Жаңалықтар

Тәлімді әңгіме өрбіген кеш

ШЕТ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖЕТКЕН ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ КЕШІ ӨТКІЗІЛДІ.

Аталмыш шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас мамандары – М.Орманбаев пен А.Жаңабекова, Төменгі Қайрақты ауылдық округінің әкімі Д.Жақыпов арнайы келіп қатысты.

Кездесуге келген қонақтар жастарға өздерінің мемлекеттік қызметте жетістікке жету тарихы мен ақыл-кеңестерімен бөлісті. Еркін форматта өткен кездесуге қатысқан жас мемлекеттік қызметшілер мен студенттер қонақтарға өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, татымды жауаптар мен маңызды ақпараттар алды.

Билікке деген сенім – халық пен билік арасында алтын көпірге айналған, қоғамның алдында мінсіз қызмет жасай білетін мемлекеттік қызметшіден бастау алатынын білеміз.

Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, мемлекеттік қызметшілердің имиджін қалыптастыру жолында көптеген игі іс-шаралар өткізілуде. Осы жаңа форматта өткен кездесуде емін-еркін әңгімелесіп, өз ойларымен бөліскен жастар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Шет ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button