Руханият

Таспада – ұлттың азалы тағдыры

«Ұлы Дала Зары». Ашаршылықтың ащы бейнесі, елдің мұңы мен азалы үні айқын сомдалған қазақ тарихындағы алғашқы кино. Ауыр картина. Жан түршігеді. Осы уақытқа дейін ашаршылықтың ақтаңдағы жайлы құлақпен тыңдағанның өзінде, аза бойымыз қаза болатын еді ғой. Ал, қанды қырғынды өз көзіңізбен көру тіпті, қиын. Бір ғана эпизодын мысалға алайын. Бүркітші күйеуі мен үлкен ұлы қызылдардың қамауында жатқанда, әйелі қалған екі баланы аштан өлтірмеу үшін азық іздеп жолға шығады. Жолай аш қасқырлардың қоршауына тап болған анасы «балам, бізді осында күт, алып кетеміз» деп қызын соңғы рет құшағына қатты қысып, тастап кетеді. Мұнысы – ұрпақ жалғар ұлының амандығын ойлағаны…

Бірден айтайық, фильм голливудтық «Оскардың» лонг-листіне енді. Картина «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша бақ сынайды.

Бір қызығы, қазақ қасіреті суреттелген кино қарызға түсіріліпті. Оның мәнісін фильм продюсері Ернар Мәліков былай деп баяндайды:

– Фильм бес жыл бойы түсірілді. Оның себебі – қаржыландырудың жоғынан. Бізге түсірілімге және постпродакшнге ақша жетпеді. Қолдауды ұзақ күттік, тіпті, уәде бергендер болды. Бірақ, соңында бір тиын да алмадық, сондықтан жобаға барымды салуға тура келді. Осы уақыт аралығында мен барлық мүлкімді саттым, қарыз алдым, пәтерімді кепілге бердім. Алайда, осындай фильм түсіруге деген тілегім мен құлшынысым маған жарты жолда тоқтап қалмауға көмектесті. Бұл – біздің қатыгез заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың алдындағы азаматтық парызымыз.

Жоқтан бар жасап, ата-баба алдындағы парызды бәрінен биік қойып, көрерменге үлкен дүние ұсынған шығармашылық топқа шынымен разы болдық. Фильмге ойысайық. Сюжетін толық баяндаудың қажеті жоқ. Тек, көрермен ретінде селт еткізген тұстарына ғана тоқтала кетуді жөн көріп отырмын.

Аштық. Мүрдеге толы мүлгіген ауыл. Бүркітші мен баласы түндігі түрусіз қалған үйлердің біріне кіреді. Ит-құс жәукемдеп тастаған әйел мен ердің құр сүлдесі жатыр. Шымылдықтың артынан бір жанар жылт ете қалады. Сөйтсе, аштықтың кесірінен ақылынан алжасқан қыз әке-шешесінің денесін азық ете бастапты. Сол сәтте көзіне қан толған қыз баласына атыла бергенде бүркітші қағып жібереді. Дереу сыртқа шығады.

– Әке, оның көзін көрдіңіз бе, көзін?! Ол… жеген екен… Әке, мен сіздерді ешқашан жемеймін!

– Ол аштықтың көзі, балам!

Ашаршылық зұлматында тұтас ауылды асыраған бүркіт туралы аңыз бар еді ғой. «Ұлы дала зары» фильмінің негізгі сюжетіне сол аңыз арқау етіп алынған екен. Жаппай кәмпеске басталған кезде бүркітші үйін тау арасына жасырып, сонда тіршілік етеді. Аз уақыттан соң, ауылдасы кісі өлтірді деп жалған айып тағып, бүркітшіні қызылдарға ұстап береді.

Әңгімеміздің әлқиссасында ұлын аман алып қалған әйелді мысал еттік қой. Бұл эпизод та шынайы оқиғаға негізделген. Сюжет атақты абайтанушы Мекемтас Мырзахметтің өмірінен алынған дейді. Ол кісі өзінің сұхбатында «Менің шешем қасқырлардың қамауында қалған кезде қыз баласын тастап, мені аман алып қалғаны үшін мәңгі қарыздармын Ұрпағым жалғассын деген шығар. Өзімнің қарындасымның аруағының алдында, қазақ халқының алдында, анамның алдында мәңгі қарыздармын» деп бірнеше ғылыми еңбектер жазыпты. Продюсер осыны нысанаға алыпты.

Анасы мен ұлы аман-есен ауылына жеткенмен, талғажау етер түк те қалмаған еді. Күйеуін ұстатқан Мәден (Дулыға Ақмолда сомдаған) қасындағы шолақ белсендімен бірге қорғансыз әйелге күш көрсетпек болады. Аштан бұратылып жатқан балаға тамақ ұсынып, соның ақысына әйелдің арын таптағысы келеді. Түк нәр татпаған баланың тілі күрмеліп «Апа, нан» деп зар қағады. Анасы бұған көндікпей, арын жоғары санап, қанжарымен қорғанып, әлгілердің ізін тайдырады. Өкініштісі, баласының жанын сақтап қала алмайды…

Фильм соңына таяған тұста ұры сайды қан жуып кетеді. Қызылдар қос қапталға бекініп алып, шарасы таусылып, шекара аспақ болған жұртты зеңбіректің астына алады. Офицер бүркітшіге таңдау жасатады. Соңына ерген елді аман алып өту үшін әкесі ұлының кеудесін оққа тоспақ болады. Осы кезде ауылдастары бірінен кейін бірі баланы қақпайлап, кеуделерімен оққа қарсы тұрады. Жау алдында жан тапсырғандары – намысты байрақ еткендері. Міне, кинотаспадағы зардап шымбайыңызға батса да, кеудеңізді ұлы рух кернейді. Сөзсіз. Ар менен намысты биік қойған қазақ ұлтының азалы тағдыры таспада осылай қалды.

Продюсер ашаршылық нәубеті туралы кино түсіруді бұдан бес жыл бұрын жоспарлапты. «Көңілде алаң болды. Дегенмен, тәуекелге бел байлап, сценарийді 3 адам жазып шықтық. Соның бірі – осы фильмнің режиссері – Марина Кұнарова. Бірлесіп жүріп, қаншама шаң басқан деректерді ақтардық. Ресей, Украина, Франция, АҚШ секілді елдердің мұрағаттарында ашылмай, сақталып жатқан дерек-дәйектерді алдық. Мұның өзі оңайға соққан жоқ. Өйткені, қазақтың басынан өткен сол бір зұлмат жылдардың мейлінше ақиқатын ақтару керек болды» дейді фильм продюсері Ернар Мәліков.

Фильм туралы пікір екі тарапты. Бірінің көркемдік сюжетіне көңілі толмаса, енді бірі басқасын сөз етеді. Мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінбепті. Соған қарамай, продюсердің қарызданып-қауғаланып түсірген киносы мақсатына жеткен секілді.

Фильмнің афишасында «Өз тарихын білмеген халықтың – болашағы бұлыңғыр» деген қанатты сөз жазылған. Тарихтағы қазақ ұлтының азалы тағдыры, енді таспада да осылай бейнеленді.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button