Бас тақырыпТОКҮО 2020

Төрткүл дүние көз тіккен – ТОКИО

Кеше Жапония астанасы Токиодағы Ұлттық стадионда төрткүл дүние көз тіккен 2020 жылғы XXXII жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты сәтімен өтті

Төрт жыл емес бес жыл салып келген 23 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін доданың салтанатты ашылуын жанкүйерлер әлемді әбігерге салған пандемия салдарынан алаңнан тамашалай алмады. Көрермендер сайыпқырандардың ту алып шығу сәтіне, отшашу және ашылу салтанатына тек телеарна арқылы ғана куә болды.

Төртжылдықтың басты додасында барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айтулы аламанға 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатыспақ.

Аренаға бірінші болып Греция, ал соңғы болып Жапония құрамасы шықты. Спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілер ант қабылдап, Олимпиада ойындары ашық деп жарияланды.

Қазақстан құрамасының туын 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, Олимпиада жүлделерінің толық жиынтығының иегері Ольга Рыпакова және бокстан ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Коңқабаев ұстап шықты.

Теледидарға телмірген көрермендер алдынан Қазақстан құрамасы ерекше сәні келіскен киіммен өтті. Олай деуге негіз бар, өйткені бұған дейін танымал Forbes журналы үздік олимпиадалық форманың 8 дизайнын анықтады. Қазақстан үздіктер қатарынан табылды.

Қазақстандық сайыпқырандар спорттың 28 түрінен бақ сынайды. Құрамада 97 спортшы бар. Сонымен қатар, Қазақстан бірінші рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері, атап айтқанда, спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысады.

Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстандық жалғыз құрама. Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы толық құраммен, сегіз салмақ бойынша қатысады. Жүзуден бізде үш жолдама. Оның екеуі Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі.

Отандасымыз Руслан Құрбанов Халықаралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортшының қатарына енді. Велошабандоздар топтық жарыста бақ сынайды. Тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша үш спортшымыз жарыс жолына шықпақ. Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақшы Олимпиада ойындарында жарысқа қатысады.

Он бір балуанымыз бозкілемнің шаңын шығарса, жеңіл атлеттеріміз де он бір жолдамаға ие болған еді. Теннисшілер жеті, ал байдарка мен каноэде есуден алты спортшымыз бақ сынамақ. Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының еншісінде қос жолдама, сондай-ақ, таеквондо мен слаломды есу бойынша спортшыларда екі жолдама бар.

Ал, дүбірлі додада қарағандылық Абылайхан Жүсіпов бокста, әйелдер күресінде Эльмира Сыздықова, синхронды жүзуде Александра және Екатерина Немич, дзюдода Жансай Смағұлов пен Ислам Бозбаев, жеңіл атлетикада Мария Овчинникова бағын сынайды.

Дүбірге толы додаға қатысып жатқан ел намысын қорғайтын спортшыларымыз жарысты бастап та кетті. Кеше академиялық есуден Владислав Яковлев үшінші болып келіп, іріктеудің бірінші айналымынан өтті. 7:10.08 нәтижесімен мәреге жеткен Владислав ширек финалда. Сонымен қатар, садақ атушылар да нысана көздеді.

Қуанышы мен реніші, жеңісі мен жеңілісі бірге жүретін әлемдік жарыстан газетіміздің алдағы нөмірлерінде оқырманды хабардар етіп отыратын боламыз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button