АймақШет

Тұрғындар тілегі ескеріледі

Шет ауданының тұрғындары аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев пен басқарма басшыларына өңірдің өзекті мәселелерін баяндады. Тұрғындардың күйттегені – ауданішілік жолдардың жай-күйі, сапалы ауызсу, интернетпен қамтамасыз ету тәрізді жалпы халықтың өмір сүру деңгейінен көрініс беретін жайттар. Жаңа форматтағы қабылдау Ақжал кентінің мәдениет үйінде өтті.

– Проблемамыз – ұзындығы шамамен 160 шақырым болатын Мойынтыдан Ағадырға дейінгі жолдың жағдайы. Өңір басшысы мұндай учаскені бірден күрделі жөндеу мүмкін болмайтынын тү­сіндірді. Қарамағындағыларға ағым­дағы жөндеу жұмыстарын ба­қылауды тапсырды, – дейді Босаға ауылының тұрғыны Жомарт Тағылбек.

Қарабұлақ ауылы тұрғындарының да бұйымтайы – жолдың жайы. Олар елді мекенді Ақжал ауылымен байланыстыратын 18 ша­қырым грейдерлік жолды асфальттауды сұрай келген.

Сондай-ақ, қарабұлақтықтар жазда сусыз қалатынын да айтты өңір басшысына.

– Ішіп отырған суымыз кермек, ащы. Алты шақырым жерде орналасқан ескі ұңғыманы қай­та жаңғыртуды ұсынамыз. Егер оны қалпына келтірсе, мәселе шешіледі, – деді Қарабұлақ ауы­лының тұрғыны Жұмағали Тәженов.

Ал, ақжалдықтар болса, сапалы интернет керектігін алға тартты.

Кездесуге келген жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Қамбарұлы ауылдық елді мекендерде ветеринар тапшы дейді. Тіпті, аталған қызметтің автопаркін жаңартса да артық емес.

Өңір басшысы барлық сұрақ­тар мен ұсыныстарды жазып алды. Олар бойынша нақты шешім қабылданады.

Облыс әкімі ақжалдық жас­тарға «Nova цинк» компаниясы салып берген спорт кешенінде де болды. Кешен 2004 жылы тұрғызылған. Бұл жерде балалар спорттың 11 түрімен айналысады, бассейн де бар.

Одан бөлек, тағы бір спорт кешені берілген. Онда екі үлкен зал, қажетті құрал-жабдықтар, киім ауыстыратын бөлмелер, душ қарас­тырылған.

– Кешенде 70 бала спортпен айналысады. Тәрбиелену­ші­­леріміз биыл облыстық, рес­пуб­ликалық және халықаралық турнирлердің жүлдегерлері атанды. Олимпиада чемпиондарын тәрбиелейміз деп үміттенеміз, – дейді дзюдодан және самбодан әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Мана­баев.

«Nova цинк» кәсіпорнының жергілікті қазандығы бар. Ақжалдағы 16 көпқабатты үйді, 13 жеке үй мен әлеуметтік нысандарды жы­лумен қамтамасыз етеді.
Бұдан басқа, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында кентте кезекте тұрғандар қатарынан төрт көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Олар үшін екі жаңа үйде пәтер сатып алынады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button