Бұқар жырау

Тәрбиеші – ұлы қызмет

         Бала тәрбиесінде рухани сәулеткер, бағбан ретінде бағаланатын тәрбиешілердің қиыны мен қызығы, талабы мен жемісі қатар жүретін қызметін таразыға салып өлшеу мүмкін емес дүние. Себебі, еліміздің ертеңі, болашақ ұрпаққа жан-жақты тәлім-тәрбие беріп, өнер-білімге баулып, шәкірттерінің бойына ізгі қасиеттерді дарытатын тәрбиеші қызметінің жемісі – ұлт болашағы деп қаралады.

Жайдары көктеммен бір келетін әсемдік пен сұлулық мерекесі қарсаңында ұлт болашағы үшін күн демей, түн демей көз майын тауысқан, маңдай терін төккен «Балауса» шағын орталығының тәрбиешілері жайлы сөз қозғамақпыз.
Үлгілі де, өнегелі білім ордаларының бірі – Ботақара кентіндегі №1 қазақ тірек мектебінің ішінен ашылған «Балауса» шағын орталығы бүгінгі таңда 100 баланы қанатының астына алып, білім атты биік шыңда қалықтауға баптауда. Шағын орталыққа жұмылдырылған 8 тәрбиеші әр баланы өз баласындай көріп, әр үйдің бір-бір еркесінің әрқилы мінезі мен нәзік сезімін бағалап, оның бойына білімі мен рухани байытатын құнды қасиеттерді сіңіру арқылы өнегелі тәрбиеші дәрежесін көтеріп, сүйкімді шәкірт дәрежесін асыруда.
Ұрпақ тәрбиесінде жауапты істі мойындарына арқалап жүрген «Балауса» шағын орталығының құрамы тек қана нәзік жандылардан құралғанын оның табалдырығын аттаған сәттен аңғаруға болады. «Әр үйдің сәні – әйел» дегендей, әсем безендірулер мен көздің жауын алар үй өсімдіктерімен әрленген шағын орталық ішінен нәзік жандар жылуы сезілсе, кішкентай балапандарымыздың келген қонаққа сәлемі мен көрсеткен ізеттілігі тәрбиешілердің еңбегінің жемісі екендігін байқаймыз.
Таңның атысынан бөбектерімізбен тек қызықты ойындар ойнап қана қоймай, олардың әрқайсының ерке қылығына мән беріп, өнегелі тәрбие беруге үлкен жауапкершілікпен қарайтын тәрбиеші апайлардың жұмыс уақыты мерекелік күндері ұзара түседі. Бұл күндері күнделікті жұмыстан бөлек кешкілік уақытта мерекелік кештерге бөлмелерді әрлеу жұмыстарына білек сыбана кірісетін тәрбиешілердің, қарашаңырақтағы ана, келін, жар сынды қызметі шетке ысырылып қалады. Осындай сәттерде жұбайының қызметіне түсіністікпен қарап, қолдау көрсетіп жүрген ер-азаматтарымыз асыл ғой, шіркін, дегім келеді. Қай уақытта болмасын бар шаруаны тыңдырып, тыным таппас нәзік жандар ер адамын биікке қойып, құрмет тұтқан.
Қазіргі таңда тәрбиеші мамандығы үлкен тәжірбиені талап етеді. Бұл шағын орталық ашылған сәтте ұжымына жас мамандарды жинақтады. Ал, бүгінде сол жас мамандар шынығып, білікті мамандарға айналған.
– «Балауса» шағын орталығы ашылған сәтте қызметкерлердің жұмыс тәжірбиесінің жоқтығы біраз қиындық тудырды. Бірақ, біз жұдырық болып жұмылып, әр нәрсені біріге шешуді үйрендік. Арада жыл ғана өтсе де қызметкерлердің баршасы білікті маман дәрежесіне жетті. Бүгінгі күні шағын орталықтың жеткен әр жетістігі ұйымшыл ұжымның арқасы деп білемін,– дейді шағын орталық әдіскері Сарқытжан Хамитова.
Заман талабына сай әдістерді қолданып жүрген шағын орталық балалардың жан-жақты жетілуіне, ой-санасын дамытуға өз септігін тигізуде. Елбасымыз ұсынған жаңашыл бағыт бойынша жас бөбектердің бойына алғашқы күндерден-ақ Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, білімді де білікті маман болып өсуін балабақшадан бастап қолға алған. Осыған орай, шаған орталықта 3 жастан бастап ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде мамандар қызықты сабақтар өткізеді.
Наурыз айының басында ашылған шағын орталықтың бір жылдың ішінде жеткен жетістігі көп. «Шабыт», «Алтын ұрпақ» әдістемелік білім беру орталықтарында өткізілген республикалық байқауларында сынға түскен бөбектеріміз жүлделі орындарға ие болса, тәрбиеші апайларымыздың мақалалары әдістемелік оқу құралдары мен халықаралық ғылыми-практикалық конференция кітаптарында жарық көрген.
Қоғамда, үйде, ұжымда 8 наурыз мерекесінде барша нәзік жандар ер адамнан сый-сияпат күтеміз, олардан құшақ-құшақ гүлдер, бағалы сыйлықтар алып жатамыз. Ұжымы тек қана нәзік жандардан құралған шағын орталық қызметкерлері бұл мәселені жеребе тастау арқылы шешуді жөн көрген екен. Шағын орталықта жұмыс жасайтың 22 қызметкер мерекелік ертеңгіліктен соң бір-біріне сыйлықтарын табыстап, мерекені қарсы алады. Ал, өз ұжымын ерекше бағалайтын басшы Бәдиша Тұрғымбаева әрдайым өнерге жақын жүретін тәрбиешілерге мереке қарсаңында зор денсаулық, отбасыларына амандық, шығармашылық табыс тіледі.

Ботагөз Жакешова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button