Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлықпен күрес-ортақ парыз

Егемендік алып, ел болып, еңсесін көтерген еліміз Елбасының сындарлы саясатының арқасында толағай табыстарға жетті. Алдымен халықтың әлеуметтік әлеуетінің артуына баса көңіл аударып, ел дамуының басым бағыттарын айқындады. Тәуелсіз елдің іргесінің нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар қабылдап, жүйелі жоспарлар бекітті. Осындай еселі еңбектің арқасында мемлекетіміз әлемге өзінің біртұтас, ажырамас бірлігімен танылды. Дегенмен, жасампаз мемлекетіміздің жарқын болшағына дақ түсіріп отырған сыбайлас жемқорлық мәселесі бүгінгі қоғамның басты кеселі болып отыр. Жемқорлық еліміздің бәсекеге қабілеттілігіне едәуір нұқсан келтіретін, қоғамда болып жатқан жаңа мүмкіндіктердің жүзеге асырылуын тежейтін, еліміздің халықаралық беделіне сызат түсіретіні белгілі. Түптеп келгенде, адамдардың заң мен әділдікке, билікке, жалпы демократиялық қоғамға деген сеніміне селкеу түсіріп, ел дамуына кері әсер етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнайтын әр Жолдауында жемқорлықты түбегейлі жою тетіктерін ұсына отырып, онымен күресудің жаңа стратегиясын қалыптастыру мен оны іске асырудың маңыздылығын қайталап келеді.

Жемқорлықпен күрес бүгінде мемлекеттік түйткілді мәселеге айналып отыр. Адам баласына жат қасиеттің алдын алу мақсатында аудан бойынша жоспарлар бекітіліп, жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. Аудан халқының ертеңі үшін, өскелең ұрпақ алдында еңсемізді биік ұстау үшін, бұл кеселді түп тамырымен жою мақсатында аудандық «Қарқаралы» газетінде жемқорлық жайлы мақалалар үздіксіз жарияланып келеді. Ел экономикасының өсіп-өркендеуіне өрескел кедергі келтіретін жемқорлықтың алдын алуда аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аумақтық комиссияның отырыстары жиі өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жүргізу үшін құрылған арнайы мониторингтік топ құрылып, кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Осындай келеңсіз құбылыспен түбегейлі күрес жүргізу тек сот пен құқық қорғау және мемлекеттік мекемелердің міндеті емес екендігін түсіндіру мақсатында аудан бойынша «Параға емес, биікке ұмтыл» және «Назарсыз қалдырма, жемқорлықтың тізбегін үз» атты тақырыпта CALL орталығының 1424 нөмірі жазылған баннер орнатылды. Аудандық жастар ресурстық орталығы қызметкерлері мен волонтерлер жастар лигасының атсалысуымен «Мүлдем төзбеушілік қағидатын орындау – әр азаматтың парызы» атты акция ай сайын өткізіліп тұрады. Ел арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімділікті жетілдіру мақсатында ауданда өткен «Адал жол – Честный путь» атты онкүндік марафоны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекет пен қоғамның күш біріктіруі арқылы жүзеге асатындығын көрсетіп берді. Мемлекеттік мекемелерде бірінші басшылардың жеке қабылдау кестелерімен, ақпараттық стенділер орнатылған, сол сияқты жеке және заңды тұлғалар үшін арыз-шағымдарға арналған пошта жәшігі жұмыс істеп тұр. Барлық деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің «Сенім телефоны» аудандық газетте тоқсан сайын міндетті түрде жарияланып отырады. «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біз түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек»,– деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, адалдық ардың ісі екендігін көрсете отырып, қоғамдық кеселге қоғам болып күш біріктіріп, қызмет жасаймыз. Олай болса, жегі құртты жеңу еліміздің әрбір азаматының адалдық пен адамдық борышы.

Халел Мақсұтов,

Қарқаралы ауданының әкімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button