Руханият

«Төртеу түгел болса, төбедегі келер…»

Бірлік пен татулық бейбіт өмірге жетелейді. Тыныштық бар жерде ғана даму бар, береке бар.     «…Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, береке кетсе нең қалар» деген бабалардың асыл сөзін жете түсінген Елбасы Н.НАЗАРБАЕВ осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясын құруды қолға алған еді. Сол іргелі институт бүгінде өз жемісін беріп, еліміздегі өзге этнос өкілдерінің бейбітшілікте өніп-өсуіне жол ашып отыр.130-дан астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, ортақ мүдде, ортақ құндылық үшін бірлесе жұмыс атқару жолында Ассамблея қыруар жұмыс атқарып отыр. Өйткені, әр этностың өмірге деген өз көзқарасы, пайымы бар. Өмірді тануы, қоғамдағы түрлі жағдайлар хақында ой қорытуы да әр түрлі. Сонымен қатар, олардың тарихы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, діні мен ділі ұлттық болмысы бөлек-бөлек. Осындай күрделі жағдайдан шығатын тура әрі әділ жол – Ассамблея. Яғни, біздің Отанымыз ортақ. Тағдырдың жазуымен Атырау мен Алтайға созылған байтақ даламызға келіп, соның бір бөлшегіне айналған көптеген этностар осы мүмкіндікке толы алып мемлекетте өмір сүріп, мемлекет құраушы қазақ ұлтын құрметтеп, оның тілі мен ұлттық құндылықтарына құрметпен қарап бір үйдің баласындай ғұмыр кешуде.

Елбасының «Біз тыныштық арқылы – тұрақтылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткіздік» деген сөзінің астарында терең мағына жатыр. Себебі, көптеген көрші елдердің тұрғындары қиындыққа толы ғұмыр кешіп жатқанын көзі ашық, көкірегі ояу жұрт біліп отыр. Өз үйіңде бала-шағаңның қасында, алаңсыз өмір сүргенге не жетсін?!

Елімізде өмір сүретін ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен салт-дәстүрі, діні мен ділі, әдет-ғұрпы толық сақталуымен қатар, оларға білім алуға, кәсіппен айналысуға бар жағдай жасалған. Сала мамандарының айтуынша, республика аумағында 15 тілде газет-журнал шықса, 8 тілде радио бағдарламалар таратылып, 7 тілде телехабарлар көпшіліктің назарына ұсынылады екен. Жергілікті арналарда да аймақтағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары үнемі сөз сөйлеп, жеткен жетістіктері жөнінде еркін айтып жүр.

Сонымен, өзінің тарихын жетік білген әр азамат Ассамблея құрудағы Елбасының негізгі мақсатын жете түсінері хақ. «Алтау ала болса ауыздағы кетер, төртеу түгел болса төбедегі келер» деген аталы сөз де осы қазіргідей ұйыған бейбіт өмірді аңсағаннан туғаны сөзсіз. Біздің қоғамға қазір бастысы тыныштық пен тұрақтылық қажет. Мұны түйсінуге асқан даналықтың да қажеті жоқ. Даламыздың байтақ екендігі мен халқымыздың санының өте аз екендігін сезіне алсақ болғаны. Ал, халық санын көбейту, өніп-өсу тек тыныштықта, бірлікте ғана мүмкін. Барлық ұлт өкілі бір-бірін бағалап, тыныштықты сақтауға аз да болса үлесін қосса жеткілікті. Басқасы өз-өзінен жүріп жататын құбылыстар. Ендеше, Ассамблеяның өзектілігі мен оны құрудағы Елбасы рөлі әлем назарындағы Қазақстан үшін қашан да маңызды болмақ.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button