Бас тақырып

Түркияға төрткүл дүние көңіл айтады

Түркияның оңтүстік-шығысында дүйсенбі-сейсенбідегі зілзала зор қайғыға душар етті. Айтпай жеткен апатқа барша әлемнің қабырғасы қайысып отыр, шын мәнінде. Жойқын жер сілкінісінен көз жұмғандар саны сағат сайын өсіп, өкінішті өршітіп барады. Кеше BBC агенттігі Түркияның өзінде 5894 мың адамның құрбан болғанын, 34810 мың жарақат алғанын хабарлады. 15 миллион халық далада үйсіз-күйсіз қалды.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Ашық ресурстағы деректер Түркияның оңтүстік өңірлері мен Сирияның солтүстігіндегі зілзала жалпы 7,2 адамның өмірін жалмағанын айтуда. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы одан да қорқынышты. Бұл ұйым құрбандар саны 20 мыңнан асып жығылуы мүмкін дейді. Оны ендігі дүйім әлемге естіртіп те қойды. Түрік бауырлардың басына түскен нәубеттен құтқарып, қайғысын бөлісу үшін төрткүл дүние жұдырықтай жұмылды. Оның арасында, Қазақстан да бар. Түрік бауырларға Президент тапсырмасымен елімізден 41 маманнан жасақталған құтқарушы жетті. Ал, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға көмекке 1 миллион АҚШ доллары берілетінін жария етті. Президент Қазақстандағы Түрік елшілігіне барып, түрік бауырларға көңіл айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Түрік бауырлармен біргеміз

«Мемлекет басшысы Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен қатар, Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр. Айта кетсек, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға аттанды. Оның құрамында Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және құтқарушы иттер бар», – дейді Ақорданың баспасөз қызметі.

Мұның ішінде, Қарағанды облысының құтқарушылары да бар.

«Түркияға жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесу үшін қарағандылық құтқарушылар аттанды. Апат аймағына олар басқа өңірлерден келген әріптестерімен бірге Астанадан ұшып кетті. Қарағанды командасының құрамында 15 адам – ТЖД құтқарушылары, оның ішінде кинологиялық құрам, сондай-ақ, апаттар медицинасы орталығының дәрігері мен фельдшерлері бар. Команда 14 тәулікке автономды жұмысты ескере отырып, авариялық-құтқару құралымен, медициналық мүлікпен, байланыс және тіршілікті қамтамасыз ету құралдарымен жасақталған», – деп хабарлады Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Әлемдегі жойқын зілзала

Магнитудасы 7,8 жер сілкінісінің кіндігі –- миллион тұрғыны бар Газиантеп қаласына жақын жерде. Мұның толқыны Сирияда, Ливанда, Иракта және Армения мен Грузияда сезілген. Түркияның 10 провинциясы зардап шекті. 32 афтершок бүкіл Түркия жерінде байқалған. Түркия Президенті зардап шеккен аймақтарға төтенше жағдай енгізді. Төтенше жағдай үш айға жалғасады. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған 12 ақпанға дейін жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.

«Бұл жер сілкінісі бұрынғымен салыстырғанда ауқымды аймақты қиратты. Біз республика тарихында ғана емес, біздің географияда ғана емес, әлемдегі ең ірі апатпен бетпе-бет келдік», – деді Ердоған.

Зілзала Түркия тарихында 1939 жылдан соң қайталанған ең қайғылы жер сілкінісі ретінде бағаланып отыр. Тура 84 жыл бұрын Ерзинжан зілзаласында 32 968 адам марқұм болып, 100 мың адам жарақаттаныпты. Ал, ашық ресурста түрік ғалымдарының кешегі зілзала қуатын 130 атом бомбасына пара-пар екенін мәлімдеген деректер де жарық көруде.

Бүгінде Түркияның өзінен 54 мыңға жуық құтқарушы жұмылған. Олар қираған үйлерді аршып, астында қалған халықты құтқаруда. Құтқарушылар қатарын шетелден, көршілес мемлекеттерден келгендер толықтырып жатыр. Жалпы, Түркияға көмек беруге 70 мемлекет ықтиярлық танытқан екен.

Түркияда қанша Қазақстан азаматы бар?

Сыртқы істер министрлігінің айтуынша, Түркияда 75 мыңға жуық қазақстандық болуы мүмкін. Оны 7 ақпанда өткен арнайы брифингте мәлімдеді.

«Түркияда 968 Қазақстан азаматы тіркелген: Анкарада – 498, Ыстамбұлда – 45, Анталияда – 189. Сонымен қатар, соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда 8219 қазақстандық студент білім алуда. Барлығы түрік мәліметтері бойынша. Елде 75 мыңға жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін», – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Түркиядағы қазақстандық дипломаттар осы елде жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарымен байланыс орнату бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын, студенттерге тиісті ақпараттық хабарламалар жіберілгенін атап өтті.

Ресми органдар таратқан ақпараттарда ондағы қазақстандық азаматтар зардап шекті деген дерек тіркелген жоқ

Жер сілкінісінің салдарынан қазақтың азаматы жоғалып кетті

Осы мақала жазылып жатқан уақытта әлеуметтік желіде Хатай қаласында қазақ азаматының жоғалғаны туралы хабар тарады. «Хатай қаласында болған жер сілкінісінің салдарынан қазақтың азаматы, халықаралық деңгейдегі маман Мирус Құрмашев жоғалып кетті», – деп хабарлайды Қастай Дастан фейсбук парақшасында.

«Зілзаладан кейін байланысқа шықпаған қазақ азаматы Мирус Құрмашевтың жоғалғаны жайлы әріптесі Мағжан Мәдиев жазды.

– Достар, біздің досымыз, Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашев Түркиядағы зілзала кезінде жоғалып кетті. Ағасы Алмат Құрмашевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде ол Түркияның Хатай қаласында болған. Содан бері онымен байланыс үзілді. Отбасы мен достары алаңдап, жан-жақты іздестіруде, бірақ әлі де ешқандай хабар-ошар жоқ. Мирустың бауыры мен достары, қазақстандық еріктілер бүгін түнде (7 ақпан) іздестіру жұмыстарын күшейту үшін Түркияға ұшады, – деді Азамат. Дәл қазіргі уақытта жоғалған азамат жайлы елшілікке хабарланды. ҚР Елшілігі шұғыл арада қазақ жігітін іздестіру жұмыстарына кірісті», – дейді ол.

Мирустың туған-туысқандары да іздестіру жұмыстарын күшейту үшін Түркияға бармақшы екен.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button