Приозерск

Тәрбиешілерге танымдық шара

     Жуырда «Айналайын» бөбекжайында хореограф Перизат НҰРШАЕВА «Балаларды би өнеріне баулу және байқауларға қатыстыру» атты семинар өткізді.

Би – адамның ішкі болмысы мен өзіне деген сенімділіктің, сыртқы түр-тұлғасын қалыптастырудың бірден-бір құралы. Спорттың бір түрі десе де болады. Себебі, биге икемі келген адамның бұлшық еті де, дене бітімі де жинақы, жұп-жұмыр келеді. Ал, өнердің осы түрін бала жастан меңгеру – тіптен пайдалы. Бүлдіршіндердің өсуі мен қалыптасуы кезінде би баланың тұлғасын ғана емес, қайсар мінезін де қалыптастырады. Ал, өзіне сенімді бала жасық, енжар болудан басын аулақ салады. Аталған семинардың мақсаты да осы айтылғанды қамтыды.

Шараға қатысушылар қатарында бөбекжай тәрбиешілері би өнеріне баулу, шығармашылықтарын дамыту және қимыл қозғалыстар жасау бүлдіршіннің дене сымбатының дұрыс дамуына қосар үлесі зор екенін айтты. Семинар басында хореограф өзінің балаларға би үйрету барысында қолданатын әдіс тәсілдерімен, тәжірибелерімен таныстырды. Сонымен қатар қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жеткен жетістіктері туралы мардымды мағлұмат беріп өтті. Арнайы әзірлеп әкелген слайд көрсетілді.

Шараның екінші бөлігінде хореограф тәрбиешілерге «Сәнқой қыздар» атты биден шеберлік сыныбын өткізді. Тәрбиешілер би билеудің қыр-сырымен танысты. Би қойылымын қойғанда балалардың жас ерекшеліктеріне сай және орындауға ыңғайлы қимылдарды таңдау қажет екені айтылды. Себебі, аяғын апыл-тапыл басқан балақайларды күрделі қимылдар жасауға қинау – ең басы қателік.

Сөйтіп, тәрбиешілер би билеп, балалар әлеміне сан қилы саяхат жасап қайтты. Көптеген тың мағлұматтар мен алдағы жұмыста қажетті мағлұматтар алды. Семинар соңында хореграф тәрбиешілердің қойған сұрақтарына жауап берді. Тәрбиешілер болса, Перизат Маратқызына балаларды өнерге, шығармашылыққа баулу жолындағы төккен тері мен еткен еңбегіне жеміс тілеп, шәкірттері жүлделі орыннан көріне беруіне ыстық лебіздерін білдірді.

Өз тілшімізден.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button