Жаңалықтар

Табыс табудың таптырмас мүмкіндігі

Қазіргі таңда адамдар әлеуметтік желіні көп қолданады. Бірі бос уақыт өткізсе, енді бірі табыс табу көзіне айналдырған. Әлеуметтік желі арқылы табыс табу қазіргі заманның ең бір оңтайлы тұсы деп айтсам да болады. Ал, сіз интернет арқылы табыс табудың жолдарын білесіз бе? 

Сурет elenatir.ru

Әлеуметтік желі арқылы табыс табу 2020 жылдан бастау алды десек болады. Себебі, сол жылдары карантин уақытында көптеген адамдар жұмыссыз қалды. Сол кезеңде, блогерлер, коуч, психологтар онлайн жұмыс істеуді бастады. Әлеуметтік желі арқылы жұмыс маман үшін де, тұтынушы үшін де өте тиімді. Белгілі бір жерге бару талап етілмейді. Үй жағдайында отырып, өз жұмысын жасап отыра алады. Интернет арқылы жұмыс жасаудың көптеген пунктері бар. Мысалға алар болсақ, блогерлер. Блогер жарнама жасау арқылы табыс табады. Жаңа бастау алған киім дүкендерін, ойын-сауық орталықтарын, онлайн түрде жарнамалап береді. Сол арқылы нәпақа табады.

Ғаламторда бос отырмай, пайдасыз дүниелерді қарағанша, онлайн режимде өз кәсібін ашқан дұрыс. Instagram желісі арқылы өз кәсібін жүргізуге болады. Онлайн дүкен ашуға, тәтті пісіріп сатуға, яғни, онлайн-саудамен айналысуға болады.

– Мен интернет арқылы жұмыс істеймін. Торт пісіріп, табыс табамын. Онлайн жұмыс істеу мен үшін өте тиімді. Үйде отырып, уақытымды үнемдеймін. Әрине, басында әлеуметтік желі арқылы табыс табу оңайға соқпады. Көптеген қорқыныштар болды. Аудитория жинау – ең қиыны. Бірақ, уақыт өте, бәрі өз орнына келді. Бұл менің хоббиім еді. Нар тәуекел деп, өз кәсібімді бастап көргім келді. Өзімнің қызығушылығым арқылы онлайн жұмыс жасауға тез үйреніп кеттім. Интернет арқылы табыс табу уақыт үнемдеуге таптырмас мүмкіндік, әрі табыс тез түседі, – деді Томирис Егембердиева.

Мамандардың айтуынша, желідегі оқырмандар саны көбейген сайын, жарнамаға төленетін ақша құны да артады. Мәселен, еліміздегі ең рейтингі жоғары жұлдыздардың алдыңғы қатарында тұрған әнші Ерке Есмахан парақшасындағы бір посттан 3 миллионға дейін табыс табатынын айтқан сұхбатында. Ал, продюсер Баян Мақсатқызының парақшасына жарнама беру үшін кемі 300 мың теңге қажет дейді мамандар.

– Мен – психологпын. Яғни, онлайн түрде адамдармен кеңесемін. Instagram әлеуметтік желісі арқылы, тікелей эфирлерге кіріп, адамдардың сұрақтарына жауап беремін. Жалпы, табысты курс сату арқылы табамын. Яғни, адамдармен жеке платформаларда отырып, онлайн бейнежазбалар арқылы сөйлесемін. Сол арқылы өз табысымды табу үстіндемін. Бұл жұмыстың тиімді жақтары өте көп. Қатарынан екі жұмысты ұстап жүре аласың. Мысалы, бірі – осы онлайн табыс, енді бірі – өз жұмысым, – деді Света Сердалиева.

Әлеуметтік желі арқылы табыс табу – адам баласының уақытын үнемді пайдалануға таптырмас мүмкіндік. ХХІ ғасырды «ақпарат ғасыры» деп тектен-текке айтып жүрген жоқ. Ақпаратты иеленген адам қазір бәрін де иелене алады. Тіпті, ғаламтор – қазіргі таңда адамдардың жеке брендін алға қарай дамытуға ықпал беретін негізгі пиар көзі. Көптеген маман иесі онлайн жұмыс жасауға оң кенесін береді. Себебі, онлайн жұмыс арқылы аудитория кеңейіп, табыс көзі өседі. Интернет арқылы табыс табу үшін заман талабына сай жаңа жұмыстар пайда болды. Ол – коуч, таргет ісі, жарнама істері.

– Интернет желісі арқылы таргет маманы ретінде қызметтер ұсынамын. Таргет дегеніміз – белгілі бір үйірмелерді, оқу жүйелерін онлайн түрінде жарнамалау. Үйде отырып, уақытымды тиімді қолданып, жұмысымды істеймін. Тек жарнамаламай, таргет курсын жүргіземін. Яғни, адамдарға таргет арқылы жұмыс істеуге көмектесемін. Солай табыс табамын. Жалпы интернет арқылы табыс табу адам баласы үшін ең тиімді жұмыс деп санаймын, – деді таргет маманы ­Нұрсұлу Асхатқызы.

Диана ТІЛЕМІС,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің II курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button