КоронавирусТаным

Тұмылдырық тарихы

Қазіргі таңда  дүние жүзін дүр сілкіндірген «коронавирус» сөзін естімеген адам жоқтың қасы. Біздің еліміздің екі қаласында карантин жарияланып, ел аумағында төтенше жағдай енгізілді. Сақтық және қорғаныс шаралары қолға алынуда. Жоғарғы билік халық мүддесін ескеріп, көптеген жеңілдіктер ұсынып отыр. Ал, өз кезегінде қарапайым азаматтардың міндеті – бекітілген талаптарды қатаң ұстану, жеке бас гигиенасына жіті көңіл бөлу.

Көшеге шыққанда медициналыық бетперде киген жұртты көзіңіз шалған болар. Онда өзіңіз де солай жүруіңіз керек екенін тағы бір мәрте есіңізге саламыз. Енді, осы бетперде тарихына көз жүгіртіп көрелік…

ХІV ғасырда жер бетіндегі 10 млн.-нан астам адамзатты жалмаған оба ауруы кезінде-ақ сол заманның емшілері өздерінің мұндай дерттің алдында дәрменсіз екенін, науқаспен қарым-қатынас жасаған кезде әлденемен қорғану керектігін сезген. Бірақ, оның шешімі араға 2,5-3 ғасыр салып, XVII  ғасырдың бас кезінде ғана табылған. Қазір тағып жүрген тұмылдырығымыздың арғы атасы – Чарль Лорм атты француз дәрігері. Ол балауыз пальто, қолғап, шляпа, сондай-ақ, құстікі секілді ұзын тұмсығы бар бетперде ойлап тапқан. Құстұмсықтың қуысын сірке суы қосылған түрлі емдік шөптермен тығындаған.

Ал, біздің көзіміз үйренген бетперделер ХІХ ғасырда жасалған. Тың жаңалықты француз Поль Бержер мен поляк Ян Микулич-Радецки шамамен бір уақытта ойлап тапқан.  Бұл екеуіне шабыт сыйлаған бір оқиға екенін де айта кеткен жөн. Соның алдында неміс микробиологы Карл Флюгге адам сілекейінде патоген бар екенін анықтаған. Ол ота жасау кезінде дәрігерлер түшкірсе, жөтелсе немесе өзара сөйлесе қалса, науқасқа ауру жұғатынын болжап, ота кезінде киетін арнайы бетперде әзірлеген. Осылайша ол 1897 жылдың қазан айында бетперде киюді бастап, зерттеу жұмысына кіріскен. Бір жылдан астам уақыттан кейін ол бетперде киген дәрігерлер ота жасаған науқастарда инфекция жұқтыру көрсеткіші төмендегенін байқаған. 1899 жылы Карл Флюгге Парижде өткен хирургтер жиынында отаны бетперде киіп жасау керектігі туралы баяндама жасайды.

Жоғарыда аты аталған поляк Ян Микулич-Радецки – бетпердені одан әрмен дамытқан және отаны қолға арнайы қолғап киіп жасаған алғашқы хирургтердің бірі.

1918-1919 жылдары бетпердені қарапайым тұрғындар да кие бастаған. Себебі, бұл кезде  «Испанка» атты эпидемия өршіп тұрған еді. Сондай-ақ, оны Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде химиялық шабуылдан қорғану мақсатында әскери адамдар да пайдаланған.

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, Жапон елінде, Оңтүстік Кореяда, Вьетнамда сәл тұмауратып қалғандардың тұмылдырық тағу мәдениеті қатты дамыған. Бұл басқаларға вирус таратудың алдын алады. Себебі, тұмылдырықты кісі жөтелген немесе түшкірген кезде жалаң қолымен мұрынын немесе аузын жаппайды екен. Бетперде қолға жұғатын микробтар мен бактерияларды айтарлықтай азайтады. Ал, қазіргідей пандемия кезінде оларда жаппай бетперде кию – ешкім ескертпей-ақ жасалатын алғашқы қадамдардың бірі.

Енді бетперде түрлеріне, қандай материалдардан әзірленетініне шолу жасап көрелік. Бастапқыда оларды жұқа материалдардан жасаған. Қазіргі таңда жоғарғы сүзгіштік қасиеті бар полимерлі-талшықты материалдардан тігіледі. Тұрғындар киетін бетперделер үшқабатты болса, ота жасайтын хирургтерге арналғандары төртқабатты болады.

Қарапайым бетперделерді әрі кетсе 3-4 сағат қана пайдалануға болады. Егер, сіз эпидемия өршіп тұрған өңірде болсаңыз, оны 2-3 сағат сайын ауыстырған абзал. Ластанған ауа кезінде, түтіннен, ыстан сақтану мақсатында таққан болсаңыз, алты сағатқа дейін пайдалана аласыз.

Дымқыл ауа райында, түшкіру жиілегенде 1-1,5 сағатта ауыстырған жөн. Себебі, дымқыл бетперденің әсері адамның денесіне жылдам тарайды.

Ал, маска-респиратор таққан болсаңыз, оның бетіңіз бен мұрныңызға оңтайлы жатуы өте маңызды. Ғалымдардың айтуынша, ер адам респиратор тағарда сақал-мұртын қырып тастағаны жөн.

Респираторлар  сүзгілеріне байланысты І, ІІ, ІІІ дәрежелі болып, үш түрге бөлінеді. Шаңға арналған, газға арналған, шаң мен газға арналған респираторларды қалыптасқан жағдайға байланысты өзіңіз таңдап киесіз. Қазіргі коронавирус пандемиясы кезінде FFP3 және FFP2 респираторларының дәурені жүріп тұр. Бұлар – ІІ және ІІІ санаттағы дүниелер. Қорғау қабілеті төмен FFP1 маска-респираторы – І санатта.

Егер, респиратордың маркалануы  R  әрпімен белгіленсе, бұл оны бірнеше мәрте тағуға болатынын білдіреді. Дегенмен, апталап таға алмайсыз, әрі кетсе 3 күн. Егер, респиратордың маркалануы  NR болса, бір реттік болғаны. Мұны 15-16 сағат таға аласыз. D әрпімен маркаланған респираторлар 8 сағаттық жұмысқа арнап жасалған. Жалпы, респираторлар клапанды және клапансыз болып екіге бөлінеді. Қорғаныш санаты орташа және жоғары респираторларда клапан болады.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

 

 

Басқа материалдар

Back to top button