Түсіме кіреді

    Мына Мағауия «қу тақтайды сөйлеткен» екен. «Вездувий», болып бүлкілдеп, «Камикадзе»ге бас иіп жүретін інім шегімен бірге іштегісін ақтарып, тиегіне тиісіп, күмбірлеп, уілдеп, дүбірлеп, бебеулеп, сылқылдап, саңқылдап, сыңсып, сыбырлап, сарнап, шырылдап, мамырлап, боздап, ұран тастап атойлап ал келіп тебіреніп, қолында ештеңе жоқ «құлақтарға» ең болмаса жанашыр бол деп құлақ қағыс етіп, қалталы болс ада санасына даланың сазы енбегендерге өкініп, толғаныпты.

    Шек «қойдың ащы шегінен» созылады дегеніне өкініп қалып едім, ертерек екен, көкірегіне күй қонған домбыра жасаушы Төлеубек «ешкінің шегі болғанда үні мұнан да тәуірлеу болар еді» деп көңілді орнына келтірді. Кешегі, сонау алыста біз көрген кариялар «онда да мынадай ешкінің» деп нақтылаушы еді. Ол, енді маған да ұмыт.

    Қабілетті қаламгердің қаламына ілігіп, өзін де, домбырасын да жеріне жеткізе суреттеген Ақтоғайдың Аманында да арман жоқ. «Ақтоғайдың аршасы мен қарағайы… Арқаның желімен тербеліп, бірі сыбдырлап, бірі уілдеп… Аман бар ынтасымен домбыра жасауға бет бұрған». Үкілі домбыра сайысында ол жасаған домбыралар үш рет жүлделі орын алады. Атақты Нұрғиса Тілендіұлы аршадан жасалған Аманның домбырасына разы болып, қабыл алады. Көкірегіне күй өрілген шебердің бұл асыл мұраты, көтерілген асқар шыңы емес пе.

   Бір әттеңі, бүкіл шәкірттерін белсенділер оққа байлаған теңдесі жоқ күйші Қыздарбек те неше алуан ағаштан домбыра жасатып, бәріне көңілі толмай, ақыры аршадан жасатқанын сан жазған едік. Мағауия осыны еске алмай кетіпті. Негізі, совет заманында есімін ататпаған Қыздарбек күйші туралы қаламгерлердің еске алып жазуы күні бүгінге дейін аса сирек.

   Ардаби Мәулетұлының домбыралар туралы «Қазақ әдебиеті» газетіне жазған сүбелі мақаласын мен де оқып, риза болдым. Қазақтың домбырасында Европаның шектеулі нотасына сай келмейтін, оны нотаға түсіру мүмкін емес ерекше дыбыстар бар. Оны шебер күйшілер перне мен перне арасынан ерекше сезініп, сауып алады. Менің үйімдегі Арқаның жеті түрлі домбырасының алтауының біреуі Сембек күйшінікі. Онда тоғыз-ақ перне болған. Осы тоғыз пернемен Жағыпар, Дәулетбек күйшілер бебеулетіп, сарнатып, мамырлай – боздатып күй тартқанда ғасырлардың ар жағындағы көне, біз естімеген үндер шығатын. Кәзір біз осыны жоғалттық. Жоғалтқанымыз қазақтың үні. Бұл ащы шындық.

   «Шәкіртсіз ұстаз тұл» депсің інім, інім. Іштегі тағы бір у-запыран да. Қазақтың көне үнін сақтайық деп Дәулетбек күйшіге шәкірт те бергізе алмадық. Зарлап жүргенде қолымыздың жеткені өқу бөлімі жарты жылға жарым ставка беріп, Дәукен он шақты балаға күй үйретті. Келер жылы мәдениет саласы жарым ставка беріп, тағы біраз бала тәлім алып қалғантын. Сонымен бәрі үзілген. Өз буына өзі пісіп жүрген оқу-бөлімі бастығы, тау қопарғандай болған әкімнің жеткені осы болды-ау.

   Осы, түбінде, домбыра бар-ау, домбырамен «әу» дейтін әнші, күй тыңдайтын құлақ қалмай ма деп қорқамыз. «Домбырамен ән салайық десек бастық рұқсат бермейді» деген әншіні естіп жүрміз. Осы күнгінің делқұлы әншісі сахнада қиқаңдап бітеді, бары сол, әуені ұлтымызға жат. Қазақты сақтаған қазақтың көне әндерімен сусаңдап өспеген ұрпақ не болады. Сен осыны айтшы маған.

    Қайран домбыра. Мағауия Хамзин домбырамен Огинскидің «Полонезін» орындап, әлемді таң қалдырған еді. Қасіретке толы «Полонезді» Мағаңның орындауында сан тыңдадық. Азаттықты аңсаған біздің көкірегіміз қарс айрылып, көзімізден жас саулайтын. Сол полонезді мына жұрт естіп көрді ме екен?

   Иә, қазаққа тән домбыра жасаушы шеберлердің есімі де бүгінде ұмыт. Бәрін ұмыттырды ғой сұрқия заманның әумесер белсенділері. Қолымдағы Сембектің домбырасын 1925 жылы Берлібай Әбдірахман дегеннің жасағаны ғана белгілі. Қыздарбек күйшінің домбырасын жасаушы Сағындық деген екен. Қуғын-сүргінде жүріп зерттеген уақытта ол кісінің кім екендігін зерделеп тастау да қолдан келмей қалды.

   Көне мұрадан тапқанымыздан жоғалтқанымыз көп. Атақты қобызшы Аман деген ақсақалдан көзіміз көріп өстік. Қобызды сарнатып — сарнатып келіп, Абылай хан туралы біз естімеген қысаны тебірене отырып айтушы еді. Өткен ғасырдың 70 жылдарына дейін өмір сүрді. Өткеннің жетпісінші жылдарының соңында сол кісінің қобызын іздедім. жалғыз қарындасы Умила дегенге барғанмын. «Неге беремін?» деп, қолыма да ұстатпады. Ол кісі дүниеден өткен. Тоқсаныншы жылдары да, онан кейінгі уақытта да сол қобызды қайта-қайта іздестірдім. Кешегі бар, бүгінде жоқ. Мұрасына не болар ешкімнің болмағанына ішің ашиды. Қайда кетті? Кім алды? Толған сұрақ. Үйімде ең болмаса сынып жатқан қара қобыз болар ма еді деймін, іштей.

   Сонау алыстағы жылдарда, жастық шақта, саяси лагерьде «жау» атанып жүргенімізде Иосиф Андрушкив деген украин жігітіне өзім сызып, өлшеп-пішіп беріп, домбыра жастаттырған едім. Иә, біз ешкімнің шегінен емес, лескадан шек тақтық. Қазақ, қырғыз, түркімен, татар жігіттері кезек-кезек, әркім өзінше әуен тартып, сағынышымызды бастық. Сол домбыраны құшақтап отырып мен «Арқа самалы» деген сағынышқа толы ән шығарған едім.

   Лагерьден басқа жаққа көшіретін болды. Домбырамды алып жүруге рұқсат бермеді. «Қайтесің енді, сындырып таста» дегендер болды. Олай етуге жүрегім көнбеді. Ақыры өзім жатқан бұрышқа, шегеге іліп, төсіме қысып қоштасып кете бердім. Артыма айналып қарамадым. Қарасам, кім біледі, тұра жүгіруім де мүмкін еді. Онда жұрт гүрс еткен мылтықтың дауысын естір еді.

   Сол домбыра түсіме кіреді. Ол боздағандай болады, мен төңбекшіп уһілеймін.

Кәмел Жүністегі

Жазушы. Құрмет орденінің иегері.

18.ХІІ. 2016 жыл.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.