АймақШахтинск

Түрмедегі түрлі кәсіп

Түрмедегі жазасын өтеушілер де кәсіпорында жұмыс істеп, жалақы алады. Қазір тіпті, колледжде оқып, арнайы мамандықты да игереді. Жақында Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №30 мекемесінде ашық есік күні өтті. Шағын және орта бизнес субъектілері үшін. Іс-шара мекеменің кәсіпорын аумағындағы өндірістік әлеуетті арттыруды көздейді. Сол арқылы сотталғандарды еңбекпен қамтуды және ойлаған.

Әрине, түрмеге оңды-солды кіріп-шығудың реті болмағандықтан, мекеме басшылығы өндірістік аумаққа апармас бұрын теміртордағы тіршілікпен таныс­тырды. Асхана, кітапхана, компьютер бөлмесі, психологпен кеңесетін бөлме, теологтан дәріс алатын бөлме және арнайылап бір жасақтың жағдайымен таныстырып, аралатты.

Түрменің өндірістік аумағына өткенімізде шағын көрме қойылды. Осы аумақта өндірілетін, нарыққа шығатын өнімдерді тамашалай алдық. 5 литрлік пластикалық ыдыстан бастап, әскери жабдық, жуыну бөлмесіне арналған керамикалық ыдыс, түрлі тұрмыстық бұйымдар, жылыжайда өсірілген қияр, қызанақ, саңырауқұлақ сөреге қойылған. Таза былғарыдан тігілген аяқкиім, арнайы салалық киімдерді де кезіктірдік. Құрылысқа қажетті материалдар: кірпіш, блоктар, шекараға қолданылатын сым да осы түрменің өндірістік аумағынан шығады.

Мұнда тігілген аяқкиім сұранысқа ие. Қысқы, күзгі, жазғы ер мен әйелдер аяқкиімі бар. Бағасы да – қолжетімді.

– Бағаларымыз 20 мыңнан басталады. Сапасы жоғары болу үшін таза былғарыдан тігеміз. Материалды Түркиядан, Ресейден алдырамыз. Интернеттен аяқкиімнің кез келген үлгісін көрсетсеңіз, өлшеміңізді алып, қалағаныңыздай тігіп береміз. Онлайн да тапсырыс қабылдаймыз. Қазір бренд атауымызды ойластырудамыз. Сапасы жақсы болған соң, тапсырысымыз да күннен-күнге өсіп жатыр. Жазасын өтеп жатқан 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олардың араларында бұрын аяқкиім тіккендер де бар. Жалақыны тапсырыстың көлеміне қарай төлейміз, – дейді жеке кәсіпкер Кристина Елцова.

– Бұрын мұндай кәсіппен айналысқан соң, бізге аяқкиім тігу аса қиындық тудырмайды. Әр етікті сапалы етіп тігуге тырысамыз. Еңбекақымызды адал алайық деп. Тігілген аяқкиім көлеміне сәйкес төленеді. Бастысы, мұнда уақытымыз өтеді. Қасымда екі етікші бар, – дейді есімін көрсетпеуді өтінген жазасын өтеуші.

Мұнда раковина шығаратын шағын цех та бар. Үш сотталушы еңбек етеді. Керамикадан құйылатын бұл материалға да сұраныс жоғары екен. Бағасы да нарықтағыдан арзан. Бірақ, кәсіпкерлер басқа мекемеге көшуге мәжбүр. Себебі, үш жұмыскерін ауыстырып жатыр.

– Негізі, бұл жұмысты игеріп кету аса оңай емес. Біз жұмыскерлерімізді бір жылға жуық үйреттік. Олар ауысып бара жатқан мекемеге көшуге тура келеді. Басқаларды қайтадан үйретуге бір жыл жоғалтқаннан гөрі әлгі мамандармен жұмысты жалғастырған әлдеқайда тиімді. Жұмыс ауқымымыз ұлғайып жатыр. Өнімімізді құрылыс материалдарын сататын дүкендерге өткіземіз. Kaspi.kz қосымшасы арқылы да саудалап жатырмыз. Енді, ванна шығарамыз деген ойымыз бар. Сосын өзіміздің брендпен дүкенімізді ашсақ деген мақсатымыз да бар. Мұндағы жұмыскерлермен жұмыс жасау өте тиімді. Кешікпейді, сұранбайды, бірыңғай жұмыспен айналысады. Және өз жұмыстарына өте тиянақты, – дейді кәсіпкер Нұрсұлтан Акенов.

Онымен қоса, 5 литрлік плас­тикалық ыдысты арнайы станокпен өндіреді. Мұнда тек 1 ғана маман жұмыс істейді. Күніне әлгі станоктың күшімен 1000 ыдыс өндіреді. Әлі сатылымға шыға қоймаған. Қазір түрменің қажетін өтеп тұр. Сүт, су тасымалдайды.

Саңырауқұлақ цехында да жұмыс қызу. Арнайы температурасы бар бөлмеде өсірілген саңырауқұлақтарды сорттап, патенттейді.

«Еңбек-Қарағанды» респуб­ликалық мемлекеттің кәсіпорынның №6 өнеркәсіптік учаскесінің басшысы Асхат Аманбеков бос тұрған аумақтарды да көрсетті. «Шағын және орта кәсіппен айналысатын ниеттілер болса, жер береміз, бос цехтарды да жалға беруге ықтиярмыз. 1200 гектар жер телімі бар. Егер, бизнесі үшін модульді кешен саламыз десе, рұқсат береміз. Мұның нәтижесінде жазасын өтеп жатқандарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік көбейер еді», – дейді учаске басшысы.

Біз барған өнеркәсіптік аумақта 145 сотталушы еңбек етіп, жалақы алып отыр. Ашық есік күніне арнайы барған облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Данара Смайл, Болат Сыздық мекеме басшыларына ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

ШАХТИНСК

Суреттерді түсірген автор

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button