Тәртіпті қоғам саналы ұрпақтан
Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының ғана емес, әр азаматтың қауіпсіздігінің негізі. Бұл қағиданы жас буынның санасына сіңіру құқық бұзушылықтың алдын алудан басталады. Осы бағытта Қарағанды көлік-технологиялық колледжінде жастардың құқықтық сауатын арттыруға арналған интерактивті сессия өтті.

Шара Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын сақтауға деген жауапкершілікті қалыптастыру.
Сессия барысында жасөспірімдерге құқықтық жауапкершіліктің түрлері, заң бұзушылықтың салдары және өз әрекетіне жауап берудің маңызы түсіндірілді. Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы бөлімінің прокуроры Гүлсара Керімжанова кәмелетке толмағандардың заң алдындағы жауапкершілігіне тоқталып, құқық бұзушылықтың алдын алуда құқықтық сауаттың рөліне назар аударды.

– «Заң мен тәртіп» қағидаты ең алдымен әр адамның өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады. Жастар заң талаптарын жақсы білуі керек, өйткені құқық бұзушылықтың салдары олардың болашағына әсер етуі мүмкін. Сондықтан, біздің мақсатымыз – жасөспірімдерді жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алып, заңды құрметтеуге, өз құқықтары мен міндеттерін білуге тәрбиелеу. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, кез келген шешімді ойланып қабылдаудың маңызын түсінуге мүмкіндік береді, – Гүлсара Керімжанова.
Қарағанды облысы Әділет департаментінің Қарағанды қаласы бойынша мәжбүрлеп орындату бөлімінің басшысы Гүлфайруз Саттықбаева жастардың құқықтары мен міндеттері туралы айтып, құқыққа қайшы әрекеттердің салдарын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
– Бүгінгі интерактивті сессиямыздың негізгі тақырыбы – «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жасөспірімдерді құқық бұзушылықтан аулақ ұстау. Бұл – Мемлекет басшысы көтеріп отырған маңызды бағыттардың бірі. Бүгінгі кездесуге прокуратура мен полиция өкілдерінің қатысуы да өте орынды. Жасөспірімдерге заң мен тәртіптің не екенін, қоғамда және күнделікті өмірде өзін қалай дұрыс ұстау керектігін түсіндіру – біздің басты міндетіміз. Заң мен тәртіп тек полиция қызметкері бақылап тұрған кезде ғана сақталмауы керек. Ол әр адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады. «Заң мен тәртіп кімнен басталады?» деген сұраққа жауап берсек, ол – ең алдымен өзімізден басталады. Әр адам қоғамдық орында өзін дұрыс ұстап, өзгенің құқығын құрметтеп, жасаған әрекетінің салдарын түсіне білуі қажет. Президенттің осы идеологиясын түрлі мекемелерде, әсіресе жастар арасында жүйелі түрде түсіндіріп, насихаттай берсек, заңды құрметтейтін, тәртіпті сақтайтын саналы ұрпақ қалыптастырамыз. Саналы ұрпақ – іргетасы берік мемлекеттің негізі, – деді Гүлфайруз Саттықбаева.
Кездесуде есірткі қылмыстарының алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Қарағанды облысы Полиция департаменті Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бахытжан Мустафаев жастардың құқық бұзушылыққа және есірткі қылмыстарына тартылуының алдын алу жолдары жөнінде ақпарат берді.
Интерактивті форматта өткен сессия барысында студенттер де белсенділік танытты. Олар түрлі өмірлік жағдаяттарды талдап, өз пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар мамандарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, заң талаптарын бұзудың ықтимал салдарын талқылады. Мұндай формат құқықтық ақпаратты жай тыңдап қана қоймай, оны нақты жағдайлар арқылы түсінуге мүмкіндік берді.

Құқықтық тәрбие – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін емес, оның алдын алудан басталады. Жастардың заңды білуі, өз құқығын қорғай алуы және әр әрекетінің салдарын түсінуі – қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызды негізі. Шара соңында қатысушыларға «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанудың маңызы тағы бір мәрте түсіндіріліп, жауапты мінез-құлық пен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



