Бейжің - 2022

Сынға түсер саңлақтар

Ұлттық Олимпиада комитеті Бейжің Олимпиадасына баратын құрамды анықтады. Ақ Олимпиадада ел намысын 34 спортшы қорғайтын болды. Және сенім артқан саңлақтарымыз Олимпиадаға бүгін ұшады. Сонымен қатар, Бейжің-2022 ұйымдастыру комитеті ойынға қатысушылардың денсаулығын сақтау үшін қатаң шараларды қолға алыпты.

Спортшыларға күнделікті жүріс-тұрысын енгізіп отыратын «плейбук» шығарылыпты. Команданың негізгі бөлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы арқылы чартерлік рейспен Қытайға ұшады. Ал, шетелдерде жиында жүрген спортшылар кесте бойынша Бейжіңге барады.

Ел намысын қорғайтындардың тізіміне келейік. Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясының (FIS) шешімі бойынша, Қазақстан командасына шаңғымен жарысудан қосымша бір жолдама берілді. Бұл тағы бес бағыт бойынша бақ сынауға мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ, фристайл-могулдан тағы бір квота бөлініпті.

Шаңғымен жарысудан ел атынан екі ер адам және бес әйел адам сынға түседі. Олар: Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга. Фристайл-могулдан бақ сынайтын спортшылар тізімі: Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.

Шаңғы акробатикасынан Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев Қазақстан намысын қорғайды. Тау шаңғысынан қазақстандық Захар Кучин слалом мен гигантты слаломда сынға түссе, әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая жарыс жолына шығады.

Шаңғымен секіруден Сергей Ткаченко мен Данил Васильев Олимпиада жолдамасын иеленді, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаровқа сенім артамыз. Ол аталған спорт түрі бойынша Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырған қазақстандық ретінде тарихта қалмақ.

Биатлоннан Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузинге жанкүйер боламыз.

Шорт тректен бес спортшы бақ сынайды. Олар – Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова. Осылайша, қысқы Олимпиадаға 87 жолдама жеңіп алдық. Еліміздің көк туын Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдова көтеріп шығатынын тағы да естеріңізге сала кетейік.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button