Бас тақырып

Тапшылыққа жол бермес үшін…

Қазақстанда бензин қымбаттады. Тиісінше, ел ішінде түрлі мазмұндағы әңгіме тарады. Қоғамдық резонанс тудырған мәселеге қатысты Премьер-Министр Әлихан Смайылов пікір білдірді. «Бұл оңай шешім емес, бірақ, оны қабылдауға мәжбүрміз. Егер, қазір мұндай шешімді қабылдамасақ, онда жақын арада жанармай тапшылығына тап боламыз», – деді Үкімет басшысы. Бүгінде еліміздің барлық аймағында жанармай құны екі-үш теңгеге көтерілгені белгілі.

Жанармай тапшылығын жоюдың бір амалы – өндірісті ұлғайту. Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыс тиісті деңгейде жүзеге асырылып келеді. Әлихан Асханұлының мәліметінше, отандық зауыттар толық қуатпен жұмыс істеуде. Нәтижесінде, былтыр рекорд жасалды. Өндірілген дизель отыны 5,2 миллион тоннаны құрады. Яғни, соңғы бес жылда бензин өндірісі – 70 пайызға, дизель өндірісі 33 пайызға ұлғайды. Алайда, бұл қарқынның жанармай тапшылығын жоюға пайдасы тимей тұр.

Үкіметтің бағаны көтеруге мәжбүрліктен барғанын айтқан Премьер-Министр себебін де түсіндірді. Айтуынша, көршілес елдермен салыстырғанда Қазақстанда дизель мен бензин тұтыну деңгейі жоғары. Ал, бағасы арзан. Мәселен, бір жылда ресейлік бір азамат 225 литр дизельді кәдеге жаратады. Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр. Ал, Қазақстанда жан басына шаққанда 370 литрден келеді. Оның үстіне жыл санап тұтыну деңгейі өсуде.

Тұтыну деңгейінің жоғары болуының бір себебі – жанармай шекаралас елдерге жеке автомобиль мен транзиттік көліктер арқылы шығып кетіп отыр. Себеп – Қазақстанда бензин мен дизель арзан.

– Мысалы, Ресейде дизель отыны 45%-ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда екі есе қымбат. Нәтижесінде, арзан отын әртүрлі жолдармен көрші елдерге әкетіліп жатыр, – деді Үкімет басшысы. Арнайы көліктерді былай қойғанда, бензинді багына немесе жүксалғыштағы канистр-бөшкесіне лық толтыра шекара асатын пысықайлар көп.

Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұтыну көлемі 15 пайызға өскен. Премьердің пайымынша, бағаны көтермесе, биыл 850 мың тонна тапшылық туады.

– Біздің арзан отын өзіміздің ұлттық мүддемізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр. Сондықтан, жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын төмендету керек. Бұл елден мұнай өнімдерінің жаппай шығарылуын азайтуға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бізде бұдан басқа жол жоқ, – деді ол.

Дегенмен, бұл мәжбүрлі қадамның ауыл шаруашылығы мақсатындағы дизельге қатысы жоқ. Бір литр бағасы бұрынырақ бекітілген 204 теңге сомасында қала бермек.

Бүгінде тауар өндірушілерге арналған арзандатылған дизель толық бөлінді. Ел өңірлеріне 413 мың тонна жөнелтіледі. Өткен жылмен салыстырғанда 13 мың тоннаға артық. Енді, Үкімет сол дизельді шашыптөкпей шаруаның қолына тапсыру бойынша бақылауды күшейтеді. Премьер-Министр айтып өткендей, арзандатылған дизель отыны қажетті көлемде бөлінгенімен, кейбір операторлар өз міндеттемелерін толық орындамай отыр. Сәйкесінше, Үкімет тарапынан мониторинг күшейтіліп, әр дерек тексеріліп, жауапсыз операторлар жауапқа тартылады. Кейін ол операторлармен келісімшарт түзілмейді.

Сонымен қатар, Үкімет ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз ету және заңсыз сыртқа шығару жолдарын жою үшін басқа да іс-шараларды қолға алмақ.

Әлихан Смайылов жаңадан тағайындалған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке мәселеге қатысты тапсырма берді. Министрліктің басты міндеттері қатарында ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыздандыру екенін айтып, осы орайда бензин мен дизель өндірісін, айналымын қатаң бақылауда ұстау туралы атап өтті.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button