Спартакиада алауын жақты

Бейсенбі күні Нұра ауданында облыстық «Сарыарқа-2018» жазғы ауыл спартакиадасының алауы тұтатылды. Осымен 32-ші рет өткізіліп жатқан дәстүрлі спорттық шара бұл жолы Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналды. Бабымен бағы келіскен, спортты жанына серік еткен бозбалалар мен бойжеткендер спорттың 18 түрі бойынша сынға түсіп, әр ауданның спортшылары өздерінің мықтылықтарын дәлелдеуде. Айтулы додаға мыңға жуық спортшы қатысуда.

Спартакиаданың салтанатты түрде ашылу рәсімінде Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов құттықтау сөзін жеткізді.

 – Бүгінгі спартакиадаға қатысушыларға абыройлы жеңіс тілеймін. Қарағанды спортшылары халықаралық, әлемдік деңгейде жоғары жетістіктерді бағындырып келеді. Біздің мақсатымыз – жастарды спортқа тарту, дене шынықтырумен айналысуға шақыру. Спорт саласындағы жаңа есімдерді анықтау. Елбасының жоспары бойынша, 2020 жылға қарай халықтың 30 пайызы спортпен айналысуы керек. Біз ауыл жастарын спортқа баулу арқылы биік белестерді бағындырамыз. Біздің ауданымызда өтіп жатқан облыстық жазғы «Сарыарқа-2018» спартакиадасы, Нұра ауданының 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Нұралықтар спортшыларын мақтан тұтады,– деді Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов.

 Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов өңірде бұқаралық спортты дамыту, дойбы, шахмат, үстел теннисі, президенттік көпсайыс, асық ату, қазақ күресі, қол күрес, кір тасын көтеру сынды спорт түрлерін жастардың арасында насихаттау кезек күттірмейтін мәселе екендігін атап өтті.

Бұдан кейін төрешілер қауымы жарыс ережесін түсіндіріп, Нұра ауданының тумасы, «Аударыспақ» ұлттық спортынан облыстың 4 дүркін жеңімпазы, ҚР спорт шебері Жанболат Тайжанов спартакиада алауын жақты. Спорттық сайыстың салтанатты ашылуынан соң театрландырылған көріністер басталып, жасыл алаң үстінде мектеп оқушылары, алуан түрлі ырғақпен бір кісідей символикалық белгілерді бейнелесе, аудан өнерпаздары көрініске белсене ат салысып, спартакиаданы тамашалауға жиылған көпшіліктің ықыласына бөленді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.