Бас тақырып

Тарихи жеңіс

Қазақ футболының тарихында сенсациялық нәтиже тіркелді. «Астана-Аренада» өткен 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу матчында Қазақстан құрамасы Дания командасынан 2:0 есебімен ұтылып тұрып, ойынның соңғы минуттарында, 3:2 есебімен жеңіп, жанкүйерлердің төбесін көкке жеткізді. Екі құрама бұған дейін төрт мәрте кездесіп, барлығында даниялықтар жеңіске жеткен. Бұл ойыннан біз қазақтың ұлттық рухын, жұмылған жұдырықтай бекем бірлігін көрдік.

Тамаша ойын ұлттық командаға, жанкүйерлерге үміт-жігер сыйлады. Осылайша, топтағы екінші ойында 3 ұпайға қол жеткізді. Басынан бастайық…

Айтулы аяқдоп аламанында 30 мың адамға арналған «АстанаАрена» стадионы толы болды десек, артық емес. Халықтың осылай ағылып келуі футболшыларымызға рух беріп, қамшылай түскені анық.

Алғашқы тайм даниялықтардың үстемдігімен өтті. Олар ойынның үшінші минутынан-ақ, шабуылға көшті. 20 жастағы жас шабуылшы Расмус Хойлунд отандастарымыздың қақпасынан екі рет саңылау тапты. Жас та болса, іріктеу ойындарындағы екі ойында 5 гол соғып үлгеріпті. Қазақстан құрамасы да бірінші таймда есепті теңестіруге күш салды. Бірнеше рет Каспер Шмейхельдің қақпасын нысанаға алса да, допты тоғыта алмады. Үзіліске 2:0 есебіндегі жеңіліспен шықты.

Екінші бөлім тартысты басталды. Миымыздан «Ойын осы нәтижемен аяқтала ма?» деген үрейлі сұрақ кетпей қойды. Бірақ, бұл таймда отандастарымыздың белсенділігі байқалды. Қарсылас қақпасының маңында жиі бой көрсетіп, шабуылды үдете түсті. Ойынның 73-минутында Асхат Тағыберген бұрыштама добын қарсыластың айып алаңына асырғанда доп даниялық қорғаушының қолына тиіп кетті. Қақпаға белгіленген пенальтиден Бақтияр Зайнутдинов мүлт кеткен жоқ. Сөнуге айналған үміт оты қайта тұтанғандай болды.

Футболшыларымыз дүркін-дүркін алға ұмтылды. Тақым қысып, тілеуін тіледік. Ал, 86-минутта Асхат Тағыберген алыстан оң аяқпен шірене теуіп, қарсылас қақпасының оң жақ бұрышының тоғыздығын дәл нысанаға алды. Жанкүйерлердің қолдауы үдей түсті. Сан ғасырлардан бері қазақты талай зобалаңнан аман сақтап келе жатқан ұлттық рух қайта тірілгендей күй кештік. Асхат осы кезге дейін ұлттық құрамада 43 ойын өткізсе, бұл – алғашқы голы. Бұл ең әдемі голдар қатарына қосылары анық.

Ойын аяқталуға жақындап келеді. Тең есепті қанағат тұтпаған аяқдопшыларымыз жігерін жанып, тағы шабуылға ұмтылды. Ойынның 89-минутында әуелете көтерілген допты қарсыластың айып алаңына уақыты жеткен Абат Айымбетов баспен соғып, қақпаға топ еткізді. Тағы да оң жақ бұрыштың жоғарғы тоғыздығынан саңылау табылды. Осылайша, отандастарымыз бар-жоғы 15 минуттың ішінде 3 гол соғып, тарихи камбэк жасады. Есепті 3:2 жеткізіп, ұлттың абыройын асқақтатып, мерейін тасытты. Жанкүйерлерді ұмытылмас қуанышқа бөледі. Алаң іші апыр-топыр. Жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ.

Коментаторлардың елден сүйінші сұрап айқайлағанын және Абатты құттықтаған командаластарының қуанышын көргенде, көзімізден еріксіз жас ыршып кетті. Иә, бұл – көптен күткен тарихи жеңіс. Коментаторлар да бұл сәтті ұзақ күтті. Жеңіс голын соққан Абаттың намысқойлығына риза болдық. Осы намысты көре алмай жүр едік, көптен бері.

Ойыннан соң Дания ұлттық құрамасының бас бапкері Каспер Юльманн һәм қорғаушысы Йоаким Меле жеңіліске ұшырағанына қатысты пікірін де білдіріпті.

«Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтаймын! Әрине, нәтижеге көңіліміз толмайды. Ойынның басым бөлігінде жақсы ойнадық. Ал, соңғы 15 минут біз үшін өте қолайсыз болды. Бұл тактикаға емес, көңіл күйге байланысты. Бұл көрсеткіш соңғы рет қайталанып отыр деп ойлаймын», – деп атап өтті бапкер.

Ал, Йоаким Меле бірінші таймда жақсы ойын көрсетіп, екі гол соққанын айтқан.

«Салмақты ойын болғандықтан, үзілісте жеңіс туралы пікірлестік. Көрермендер тамаша көңіл күй сыйлады. Соңғы 15 минутта қатарынан үш доп өткізіп, есе жіберу – өте қиын жағдай. Бұдан сабақ алып, алдағы уақытта бұған жол бермеуіміз керек», – деді қорғаушы.

Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиевтің ұстанған тактикасының дұрыс болғанын айта кеткен жөн. Бірінші таймдағы жіберген қателікті дер кезінде түзеп, екінші таймда Бақтияр Зайнутдинов пен Абат Айымбетовті алаңға шығарып, өте дұрыс шешім қабылдады. Жігіттер де бұл сенімнің үдесінен шығып, қысқа уақыт ішінде жұдырықтай жұмыла жүріп, жеңісті жұлып алды. «Осылай да ойнауға болады екен ғой» деп таң қалып жатты, әлеуметтік желіде жұрт. Енді бірі, даниялықтардың 2 гол соққан соң босаңсығанын отандастарымыз ұтымды пайдаланғанын да атап өтті.

Іріктеу кезеңінің бірінші ойынында Қазақстан құрамасы Словенияға 1:2 есебімен жол берген. Келесі ойынын маусым айында сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізетінін атап өткен жөн. Енді Қазақстан алдағы ойынын 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді. Сонымен қатар, Н тобында, Дания, Словения, Финляндия және Солтүстік Ирландия командалары бар.

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button