«Қоржынтүбекте қордаланған мәселе жоқ»
Қаланың өркендеуі – бір күндік жұмыстың нәтижесі емес, жүйелі жоспар мен табанды еңбектің жемісі. Әсіресе, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жолдар мен тұрғын үйлердің жағдайын жақсарту, туризмді дамыту және қоғамдық кеңістіктерді көркейту – кез келген шаһардың басты даму бағыттары. Биыл Приозерск қаласында осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, коммуналдық желілерді жаңарту, әлеуметтік нысандарды дамыту және қаланың туристік әлеуетін арттыру бағытында нақты нәтижелер бар. Осы орайда Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметовпен сұхбаттасып, биылғы жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы жоспарлар туралы әңгімелескен едік.

– Мансұр Талғатұлы, ең алдымен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталсақ. Биыл қала экономикасында қандай өзгерістер мен өсім бар?
– Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы – біздің жұмысымыздың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан, инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне ерекше назар аударып келеміз. Биыл негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4 млрд 215 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш – өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 1 млрд 815 млн теңгемен салыстырғанда 215 пайызға тең. Мұндай өсім қаламыздың инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Агроөнеркәсіп саласында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 198 млн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 113 пайызды құрады. Нақты көлем индексі – 101 пайыз.
Бөлшек сауда көлемі 2 млрд 456 млн теңгені құрады. Нақты көлем индексі 100 пайыз деңгейінде сақталып, өткен жылғы көрсеткіштен төмендеген жоқ. Құрылыс саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 2 млрд 850 млн теңгеге жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 2 млрд 671 млн теңгемен салыстырғанда бұл – 107 пайыз. Нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. «Алматы – Астана» республикалық маңызы бар автожол құрылысының аяқталуы құрылыс жұмыстары көлемінің оң динамикасына әсер етті. Тұрғын үй құрылысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1 526 шаршы метрді құрады. Бұл – өткен жылғы 1 376 шаршы метрмен салыстырғанда 111 пайыз.
Өнеркәсіп саласына келсек, өнім көлемі 22 млрд 136 млн теңгені құрады. Дегенмен өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 81 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұған «Ер Тай» ЖШС-ге қарасты кешенге кен құрамындағы қорғасын мөлшерінің азаюы себеп болды. Бұл – өндірістік көрсеткіштерге тікелей әсер ететін фактор. Жалпы, экономикалық көрсеткіштерді жақсарту үшін жұмыс жалғасады. Біздің міндетіміз – қаланың экономикалық әлеуетін арттырып, инвестициялық жобалардың жүзеге асуына қолайлы жағдай қалыптастыру.
– Инвестиция көлемінің айтарлықтай өсуі қуантады. Осы орайда қаланың туристік әлеуетін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Приозерскінің туристік әлеуеті жоғары. Қаламыздың табиғи ерекшелігі, Балқаш көлінің жағалауы және географиялық орналасуы туризмді дамытуға мол мүмкіндік береді. Біз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қаланы демалыс пен саяхат үшін тартымды орынға айналдыруды көздеп отырмыз. Биыл туризмді және жол бойындағы сервистік нысандарды дамыту бағытында жалпы көлемі 880 млн теңгені құрайтын инвестиция тартылды.
Нақты айтқанда, Абай көшесінде «Самұрық» қонақ үйі, көл жағасында «Тюльпан» жаңа демалыс орны ашылды. Қазіргі уақытта «Гавайи» қонақүйін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, республикалық автожол бойында жаңа STAR OIL жанармай құю станциясы пайдалануға берілді. Қалаға келген қонақтың ең алдымен іздейтіні – жайлы баспана. Бұл бағытта да Приозерскіде жағдай жыл сайын жақсарып келеді. Қала аумағында 12 қонақүй жұмыс істейді. Олардың жалпы бөлме қоры 161 бірлікті, ал жатын орындарының саны 438-ді құрайды. Қонақүйлермен бірге хостелдер мен шағын қонақүйлер де қызмет көрсетеді. Бұған қоса, тұрғын үйді жалға беру саласында еңбек етіп жүрген жеке кәсіпкерлер бар. Олардың арасында бір, екі, үш және төрт бөлмелі пәтерлер бар. Яғни Приозерск бүгінгі таңда туристерді қабылдайтын инфрақұрылымын біртіндеп қалыптастырып үлгерді. Ал, алдағы жылдары жаңа қонақүй кешендері мен демалыс орындарының іске қосылуы бұл мүмкіндікті одан әрі кеңейтпек. Туристік нысандардың қолжетімділігі де назардан тыс қалмаған. Оларға жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары арқылы жетуге болады. Автотұрақ аймағы туристік нысаннан 300 метр қашықтықта орналасқан. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы автотұрақ орындары жабдықталған. Мұның барлығы қалаға келетін туристер үшін қолайлы жағдай қалыптастырып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, қызмет көрсету сапасының артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Біз туризмді тек демалыс орындарын ашумен шектемейміз. Бұл – қаланың экономикасын әртараптандыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және Приозерскінің танымалдылығын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыт.
– Қазіргі таңда азық-түлік бағасының тұрақтылығы да – тұрғындарды алаңдататын мәселелердің бірі. Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынған?
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының тұрақтылығын қалыптастыру – күнделікті бақылаудағы мәселелердің бірі. Әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу маңызды. Қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бағаны негізсіз көтермеу жөнінде ескертулер беріледі. Белгіленген талаптар бұзылған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қолданылады. Сонымен бірге азық-түлік өнімдерін қалаға жеткізу мәселесіне де назар аудардық. Осы мақсатта бюджеттен субсидия бөлініп, жүк тасымалдау бойынша келісім жасалды.
Биыл 15 наурыздан бастап әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Мұндай жәрмеңкелер тұрғындарға қажетті өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
– Қаланың тыныс-тіршілігі үшін коммуналдық инфрақұрылымның жағдайы ерекше маңызды. Биыл жылыту маусымына дайындық қалай жүргізілді?
– Расында да, тұрғындардың жайлы өмір сүруі ең алдымен инженерлік-коммуналдық жүйелердің тұрақты жұмысына байланысты. Сондықтан, жылыту маусымына дайындықты уақытылы әрі сапалы жүргізу басты міндеттердің бірі болды. Биыл жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоғарғы деңгейде жүргізілді. Жоспарланған жұмыстар белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалды. Қаланың орталық жылу кешенінде үш қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліп, деаэратор мен түтінсорғыш жабдықтары ауыстырылды. Су алу нысаны мен кәріз желілерінде профилактикалық жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, қажетті материалдар мен химиялық реагенттер толық көлемде сатып алынды. Бұдан бөлек, жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Қала бойынша 3,5 мың метр жылу құбыры ауыстырылды. Оның ішінде тұрғын үйлерге тартылған 400 метр жылу желісі жаңартылды.
Сумен жабдықтау жүйесін жақсарту мақсатында 800 метр су құбыры ауыстырылды. Сондай-ақ, туристік нысандарға қарай жаңа су желілері тартылды. Кәріз жүйесін жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ. Көлге ағынды сулардың түсуіне жол бермеу және Бәйтерек көшесіндегі нысандарды орталық кәріз жүйесіне қосу мақсатында ұзындығы 817 метр болатын желінің құрылысы жасалды. Электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру мақсатында «ЖРЭК» ЖШС тарапынан қаланың қосалқы станциялары мен электр желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.
– Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында жол сапасына баса назар аударды. Тұрғындар үшін жол сапасы мен тұрғын үй қорының жай-күйі де қала тұрғындары үшін өзекті. Бұл бағытта қандай нәтижелер бар?
– Иә, жол инфрақұрылымын дамыту – қаладағы қозғалыс қауіпсіздігі мен тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Биыл Алаш көшесіндегі ұзындығы 1,2 шақырым жол учаскесіне орташа жөндеу жүргізілді. Жұмыстар өткен жылы басталып, биыл толық аяқталды. Нәтижесінде жол жабыны жаңартылып, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалды. Тұрғын үй қорын сақтау мәселесіне де ерекше мән беріп отырмыз. Өйткені, көпқабатты тұрғын үйлердің қауіпсіздігі – тұрғындардың тыныштығы мен өмір сапасына тікелей қатысты.
– Әлеуметтік қолдау мен тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
– Биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан кезектілік тәртібімен 12 пәтер берілді. Оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға – 5 пәтер, көпбалалы отбасыларға – 4 пәтер, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 3 пәтер табысталды. Бұдан бөлек, облыстық бюджет қаражаты есебінен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 16 пәтер сатып алынды. Бұл пәтерлер орналасқан тұрғын үйдің аумағы абаттандырылып, балалар ойын алаңы жабдықталды.
– Соңғы жылдары қаланың тазалығы мен көркіне ерекше мән беріліп келеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қандай жұмыстар жүзеге асырылды?
– Биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясында қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және аумақтарды абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қалалық сенбіліктер ұйымдастырылып, орталық көшелер мен қоғамдық орындар тазартылды. Көктемгі екіайлық барысында 300 түп ағаш отырғызылып, 5 мыңнан астам ағаш әктелді. Қураған ағаштар кесіліп, қаладан 2 мың тоннадан астам тұрмыстық қоқыс шығарылды.
Жалпы, Қоржынтүбекте аса күрделі сипат алып, қордаланған мәселе жоқ. Барлығы – күнделікті жұмыс барысында шешуге болатын ағымдық мәселелер.
– Биыл Приозерск қаласында алғаш рет Отбасын қолдау орталығы ашылды. Орталық қызметіне сұраныс көлемі қандай?
– Бұл – тұрғындар үшін жаңа әлеуметтік мүмкіндік. Орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді. Мұнда «Қарызсыз қоғам», «Қайта бастау» және «Отбасының цифрлық картасы» бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, уақытша баспанаға мұқтаж азаматтарды орналастыруға да жағдай жасалған.
Орталықтың басты мақсаты – мәселені тек анықтап қана қоймай, оны шешуге нақты көмек көрсету. Әрбір азамат өзінің әлеуметтік жағдайына қарамастан, қажетті қолдау мен кеңес ала алуы тиіс.
– Биыл қаланың 70 жылдық мерейтойы да кең көлемде аталып өтті. Мәдениет саласындағы маңызды оқиғаларға тоқталсаңыз.
– Биылғы жылдың ең маңызды әрі есте қаларлық оқиғаларының бірі – Приозерск қаласының 70 жылдық мерейтойы болды. Жетпіс жыл – шаһардың тарихындағы тұтас бір дәуір. Бұл – қаланың қалыптасу жолы, осында еңбек етіп, өмір сүрген ұрпақтардың маңдай тері мен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан, мерейтойды атап өту тек мерекелік іс-шара ұйымдастыру емес, қаланың тарихына құрмет білдіру, өткенді бағалап, болашаққа бағдар жасау болды. Мерейтойға орай үш күн бойы ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Оған 20 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонақ қатысты. Бұл мереке жерлестеріміздің басын қосып, қаламыздың бірлігі мен ынтымағын айшықтаған ерекше оқиға болды. Қаламыздың тарихын ұлықтап, оның дамуына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетуге де мүмкіндік туды.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
ПРИОЗЕРСК



