АймақТеміртау

Тұрмысты жақсарту – күн талабында

Бұған дейін елімізде түрлі деңгейдегі әкімдер халықпен әр тоқсан сайын кездесіп, олардың алдында есеп беріп тұратын. Енді кейінгі өзгерістер бойынша мұндай жүздесулер жарты жылда бір рет өтеді. Осы орайда Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков жуырда теміртау­лықтар мен Ақтау кенті тұрғындарына есеп берді. Оған қаладағы мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары, қалалық мәслихаттың депутаттары, қызмет көрсетуші және мердігерлік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Суреттер ұйымдастырушылардан.

Бұл бас қосуда аталған қала мен кент тұрғындарының тұрмыс жағдайы мен инфрақұрылымды жақсарту жайы сөз етіліп, сол бағыттағы маңызды жобалар ортаға салынып, талқыланды. Ораз Тәуірбеков өз сөзінде:

– Жалпы, биыл біз жобаларды дамыту бюджеті бойынша жалға берілетін 4 үйді салып, пайдалануға ұсынғалы отырмыз. Онда 320 адам пәтер алмақ. Ақтау кентіндегі 10 көшеде су өткізгіш тораптардың құрылысы аяқталып, ондағы тұрғындардың бәрі сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Қазірде су бөлетін тораптардың 23,7 километрін төсеу тәмамдалып, олардың ескіруі 4,6 пайыз азайды. Оларға 2,5 мың абонент қосылады. Сол сияқты 3,9 километр магистральдық жылу тораптары жаңғыртылды. Және де 2635 абонентке газ жеткізу тораптарының құрылысы да бітіп, оларға тағы да 1700 абонент қосылатын мүмкіндік туды, – деді.

Қала әкімдігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі су өткізгіш тораптардың құрылысын салу мен жаңғырту болып табылады. Осы мақсаттарға 2024 жылы 500 миллион теңгеден астам ақша бөлінген. Өткен жылы басталған жобалар жүзеге асырылып, бүгінде жоспарланған 46,8 километрдің 45,6 километрінің су құбырлары тартылды. Қала әкімі сумен қамтамасыз етілетін 1200 абоненттің 607-і бұрын орталық су жүйесінің игілігін көрмеген адамдар екенін де айтты. Бұдан бөлек кездесуде жылу тораптарын, автомобиль жолдары, су айрықтары және басқаларын жөндеу жобалары да әңгіме өзегіне айналды. Бұл мақсаттардағы 18 жобаға бөлінген инвестиция мөлшері 8,5 миллиард теңгеге дейінгі соманы құрайды. Мұның өзі қала мен оның инфрақұрылымын одан әрі жақсарта түсері сөзсіз.

Келесі кезекте Ораз Тәуірбеков аула ау­мақтарын абаттандырудың жобалық шешімдеріне тоқталды. Тұтастай алғанда 9,5 мың адам сәулеттендірілген аулаларда тұратын болады. Талдау көрсеткендей, 500-дей ауланың кешенді шешімі болмапты. Олардың бірінде жарық, енді бірінде балалардың ойын алаңы, қайсыбірінде жол жоқ болып шыққан. Осыған байланысты депутаттардың араласуымен 17 ауланы толығымен абаттандыру көзделіп отырған көрінеді. Кездесуге келген тұрғындардың қала әкіміне қойған сұрақтарының көбісі жөндеу жұмыстарының сапасы, инфрақұрылымды жүргізу, коммуналдық сала мен қоғамдық көлік қызметтерін жақсарту туралы болып, бұл мәселелердің бәрі де жазып алынып, мүмкіндігінше шешілетіні ескертілді. Кездесу соңында Ораз Тәуірбеков тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button