Жаңалықтар

Танкіші қыздардың тегеуріні

Сұрапыл соғыс басталғанда отандастарымыз қаруын асынып, қан майданға аттанды. Оның ішінде Қарағанды топырағынан шыққан жауынгерлердің ерлігі бір төбе. Ерлермен иық тіресе жүріп, ерлік көрсеткен қарағандылық танкіші қыздар жайлы естіген боларсыз?! Жамал БАЙТАСОВА, Күлкен ТОҚБЕРГЕНОВА, Күлжамила ТАЛҚАНБАЕВА мен Жәмила БЕЙСЕНБАЕВАНЫҢ ерлігі әлі күнге ел есінде. Алайда, бұл туралы көп айтыла бермейді. Мәлімет те көп емес. Дерекке сүйенсек, бұл ержүрек арулар хабарсыз кеткен көрінеді. Десек те, майдангер журналист Топатай ЖҮНІСОВТІҢ қан майданнан жазған шағын жазбасы көңілге медеу.

 

Жуырда ғаламторды ақтарып отырып, танкіші қыздар жөнінде бейнежазбаны көзім шалды. Онда да көп дүние айтылмаған. Көбісі белгілі мәліметтер. Қолыма қалам алғызған да осы жайт.

Қасиетті қарашаңырақ «Ortalyq Qazaqstan» газетінің жеке мұрағатында бір апта уақыт отырдым. Дегенмен, кішігірім ақпараттан басқа түк таба алмадым. Ендеше, сөзімізге тұздық болу үшін ел аузында жүрген Топатай ағамыздың «Советтік Қарағанды» газетінің 1944 жылғы 22 тамыздағы санында жарияланған «Танкіші қазақ қыздары» атты мақаласынан үзінді келтірейік.

– Танкіші қыздар шабуылға шығып, немістерді қаладан жөңкілте қуды. Литваның сәнді, сәулетті қалаларын жендеттер аяусыз талқандаған екен. Бір кезде Жамалдың танкі жаудың күтпеген жерінен шығып, немістерді баса жаншып, олардың оқ ататын ұяларының үнін өшірді. Орта бойлы күлім көз Күлкен Тоқбергенова жаудың тылына кіріп, танктерге жол ашатын, жаудан «тіл» әкелетін барлаушы болды. Барлау жұмыстарында командирлердің тапсырмаларын батылдықтан орындағаны үшін үш рет наградталған болатын, – делінген. Ал, Топатай ағамыздың Күлкен Тоқбергеновамен соғыс алаңында бір сәт тілдескені кімді болсын қызықтырары ақиқат. Сонда, Күлкен майдангер қаламгерге: «Танкке мініп, жауға шабуыл жасадық, немістер күтпеген жерден берілген қатты соққыға табан тіреп қарсылық көрсетуге шамасы келген жоқ. Зеңбіректерін тастап қаша жөнелді. Бұл күнгі ұрыста немістердің ондаған солдаттары мен офицерлері жайрап қалды. Көп олжалар қолға түсті. Бұйрық абыроймен орындалып, танк бөлімінің алға басуына жол ашылды – деген екен.

Осы қысқаша мәліметтің өзі танкіші сұлулардың қайтпас қайсарлығы қазақтың асқақ рухты арулары болғандығынан хабар береді.

Былтыр Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында «Соғыс жылдарындағы Орталық Қазақстан» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өткен еді. Сонда тарих ғылымдарының докторы, профессор Зәуреш Сақтағанова «Соғыста Орталық Қазақстаннан майданға сұранған қыздар да көп болған. Әлжаппар Әбішевтің шығармашылығында майданда қарағандылық танкіші қыздар бригадасының болғандығы айтылған. Бұл соғыс тақырыбының әлі зерттелмей жатқан тұстары бар екендігін көрсетеді», – деген еді.

Кейінірек Айтбала Сүлейменқызының «Жас Алаш» газетінде «Фашисті қынадай қырған танкіші қыздар» атты материалынан Зәуреш Ғалымжанқызының «Бір білетінім, Ресейде танкішілер дайындайтын 11 арнайы оқу орны болған. Біздің қыздар соның бірінде білім алуы бек мүмкін» – деген пікірін кездестірдік.

Өкінішке орай, ержүрек танкіші арулар жайлы әлі күнге дейін танымды ақпарат жоқ. Арулардың майданнан келуі, оған дейін оқыған мамандығы, шайқас кезіндегі қиын сәттері жайлы ешбір дерек жоқ. Автор тек көргенін, қарындастары жайлы қарулас жауынгерлерінен білетінін қысқаша жазып алған көрінеді.

Алдағы уақтытта бұл тақырып терең зерттеліп, жерлес батыр әпкелеріміз жайлы тың деректермен қауышудан үміттіміз. Аймақтық телеарналар ел намысын қан майданда қорғаған танкіші қыздар жайлы деректі фильмдер түсіріп, олардың қайсар бейнелерін жас ұрпақ жадында жаңғырта түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button