Тұрғындардың тұрмысымен танысты

   Сейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Бұқар жырау ауданының Чкалов, Гагарин және Садовое ауылдарында болып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың жай-күйімен танысып қайтты.

Белуардан су кештіріп, аймақ жұртшылығын әуреге салған су тасқыны мәселесі біршама тұрақтанып, тілсіз жаудың беті бері қараған сыңайлы. Жергілікті билік пен төтенше жағдай қызметін аяғынан тік тұрғызған табиғат апаты тұрғындар үшін залалсыз болды деуден аулақпыз. Аймақ басшысының бұл жолғы сапары да сол залалды көзімен көріп, халықтың материалдық шығынын бағамдап қайту еді.

Облыс әкімі алдымен Чкалов ауылына ат басын бұрды. Естеріңізге сала кетсек, осы ауылда барлығы 49 үй мен 70 аула су астында қалып, 137 адам эвакуацияланған еді. Сондай-ақ, 466 мал басы қауіпсіз жерге айдалған болатын. Бүгінгі күні ауыл толығымен судан тазартылыпты.

Облыстағы су тасқыны мәселесі толықтай бақылауға алынған. Апатты жағдайлардың ауыр кезеңдерін еңсердік. Барлық өзендерде судың азайғаны байқалады. Самарқанд су қоймасынан бұған дайін секундына 1200 текше метр су ағызып келсек, қазір бұл көрсеткіш секундына 200 текше метр су көлеміне дейін төмендетілді. Қазір аудандарда нұқсан келген нысандардың құнын есептейтін комиссиялар жұмыс жасауда. Комиссия жұмысы аяқталған соң, қажетті құрылыс материалдарының, тұрмыстық мүліктердің тізімі жасалып, аудан әкімдігі қорынан тұрғындардың шығыны өтеледі. Аудан әкімдігінде қаражат жетпеген жағдайда, облыс әкімдігі қол ұшын созады. Табиғи апат жағдайларының алдын алу мен зардабын жоюға облыс әкімдігінен 1 млрд. 821 млн. теңге қарастырылған. Өткен жылы Самарқанд су қоймасынан 760 млн. текше метр су ағызылса, биыл бұл көрсеткіш 850 млн. текше метр суды құрады. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда су көлемі 100 млн. текше метрге артқан. Ал, бұл су қоймасына жалпы 253 млн. текше метр су сыяды. Дегенмен, қазіргі күні жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметі жоғарғы дайындық жағдайында. Жуық арада бұл жағдай бұрынғы қалпына келетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов.

Ерлан Қошанов ауылдағы Татьяна Вайгант, Тамара Антонова, Валентина Леоненко, Наталья Николаевна есімді азаматшалардың үйінде болып, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Ауылдағы алғаш су астында қалған үй Татьяна Вайгантқа тиесілі екен. Жайылған су үй қабырғасының 1 метр 60 сантиметріне дейін көтеріліпті. Абырой болғанда, мүлкін шығарып үлгерген екен. Мұндай жағдай жоғарыда аты аталған ауыл тұрғындарының барлығының басынан өтіпті. Жертөлесі суға толған тұрғындар қаншама азық-түлігінен айырылғанын айтып, азар да безер. Дегенмен, оларды алаңдататыны жертөленің жағдайы емес, оның үстіндегі еден екен. Су сіңірген тақтайлар шіри бастаса қайтеміз дейді. Кемінде 60 шаршы метрлік үйдің еденін ауыстыруға аз қаражаттың кетпесі белгілі. Дегенмен, облыс басшысы нұқсан келген мүліктердің құны есептелгеннен кейін, барлық шығынның толықтай орны толтырылатынын жеткізіп, басу айтты.

Бұдан кейін, аймақ басшысы Гагарин ауылында болып, Садовое ауылындағы су тасқынына байланысты уақытша білім алуға келген оқушылардың жағдайымен танысты. Тұрғындарды эвакуациялау кезінде алғашқыда 45 оқушы Теміртау қаласындағы туыстарына, 14 бала осы Гагарин ауылына, 2 бала Осакаров ауданына, 3 бала Винский және 2 бала Березнякий елді мекендеріне жіберіліпті. Кейін, 19 сәуірде Садовое ауылынан барлығы 72 бала келген. Соның ішінде, 10 бала туған-туыстарының үйінде тұрып жатса, қалған 62-сі мектеп қабырғасынан тұрақ тапқан. Гагарин орта мектебінің директоры Гүлжан Бижұманованың айтуынша, білім ошағы ғимаратында мектеп-интернаты ұйымдастырылып, балаларға барлық жағдай жасалған. Жас ерекшеліктеріне қарай ұлдар мен қыздарға бөлек-бөлек жатын бөлмелері әзірленген. Жуынып-шайыну бөлмелері тағы бар. Мұнымен қоса, оқушыларға төрт мезгіл тамақ беріледі. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында, шахмат, дойбы, баскетбол, волейбол ойындары өткізіледі.

Аймақ басшысының жұмыс сапары Садовое ауылында түйінделді. 308 тұрғыны бар ауылда биыл 42 үйді су басқан еді. Бұл ауылда да облыс әкімі тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың үйлерін аралап, жағдайын білді. Сондай үй иелерінің бірі – Рауза Тоқбаева есімді азаматша. 2015 жылы дәл осындай табиғат апатына тап болған анаға жергілікті билік жаңадан үй тұрғызып берген екен. Дегенмен, биылғы тасқын қарт ананы әбігерге салып отыр. Айта кетейік, төтенше жағдай қызметі бұл ауылда бүгінгі күнге дейін су сору жұмысын жалғастырып келеді. Апаттың азабын тартып отырған ендігі шаңырақ иесі Әтен Әділхан есімді ауыл тұрғыны екен. Қабырғасы шлактан құйылған үйге 2015 жылы да су кіріпті. Араға екі жыл салып, биыл да судың зардабын шегуде. Сылағы опырылып, қабырғасы жарылған үйде тұрудың өзі қауіпті дейді үй иесі. Өз кезегінде, аймақ басшысы барлық шығынның өтелетінін айтып, үй иелерінің көңіліне үміт ұялатты.

Ерлан Қошанов ауыл ортасында тігілген штабқа да бас сұқты. Мұнда ауыл тұрғындарынан су тасқыны салдарынан бүлінген мүлкін қағазға тізіп, тиісті мекеме қызметкерлері барлық құжатты қабылдайды екен. Аймақ басшысы аудан әкіміне қалаға қатынайтын тегін автобустардың жүріп тұруын және халыққа қызмет көрсету орталықтары мен әділет органдары мамандарының осы ауылға келіп, жұмыс жасауын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, алдағы бір-екі апта көлемінде Чкалов және Садовое ауылдарын тасқыннан қорғайтын бөген тұрғызу жобасын әзірлеуді жүктеді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.