Баған

Тағдырыңды санға байлама!

Арғы бір алтын дәуірде алтын мүйізді ат мініп, алтын таққа отырып, алтын сауыт киініп, сақ жатқан сансыз ел үшін алтын қанат қырандай «қассақтың» қалың қосыны дұшпанына түйілді. Одан әрі барсаңыз арғымақ болып қанаты, балшыққа жеңін былғамай, қолдан Құдай жасамай, Тәңірісіне тәу етіп, көкбөрідей бүлкілдеп, Көк аспанға үңілді. Ал, қазіргі қазақ неге сенеді?

Суретте автордың өзі

Адам баласы – Құдайдың құдіретіне сенсе де, құбылып (эволюциялық) даму іліміне сүйенсе де, Жер ғаламшарының жұмақтай жылы төрінде дүниеге келгені анық. Жаңа дүниеге құмарта қараған ол тұмса табиғаттың түкпір-түкпіріне аттанды. Әуеліде «әу» деп аузын ашпай томсарды. Бейтаныс әлемнен үріксе керек. Бірақ, қорқынышын құмарлыққа жеңгізіп, сүріне жүріп ақыл-парасатқа иелік етті. Осы мезетте өзін жаһандағы тіршіліктің падишасындай сезінді. Содан соң, сол падишаларға патша болған кемеңгерлер шықты. Сөйтіп, қаншама қауымдастық құндылық қасиеттерімен дараланып, қоғам қалыптастырды. Олар табиғаттың таныс келбетін өзгертіп, өркениет ошақтарын қалыптастыруға кірісті. Тіл менен түрге (нәсілге), діл менен дінге жіктелген адамзат баласы ұлттар мен ұлыстарға бірікті. Алайда, арасы алыстап, тұңғиыққа айналды. Себебі, бірінің тілін бірі ұқпады. Әрқайсы өз ғылымын жасап, өз Құдайын танып, өз әлемін қалыптастырып, сан тарау бағытқа жөңкілді. Жаратылыстың бұл құбылысы табиғи және шынайы еді. Сондықтан, таңдалған бағыттың барлығы да дұрыс болатын. Оған уақыт куә. Бәсеке күшейді. Озықтары ілгері кетіп империялар құрды. Тозықтары кейіндеп қала берді. Күштісі әлсізін жалмады. Өйткені, бетперде астындағы адамның нағыз болмысы – сондай.

Қазір, тың технологиялар қарыштай дамып, адамзат ғарышты игерген заманда жаһанның тізгіні – Батыс елдерінің уысында. Ал, олардың мызғымас темірқазығы – еуроцентристік құндылықтар. Мәселен, Жер шарын әр уақыттың бойлығымен ажыратып, бір күнтізбенің уысына біріктірген тиімді жүйе – соның туындысы. Алайда, сол еуропалық күнтізбенің атаулы күндеріне тағдырын байлап, сарсаңға түскен саяқтай сандалу қаншалықты жөн болмақ?

Кеше ғана, яғни, 20.02.2020 – төрт екілік түріндегі мыңдаған жылда бір келетін атаулы күн өтіпті. Осы «ғажайып» күні Қазақстанда 834 неке қиылыпты. Бұл еліміздегі рекордтық көрсеткіш көрінеді. Қаншама ана, тіпті, қарнын кесірлі «кесермен» жарғызып, баласын «бақытты туған күн» иесі етіпті.

Мұның соңы – санасын санға байлап, құлқыны құмарға бәс тіктіретін ұрпақ тәрбиелеу.

Сонда не, өркениет тарихы мыңдаған жылдардан бастау алатын қытай империясы мен көшпенділер, үнділіктер мен америка үндістері, көне шумерліктер мен семит халықтары Григориан күнтізбесі енгенге дейін ғалам кеңістігінде зырғып аққан уақытты бағамдай алмаған бейшара болғаны ма?! Сандыраққа сеніп, нумерологқа еріп, астрологтың айтқанына көніп жүрген, қайран қазағым-ай!

Бағзы заманда білімі асқан бабалар Арқайымды соғыпты. Фараби шыққан Отырар ғылымға түрлі толыпты. Тазасын діннің таратып, Түркістанда Яссауи шамшырақтай болыпты. Біздің жан дүниеміз бабалардың Рух әлемінен ажырамау үшін жалпақ жұрт осы сынды әпсанамен қуаттануы керек. Сонда Алланың әр күні бақыт әкелері һақ.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ,
«Ortalyq Qazaqstan»
газетінің тілшісі

Басқа материалдар

Back to top button