Тәуелсіздікпен бірге түлеген өңір

    Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Сарышаған кентінде қос қабатты темiржол вокзалының жаңа ғимараты есiгiн айқара ашты.

   Рәсімде сөз алған аудан әкімі Салтанат Әбеуова:

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың өзінде Сарышаған кентінде дәрігерлік амбулатория ашылып, мәдениет ошақтарына жөндеу жұмыстары жүргізілді, –деді.

Облыстық мәслихаттың депутаты А.Түкбаева, кенттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мағзұмов ақсақал кент тұрғындарын құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Аудан басшысы С.Әбеуова, «Қазақстан Теміржолы» АҚ Жамбыл филиалы жүк тасымалдау бөлімшесінің бас инженері А.Тайлақбаев және Сарышаған кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мағзұмов жаңа ғимараттың лентасын қиып, ақ жаулықты аналар шашуларын шашты.

Заман талабына сай сырт сәулеті мен ішкі жабдығы келіскен теміржол вокзалын көпшілік тамашалап, аралап көрді.

    – Елдің қуанышында шек жоқ. Жаңа нысанда жолаушыларға қажетті барлық жағдай жасалған. Ана мен балаға арналған демалыс бөлмесі, жолаушылар залы, асханасы және жолаушыларға арналған компьютерлік зал қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, пойыздардың келіп-кететін уақытын көрсетіп тұратын заманауи үлгідегі электронды кесте орнатылған. Нысан бір мезетте 1500 жолаушыға қызмет көрсете алады, – деді станция бастығы М.Қонысбаев.

   Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында заманауи теміржол вокзалының ашылуы сарышағандықтарға жасалып отырған мерекелік тарту болды.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.