Бас тақырып

Облыс әкімі Теміртауға іс-сапармен барды

Аймақ басшысы іс-сапармен Теміртау қаласына барып қайтты. Сапар барысында Теміртауда орналасқан Қарағанды ГРЭС-1 электр станциясының жөндеу жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, Теміртау жоғары политехникалық колледжіне барып, колледж түлектерінің болашағы жайында сөз қозғады. Әрі «Оқжетпес» коммуналдық қызметінің жас мамандарына 6%-дық жеңілдетілген ипотека рәсімдеуге көмек көрсетілетінін баса айтты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ескі қаланы толық жылумен қамтамасыз етіп отырған – осы электр станциясы. Аталған электр станциясына жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Екі қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы біреуі күрделі жөндеуден өтуде.

Сонымен қатар, ағымдағы жөндеу жұмыстары екі турбинаға да жүргізіледі деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарына 75 адам жұмылдырылған. Жылыту маусымы басталғанға дейін үш қазандықтағы жөндеу жұмыстары толық аяқталуы қажет.

Екі аптадан кейін аймақ басшысы КарГРЭС-1 электр станциясына қайта келмек. Мердігерлерге нақты жұмыс жоспарын ұсынып, кестеге сәйкес жұмыс істеуді тапсырды.

Теміртау жоғары политехникалық колледжі жылу техниктерін, электромеханиктерді, құрылысшыларды және басқа да өндірісте маңызды мамандарды шығаратын оқу орыны. Колледж «Жас маман» жобасы аясында металлургия және машина жасау ісі бойынша инновациялық жабдықтармен жабдықталған. Колледжінің директоры Салтанат Ақбергенова өз сөзінде еңбек нарығына сұранысқа ие 16 мамандық бойынша кадр дайындайтын оқу орындарының бірі екенін айтып өтті.

– Бізде 30-дан астам әлеуметтік серіктестер бар. Олар бізбен тығыз жұмыс істейді. Соның ішінде – дуальды оқыту. Яғни, Ресеймен, Беларуссиямен халықаралық ынтымақтастық орнатылды. Қазір Qarmet зауытында 520 студент тәжірибеден өтуде. Біз нақты дипломдық жобалармен айналысамыз. Мысалы, құрылыс студенттері біздің колледжде нысандарды алады. Сапаны біздің әлеуметтік серіктестеріміз бағалайды, – Салтанат Ақбергенова.

Өңір басшысына «Оқжетпес» коммуналдық қызметінің жас мамандарына 6%-дық жеңілдетілген ипотека рәсімдеуге көмек көрсетілетінін айтты. Биыл жастар бағдарламасы бойынша 15 жұмысшы жеңілдетілген ипоткалық бағдарлама аясында баспаналы болады.

Сонымен қатар, облыс әкімі колледждегі жұмыс тәжірибесін аймақтың басқа оқу орындарына таратуды ұсынды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button