Ресми

Сот саласындағы соны қадамдар

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған саяси реформалар легі Жаңа Қазақстан құрылысының тарихи кезеңі екендігіне шүбә жоқ. «Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Президент ретіндегі міндетім» деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Егемен еліміздің Ата Заңында мемлекеттің басты құндылығы – адам және оның өмірі деп көрсетілді. Енді осындай тәуелсіз елдің азаматтарының һақы мен құқығы лайықты деңгейде қорғалуда ма? Президент реформаларының сот саласындағы бүгінгі орындалысы туралы сөз еткенді құп көрдік.

Сот дегенде, көз алдымызға қара киініп, үкім ететін қатал адамның елестері рас. Соңғы кезде қолданыс­тағы заңдарымыздың өңіріміздегі жаңашылдығы һақында мәлімет қажет болды. Сот саласындағы өзгерістер қарқын алғаны жалпыға жасырын емес. 2019 жылдан бері 41 заң әзірленсе, оның 31-і күшіне енген. Судьяларды іріктеу тәртібі өзгерді. Сот шешімінің форматы өзгертілді. Бүгінде кез келген сот өкілі тиісті шешім шыққан соң оның мән мен мазмұнын қоса түсіндіреді. Фронт-офистер енгізілуде. Сот үде­рісінің көпшілігі қазір онлайн режимде өтуге ыңғайланды. Жекелеген тұрғындар өтініші бойынша офлайн режимінде де өткізу мүмкіндігі бар.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы «Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне процестік заңнама­ны жетілдіру және сот жүйесін ре­формалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Мұның өзі бұрын болған көптеген кедергілердің бетін қайтарды.

Түзетулер енгізілгеннен кейін ювеналды соттардың соттылығы кеңейеді. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот­­тардың құзыретіне кәмелетке тол­маған балалар болған кезде некені бұзу және мүлікті бөлу туралы азаматтық істер жүктеледі.

Апелляциялық сатының ролін күшейту бөлігінде іс жүргізу заңнамасы және сот жүйесін реформалау жетілдірілді. Бұл судьялық қателіктердің санын азайтуға, сот актілерінің сапасын арттыруға, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге, азаматтар мен кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын тезірек қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

– Сот саласындағы реформа – өте күрделі процесс. Кез келген өз­ге­ріске таразы басын тең тартып, байыппен келген абзал. Сандарға тоқталып өтсек, соңғы 20 жылда республика бойынша күніне 20 мыңға тарта іс тіркелетін еді. Өзіңіз сараптай беріңіз. Бұл сот өкілдеріне адам сенгісіз ауыртпашылық екендігі түсінікті. Бүгінде іске асырылған табысты реформалар арқасында судьялар істеуі қажет емес міндеттер нотариустер мен мемлекеттік органдарға жүктелді. Дау­ларды шешудің балама тәсілдері даму үстінде. Көптеген облыстарда әкімдіктермен бірлесіп, соттан тыс медиация орталықтары құрылды. Бұрын істі мәні бойынша қарау көтермеленетін, қазір қағидат өзгерді. Мемлекет тараптарды татуластыруға көбірек көңіл бөледі. Бұл – сот төрелігінің үрдісі, – дейді Қазыбек би аудандық № 2 сотының судьясы Динара Тегжанова.

Салыстырып өтсек, шетелде түрлі даулардың 70-90 пайызы медиация жолымен шешіліп жатады. 2020 жылдан бері бізде де штаттық судьялар медиациямен айналысып келеді. Әу бастан қолына түскен талап-арыз бойынша сот өкілі қос тарапты шақырып алып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Осының арқасында көпшілік жұрт татуласу шартына көніп жатады. Яғни, гәптің бәрі адамға түсіндірме жұмыстарының қажет екендігін көріп отырмыз. Дәйек: бұрынырақ әр тоғызыншы іс бойынша бейбіт келісім орнаған болса, қазір әрбір үшінші іс бойынша тараптар ымыраға келуде.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде соттардың электронды залдары құрылды. Осы арқылы электронды құжат алмасу үдерісі барынша оңтайланды. Мұнымен бірге, жасанды интеллект қосымшалары қоса енгізілуде. Смарт сот жобасы бойынша істерді қарастыру үрдісін оңтайландыру шаралары әлі де жүзеге асуда.
Әдетте кез келген азамат құ­қы­ғының тапталғанын аңғарған болса, құқығының қорғалуын талап ететін жер таба алмай абдырайтыны бар. Мұндайда әр өңірде фронт-офистер мен сот канцелярияларына соғып, жауап ала алады.

Адвокат Илья Малахов та «Сот жүйесіне сенімдісіз бе?» деген сұрағымызға жауап бере кетті. Сөзінше сот төрелігінің дербестігін әлі де айқындай түсу керек. Себебі, «сот төрағасы» деген лауазым көптеген соттың толыққанды тәуелсіз шешім қабылдауына кедергі жасауы бек мүмкін.

– Анығында сот ешкімге ешқашан тәуелсіз тұлға болғаны бірінші шарт. Жаңа Қазақстандағы сот халық сенімі тарапынан сайланғаны абзал деп те санаймыз. Себебі, адам тағдырын шешетін болғандықтан, кез келген үкім шығарушы жан халық сеніміне ие болғаны орынды. Сонда сот төрелігі халыққа есеп беретін әділетті сипат алары сөзсіз. Алайда, түбегейлі нәтижелерге қол жеткізу үшін бізге уақыт та қажет. Сана қалыптасқаны маңызды. Сондықтан, бұл тұрғыда қорытынды шығарып нүкте қою әлі ертерек,– деп санайды адвокат.

Алаш арысы Міржақып Дулатов «Халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмейтін сот – сот емес, сор» деген екен. Қазақстанда сот жүйесін жаңғырту жалғасуда. Қазіргі уақытта, ел Президенті атап өткендей, Соттардың қызметін неғұрлым тиімді және ашық етуге арналған жаңа нормалардың нақты іске асырылуын қамтамасыз ету қажет. Президент қозғау салды, Үкімет жүзеге асыруда. Енді халықтың алғысын арқалар төрелігі тура сот жүйесінің де ауылы алыста болмас деген сенім білдірелік.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button