Тағдырың өз қолыңда

     Өмірде ойға келмейтін оқиғалардың болатыны бар… жоқ, мүмкін емес, мен бе, менің басымнан өтуі мүмкін емес деп, ат-тонымызды ала қашқанымызбен де, «Адамның басы – алланың добы» демекші, төбеңнен жай түсіргендей болатын оқиғалар Алланың әмірімен болатыны анық. Бұл – өмірдің бір белесі. Осындай кезде өз-өзімізге қарапайым сұрақ қоятынымыз бар… Жауабы – түсінікті, бірақ, жауап беру мүмкін емес! Мысалы, өмірім қалай өтіп жатыр? Иә, қалай өтіп жатыр, немесе өтіп кетті ме? Таусылмас сұрақ, жауабы жоқ сұрақ… Сірә, сұраққа жауап таппаған күні өмірдің соңы шығар. Ал әзірше…

… кеудесінде екі жүрек соғып тұрғандай сезілген. Мүлдем түсіне алар емес. Өзіне де қызық көрінген.

Бірақ, бәрі осы сәттен басталды. Бойында болып жатқан өзгерісті түсінбей біраз жүрді. Жанын қоярға жер таба алмады. Осылай не сау емес, не ауырған күйде біраз уақыт өткізіп, дәрігерге барғаны… Бойына бала біткенін сол кезде білді.

Ал, енді не істемек? Санын сапалақтап жан-жаққа жүгіргенімен, ештеме өндіре алмады. Оның үстіне жай жүргенде атын ауызға алуға қорқатын түсік тастатуға да уақыт өтіп кеткен екен. Не болса да, бар қайратын жиып барған, дәрігер өзінің жер жебіріне жетіп қоя берді… Не өзінде, не істеген ісінде береке жоқ, ақыл алтау, ой жетеу, уақыт та сырғып өте берді.

Қалай өзі, ішіндегі шаранаға үйренісіп қалғандай ма? Алдағы өміріне сенімін жоғалтып, көз жасын көлдей етіп жылайтын түндерде ішіндегі баласымен сырласатын. Сонда айтатыны – «өмірге келмеші» болды… өзінен бар дүние сырт айналғанда бар жұбанышты ішіндегі шаранадан тапты. Не деген қатыгездік, өзін жұбатқан баласына өтініші оның өмірге келмеуі болды. «Сен әлі жарық дүниені көрген жоқсың ғой, адамдардың қаншалықты қатыгез екенінен бейхабарсың, өзіңді жаратқан анаңды қинамашы, сен өмірге келсең, менің өмірімнің құрдымға кеткені ғой. Өтінемін, келе көрмеші өмірге, өтінемін…» Түн ұясына батқаннан таң бозына дейін осылай сөйлесіп шығатын. Бір қызығы күні бойғы елдің сұқ көзінен жасырынуға тырысқан беймаза күйі сәбиімен сөйлескенде бір тыныштық күйге түсетін. Өмірге келгенін қаламаса да, жүрегі езіліп қоя беретін.

Қолдан келер қайран жоқ, осы күйіне де төзіп, бәрін көрмекке бел буды. Бірақ, еш жақсылық күтпегені анық. Бір белгісіздікпен күй кеше берді…

Түн ортасында шырт ұйқыда жатқан жерінен біреу түртіп оятқандай болды… Сол кезде не болғанын өзі де әлі түсіне алар емес. Төсегінің жанына кішкентай ұл баланың келіп тұрғанын көрді. Жоқ, есінен адасқан жоқ. Терезеден түскен шамның жарығы, бөлмеде бірге жатқандардың дем алған тынысын да естіді. Бірақ, аяқ жағында тұрған бала анық. Екі ме, әлде, үш жасар ма екен, ұл бала. Қорыққанынан қозғала алар емес, дауысы да шықпады. Көз алмастан қарап тұрған бала біраздан кейін бөлмеден шығып кетті… Бұл не сонда, түсіне алар емес? Екі-үш күн қатарынан келгеннен кейін көрінбей кеткені. Баласының ұл екенін ішкі түйсігі сезді…

Ал, қазір… Бақыт адамға оңай келмейді екен. Қарапайым сұрақтың жауабын енді тапты. «Өмірің қалай өтіп жатыр» десе, әр күнім бақытқа толы» дейтіні анық. Себебі – кезінде өзі ат-тонын ала қашқан сәбиі өмірінің сәнін кіргізіп, мына өмірге жайдан-жай келмегінін ұғындырды. Сан сұраққа берер жауабы да сан түрлі. Қиындық не, бәрін де жеңе білуге болады, ең бастысы – жігер. Бұл бір ғана оқиға… Дұрыс аяқталған оқиға. Тек, «әттеген-а» дейтін бір жері бар. Өзінің баласымен бірге перзентханада өмірге келген қыз баласынан бас тартқан жас ананы көргені бар. Жылауға да шамасы келмей, тас түйін бекінген оған ештеме айта алмағаны. Өз қолымен «баламнан бас тартамын» деп жазып берген, жазып бергенімен де іштен шыққан шаранасын қимай, көзінен жасы шықпаса да, өз жанын мәңгілікке жерлеп, осыдан кейінгі өмірі тозаққа айналатынын түсінген, тірі өлікке айналған анадан сұрағаны «балаңды неге тастап барасың?» ғана болды… Бар алған жауабы — «әкем өлтіреді ғой». Айта алмады, бірақ іштей тастамашы балаңды деп жалынды. Артына қарайлап ол кетті, шырылдап бала қала берді… «Неге көндіре алмадым?» деп өкінеді әлі күнге дейін.

…Өзі ше, аяғын шалыс басқаны анық! Қателігі үшін опық та жеді. Алдағы өмірінің де қиындықсыз болмайтыны анық. Бірақ, бір қателікті екінші қателікпен жауып, өмірін тозаққа айналдырған жоқ. Шынымен, бақытты!

Қазір баласын қоқыс жәшіктеріне тастап, болмаса қатыгездікпен қанын судай шашып жүрген аналардың көңіліне ой салар деген ниетпен бір адамның басында болған осы оқиғаны жарияладық. Кім білген, мүмкін, қарлығаштың қанатымен су сепкендей, бүгін болмаса ертең, біреулер ойланар. Ұлтымызға жат «бебибокс» дегенді шығарғаны несі деп те кінә арттық… О, тоба! Даладан өлі баланың денесін жинағанша, бұл да бір тығырықтан шығар жол. Қалай болғанда да судың да сұрауы болатынын ұмытпағанымыз дұрыс!

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.