаушы тасымалы және автокөлік жолдары басқармасына, прокуратураға хат жазып, жауап күтуі қажет. Тұнып тұрған бюрократия. Қағазбастылықпен жүргенде түймедей мәселе түйедей болып, түзеуге келмей қалатыны тағы бар…

Қош, әуелгі тақырыпқа оралайық. Республикалық маңыздағы «Қарағанды-АякөзБұғаз» автожолының бір бөлігі Қарқаралы ауданының шекарасы арқылы өтеді. Бұл өңірде қазба байлық көп. Сол байлықты игеріп жатқан алпауыт компаниялар бар. Олардың экономикалық пайдасы – ұшантеңіз. Жергілікті тұрғындарға тигізер зияны да көп. Біріншісі – экологиялық ахуал. Бұл – өз алдына үлкен тақырып. Екіншісі – жолдың жайы. Біз осыны сөз етпекпіз. Оның егжей-тегжейін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының маманы Асхат Шахаев айтып берді.

– Сәуірдің алғашқы аптасында Қарқаралы ауданына барып келдім. Республикалық жолдың 141 шақырымында теміржол тұйығы бар. Сол жерге жүк көліктері Қарағайлы кен байыту фабрикасы мен «Алтайполиметал» компаниясынан кен тасуда. Бұған себеп – Қарасордың көлемі ұлғайып, былтыр ғана салынған теміржол өткеліне қауіп төндіріп, пойыз қозғалысының тоқтатылуы. Ал, корпорациялар өндірісті тежемеу үшін кенді жүк көліктерімен тасымалдайды. Қазір қар еріп жатыр. Жерде ылғал көп. Мұндайда жолға ауыр салмақпен шығуға мүлдем болмайды. Осы талапты ешкім ескерер емес. «КамАЗ» көліктеріне тоқтау салынбаса, Қарқаралы мен Матақтың арасындағы жол жүруге жарамсыз болып қалады. Өйткені, ол бір білікке түсетін салмағы 20 тоннадан аспайтын көліктерге арналған, – дейді Асхат Шахаев.

ЖӨНДЕЛГЕН ЖОЛДЫҢ «ЖЫРЫ»

Былтыр халық шу көтерген соң осы жолға орташа деңгейлі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыр көліктердің жүруіне тыйым салынды. Қадағалау күшейді. Тек, 10 тонналық көліктер ғана жүре бастады. Сырт көзге жағдай реттелгендей болған. Бірақ, бақсақ… Асфальтта емес, карьерде жүруге арналған 40 тонналық ауыр көліктер жүрісін тоқтатпапты. Олар күндіз тыныстап, түнде жүруге көшіпті. Мазақ па, масқара ма?! Сонда кім кімді және неге алдап жүр? Әлде, түнде жүрсе, жол бүлінбей ме? Бұл жағдай биыл тағы қайталанбасына кім кепіл?

Аудан тұрғындарының жолға қатысты жапа шегіп отырғаны бір бұл емес. Облыстық маңыздағы «Қоянды-Егіндібұлақ-Бүркітті» жолына былтыр ғана орта деңгейлі жөндеу жасалды. Алайда, халықтың қуанышы ұзаққа бармады. Биыл сол жолдың 60%-ға жуығы таз кепешін қайта киіп, жарамсыз болып қалыпты. Қыруар ақша желге ұшты. Рас, мердігер компания 2 жылға кепілдік берген. Олар өз қаржысына қайта қалпына келтіріп береді. Бірақ, бұл жерде бизнестің өз заңдылығын да естен шығармаған абзал. Яғни, ешбір компания артық шығын шығармайды. Мердігер қаражатына жөнделген жол ұзақ шыдас бере ме? Кесіп айту қиын. Қысқасы қатаң шаралар қолданылмаса, бұл жағдай жалғаса бермек…

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Дәл қазір Матаққа кен таситын көлік саны жүзден асады. Белі қайысқан ауыр көліктер дамылсыз жүріп жатыр. Бір көліктің өзі жолды құртуға қауқарлы. Ал, жүз көлік күніне бірнеше мәрте арлы-берлі өткенде не болады? Корпорацияларға бәрібір, өндірісі тоқтамаса болғаны. Жүк көліктерінің қожайындары да бұған бас қатыра қоймайды. Сорлайтын – қарапайым халық. Қайтпек керек? Тығырықтан шығар жол бар ма?

«Жол мәселесіне бас ауыртқан адам жоқ. Алпауыт корпорациялар білгенін істеуде. Сондықтан, жолдың ахуалына мүдделі тараптар – әкімдік, облыстық басқарма немесе көлік комитеті олармен ортақ мәмілеге келіп, меморандумға отыруы керек. Егер артық салмақ тиеген жүк көлігі ұсталса, айыппұл көлік жүргізушісіне емес, тиісті кәсіпорынға салынуы қажет. Алпауыттар сонда ғана айылын жияды. Бұны тоқтатудың амалы осы» – дейді Асхат Шахаев.

Бұл сөздің жаны бар. Жосыған жүк көліктерінің басым дені – жекеменшік. Корпорация оларды жалға алған. Жеткізілген жүктің салмағына қарай ақы төлейді. Жүргізушілердің айтуынша, 1 тонна/км – 27 теңге. Ал, енді есептеп көріңіз. Бір сапарда талапты сақтап, 20 тонна жүк артқан тиімді ме, әлде, сыйғанынша тиеп, 30 тонна жеткізген жақсы ма? Әрине, пайданы ойлаған жан екіншісін таңдары анық. Оларға алпауыттар қой демейді. Жұмысы жүріп, жүгі уақытылы жетіп тұр. Басқа не керек?

– Мен көлік иелерімен сөйлесіп көрдім. «Егер корпорация рұқсат етілген 20 тоннаға жеткілікті мөлшерде қаражат төлейтін болса, онда артық салмақ артудан бас тартар едік» – дейді олар. Өйткені, артық салмақ – көлікке зиян. Құзырлы органдар бұл мәселені де назарда ұстаса, – дейді Асхат Шахаев.

 Осы ретте, бұл мәселе, тек, «ҚарағандыАягөз-Бұғаз» жолына ғана қатысты еместігін де айта кеткен жөн. Аймағымызда қанша кен орындары бар, олардан күн сайын мыңдаған тонна жүк жөнелтіліп жатады. Демек, бұл мәселені түбегейлі шешпейінше, «Жол сапасы жақсарады» дегенге сену қиын. Қазынадан қыруар қаржы бөлінер, соңғы технологиямен керемет сапалы жол салынар. Бірақ, бәрі бекер. Жосыған жүк көліктері бір жылдан соң талқанын шығарады…

P.S. «Қарағанды-Аякөз-Бұғаз» жолы туралы әңгіме мұнымен аяқталған жоқ. Бұл мақалада Матақ ауылынан бастап Бүркіттіге дейінгі аралық қамтылды. Енді 13 жыл бойы Бақты, Томар, Татан ауылдары тұрғындарының бас ауруына айналған республикалық жолдың 265-325 шақырымы бар. Ол аралықтың да түйткілді тұсы көп. Оған газеттің алдағы санында толығырақ тоқталамыз.

Нұрлыхан Қалқаманұлы