Жаңалықтар

Түйебалуан

Айханов білген, Аманжолов білген Сәлімбаевты бұл қазақ біле бермейді. Білсе де біреуден естіп қалған, болмаса бір жерден оқып қалған… Ал негізі білуімізге тұратын қазақ! Анық нәрсе – ол кісі біздің қошеметімізге, болмаса мадақ-мақтауымызға, құрметімізге мұқтаж емес. Мұқтаждық мына бізде – өзекті пенделерінде болса керек.

Мына орыс жұрты Поддубный туралы қайта-қайта кино түсіргіштеп кетті. Жауырыны жер иіскемеген деп барынша асқақтатып жатыр. Тіпті, қазақтың қара нары Қажымұқанды да жыққан деп айтушылық бар.

Жөні, жосығы былай еді деп жөн сілтеушілік жоқ. Енжармыз. Содан да қырғыздар көкпарымызды, немістер қымызымызды пайдаланып кетті. Әлемдік бренд жасап алды. Енді күресімізге де келіп жетті.

Күрес – жалпы атауы. Оның түрі жетіп жатыр. Көбісі ұлттық. Соған орай өзбек, француз, грузин болып жіктеліп кете барады.

Біздікі боса болмаса қазақ күресі.

Күні кешеге дейін қазақша күрес деп келдік. Қазір замана ағымымен қазақ барысы деп жүрміз. Одан құрлықтық, әлемдік додалар да өткізіп жатырмыз. Әзірге сіңбей жатыр. Өзімізге сіңбей тұрғанда өзгеге қайдан сіңсін?

Шолақтан кейін ұлықталғаны Әбілсейіт Айханов ағамыз. Оның өзінде орыстың аюын жыққаннан кейін есімі аңызға айналды.

Әрине, ол кісінің алдында да талай атан тірсек балуандар өткен.

Олардың арасында Әлімшайқы Сәлімбаев есімі бөлек тұр.

Қазақ күресінде салмақ, жас деген ұғымдар болмаған. Чемпион деген де атақ болмаған. Ең мықтысын түйебалуан деп асқақтатқан.

Айтып отырған Әлімшайқымыз сондай түйебалуанымыз.

Сонау тоқсаныншы жылдары өзіміздің Ақадырда «Лениншіл жас» газетінің турнирі өтті. «Мастерский турнир» деп ел жынығып жүрді. Сөйтсек жеңімпазына “мастер” деген атақ беріледі екен. Сондықтан да, ондай турнирлердің бәсі жоғары болады екен.

Орайы келгенде біздің үйден дәм татты.

Сол дәмде келелі әңгімелер қозғалды. Сонда мен асыл ағамызға екі сауал тастаған едім. Біріншісі, “Әлімшайқы ағамызбен белдестіңіз бе?” деген сауал. Екіншісі “Аманжоловтан жеңілгеніңіз рас па?” деген сауал.

Ағамыз еш қымсынған жоқ. Мұндай сауалдың алдынан шығатынын сезсе керек. Сәлімбаевпен кілем тұрсын күнделікті өмірдің өзінде кездесе бермеген.

– Ол ағамыздың күші білекте емес, тірсегінде болды-ау деймін, –

Тағы бір тумасы Қамза деген ағасы да ешкімді шақ келтірмепті.

Отызыншы жылдары, анығы отыз алтыншы жыл біздің елге атақты Қажымұқан балуан келіпті. Ол кісінің келетін себебі ауданның бірінші хатшысы Тоқтаровпен тумалас екен. Құрметті қонақты Ленин колхозында күтіпті. Өйткені, колхоз астық орудан алдына жан салмапты. Соған орай, біраз еңбек озатына алды сөлкебай, соңы күпәйке сынды сый-сияпат жасалыпты. Колхоз басқармасы Теңізбай Омаров Ленин орденімен марапатталыпты. Сол тойда Қамза балуан да болады. Бұл кісілер де аталас екен.

Тойда Қажекең неше түрлі жаттығулар көрсетеді.

Қыза келе жұрт Қажекең мен Қамзаны белдестірмекші болады. Күш атасын танымайды дейді де.

Аяулы ағасына қарсы келіп Қамзаны жын ұрып па?

Сонда Қажекең:

 – Мына жұрт қоймады ғой. Бір өнерімізді көрсетейік, – депті.

Таңдауды Қамзаға беріпті.

 – Құдықтан құлақпен су шығарайық, – депті Қамзекең.

 – Метеймен, – депті Қажыекең.

Жолды Қамзаға беріпті.

Сонда Қамза Қажекеңнің жоқ құлағымен су шығарыпты.

– Жеңілген жерім осы болды-ау, – деп Қажекең жолын беріпті.

Рақымның Қамзасы ерен қара өтеді. Онда Қамзаның қарындасы Күлтай жан шыдатпапты. Күлтай балуанқар қыз атаныпты. Елдің айтуынша бертінге дейін күресіпті. Кейін Күлтай есімі ұмытылып, балуан қатын, палуан келін атанады. Шетшоқыда болған тағы бір тойда қатынкүресте бәйгіні шаппай алады. Ортаға қатынды қойып, еркекті шақырады. Сонда ешкім де шықпаған дейді.

Зейнежан Қазақстанның қырық жылдығы құрметіне Шет ауданында өткізілген тойда шаршы алаңдағы белдесуде ешкімді шақ келтірмеген. Сол дуда түйебалуандықты жеңіп алады. Ақтық айқастың соңы төбелеске ұласып, елді біраз дүрліктіреді.

Осы құлақ жағы Зейнежанда да, Әлімшайқыда болса керек.

Сол Зейнежан да, Әлімшайқыда құлақтарымен арба сүйреген деп аңыздайды ел үлкендері.

Былтыр Жұмақас деген әкеміз өтті дүниеден. Тоқсан деген жасына келіп. Сол кісі бір есті әңгіме айтып еді.

– Елуінші жылдардың ортасында Көкбазарда ойын болады екен деген хабар тарады. Соны тамашаламақшы болып Ескі қалаға жиналдық. Соның ең қызығы күресі еді. Әлде шешен, әлде үңгіш Борахай деген біреуі шақ келтірмеді. Мұрты жаңа тебіндеген біреу еді. Бұлшық еттері кәдімгідей ойнап тұрады екен. Соның қорлығы өтіп еді елге. Жеңген адамының басынан аттап өтіп жатты. Сөйтіп, әрісәрі болып тұрғанда аттан тұмшаулы біреуді түсіреді. Алып бара жатқан ештеңесі жоқ еді. Алайда, әлгі тұшаулыны үңгіш лақтырмақ тұрсын орнынан қозғалта да алмайды. Бет пердесін алғанда талып қала жаздадым. Өзіміздің Әлімшайқы ағамыз екен…

Тағы да айтады ағамыз:

– Әлгіні қырқа шалды, – деп.

 Тағы да айтады ағамыз:

– Әлгінің дамбалын шешіп түкіргенін айтсайшы…– деп

Осыдан-ақ Әлімшайқының намыстың адамы екенін көруге болар.

 Сол отырыста Әбілсейіт ағамыз айтып еді-ау:

 – Әлімшайқылар мүлті жоқ, қапысы жоқ апайтөстер еді-ау… – деп.

Және де айтқан:

 – Бауырым-ау, сен айтып отырған Сағжан бір емес, менімен екі рет қара жердің шаңын бұрқ еткізген… – деп.

Айтары жоқ, Әлімшайқы Сәлімбаев есімі алысқа кеткен қазақ балуандарының бірегейі. Қазақ күресінен Қазақстан мен Орта Азияның он бір дүркін чемпионы.

Қазақ балуандары арасында спорт шебері атағын алғаш болып алушылардың бірі.

Ұзақ жылдар бойы Қылан Бақыжанов ағасымен, бауыры Серік Демесінов інісімен боз кілемде жай оғындай жарқылдады.

Еліміздің бес дүркін түйебалуаны атанды.

Күнделікті өмірде өте қарапайым болды. Мотоцикл теуіп жүретін. Аяғы салбырап. Не сол екі аяқтың артында кетіп бара жататын.

Ел қашанда қолдан келгенше құрметтеп отырды.

Бүгінде туған топырағы – Ақжал кенішінің бір көшесі Әлімшайқы балуанның атымен аталады. Осындағы спорт кешеніне де балуан есімі берілген. Ол кісі атында жыл сайын жарыстар өтіп тұрады.

Төрехан МАЙБАС.

ШЕТ ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button