Байқау

Тәуелсіздік тағдырын бейнелеген

Графикалық өнер байқауының қорытындысы шығарылды. Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Приозерск және Қаражал қалаларының жас суретшілері атсалысқан байқауда Шахтинск қаласының суретшісі Ерсін ТЕМІРҒАЛИЕВ Бас жүлдені жеңіп алды.

Сегіз суретші қазылар шешімімен іріктеуден өтті. Бұл сегіз қатысушының суреттері көрнекті жерлерде салынды. 12-14 қыркүйекте қазылар алқасы дайын жұмыстарды Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай қалаларына барып, арнайы бағалады. Жезқазған, Балқаш және Сәтбаев қалаларының суретшілерінің жұмыстары онлайн режимде қаралды. Төрт жеңімпаз анықталды. I орын Абай қаласының суретшісі Рашид Кидрасовқа бұйырды. II орында – қарағандылық Герасим Иванов және III орында – жезқазғандық Зекен Мұхамедин. Суретші және Бас жүлде иегері Ерсін Темірғалиевтің айтуынша, қатысқан үшінші байқауы екен. Алдыңғы екеуі Қарағанды қаласының 80 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығына арналған. Оның Абай бейнеленген туындысын Алматыдағы бес қабатты үйдің қабырғасынан көруге болады.

– Соңғы үш жылда осы өнерді қолға алдым. Еңбегімнің өзіме ұнайтыны жұмысымның ішінде бостандық пен батылдықтың символы – бүркіт бейнесі. Бүркіт үстінде жарқыраған күн. Күн – киіз үйдің шаңырағына ұқсайды. Осылайша екі мағынаны біріктірдім. Аспан мәңгі ашық болсын деген ниетпен салдым күнді. Киіз үй бір шаңырақ астындағы тату-тәтті өмірді бейнелейді. Сондай-ақ, батырлар мен жылқыны да қостым. Себебі, жылқы намыс пен ардың ақтығын һәм өрлікті танытар бейне. Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ерен еңбегі. Әр туындымда қазақылықты дәріптемек үшін оюға жүгіндім. Бейнелеген туындылар арқылы қазақтың өткені мен бүгінін баяндамақ болды ойымда. Бүгінгі күннің символы – Мәңгілік Ел монументі мен Бейбітшілік пирамидасы. Оның үстіне граффитиде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған белгі де бар, – деді суретші. Бейнелерді толық салып болу үшін суретшілерге небары екі күн қажет болды. Ал, керекті бояулар мен қажетті материалдар ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылды. Байқау жеңімпаздар диплом һәм ақшалай сертификатпен марапатталды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button