Бас тақырып

Сор болған СҰЛУЛЫҚ

Жасарып, әдемілене түсеміз деген қарағандылық 162 әйел алаяқтардың құрбанына айналып, үлкен сомада несие төлеуге мәжбүр. Бұл – құқық қорғау органына арыз бергендердің ресми саны ғана. Ал, қалтасы қағылып, косметологиялық қызмет бұйырмай, санын соғып, бармағын тістеп қалғандардың бейресми саны мыңнан да асуы мүмкін дейді жәбірленушілердің заңды мүддесін қорғап жүрген заңгер. Әйелдің әуел бастан әдемілікке ұмтылатын жанды жерінен дөп басып, өз мақсаттарына пайдаланған сұлулық салонының қызметкерлері келтірген шығын алдын ала жүргізілген есеп бойынша 25 миллионнан асады. Айтпағымыз, Beauty KRG эстетикалық медицина орталығы жайлы.

Сызба әдеттегідей. Орталық қызметкері қоңырау шалып, процедуралардың біреуін тегін алуға шақырады. Тегін дегенді естіген әйелдің әлбетте, желпілдей жөнелетіні анық. Оның үстіне, бір тиын да төлеместен, жасарудың сәті түсіп тұрса, неге бас тарта қойсын?! Алаяққа да керегі осы. Онсыз да әсерленіп отырған әйелдің құлағына жағымды бірді-екілі мақтау сөз айтып, қала берді, психологиялық манипуляциялардан кейін олар қартаюға қарсы маскалар, бет тазартқыштар, массаж және тағысын тағы осы сияқты процедураларды бір жыл бойы алып отырулары үшін банктен несие алып қойғандарын өздері де білмей қалады.

Бір қызығы, банк қызметкерлері де орталық ғимаратының ішінде. Алысқа бармастан, онсыз да мақтаумен мадақтаудан басы айналған әйелдің мойнына үлкен соманы іледі де жібереді. Банк берген ақшаны көзбен көріп, қолмен ұстаса оған да құба-құп дерсің. Шартқа қол қойылғаннан кейін сұлулық салоны бір жылға ұсынатын қызметтердің құны үшін банк оны қызмет ұсынушының шотына аударады. Сома әр түрлі. Ол өзіңіз қалаған қызмет түріне қарай 300 мың теңгеден басталып, көтеріле береді. Былайша айтқанда, ақысын төлесеңіз, кез келген қыңырлығыңызға көнуге дайын. Енді қараңыз, салон қызметі үшін несие беретін екінші деңгейдегі ресейлік «Альфа Банк» бұған дейін де алаяқтық сызбаларды қаржыландырумен аты шыққан.

– Сұлулық салонының әуел бастағы жоспары – осы. Зәулім ғимаратты жалға алып, адамдарды шақырып, түрлі қызметтерді ұсына бастайды. Сосын, қомақты қаржы жинап алғаннан кейін, қашып кетеді. Бұндай жағдай тек Қарағанды емес, Қазақстан бойынша да тіркелген. Мәселен, Алматының өзінде 2500- ге тарта әйел зардап шеккен. Олар бұның қасақана қылмыс екенін біле тұра, осындай әрекетке барған. Ал, банк соны біле тұра, олармен келісімшартқа отырған, – дейді «Қамқор-Қазақстан» заң компаниясының заңгері Қайрат Жұртболов.

Заңгердің айтуынша, осы банктің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Соған қарамастан, «Альфа Банк» әлі де қаржыландыруды жалғастыруда.

Ақша салон шотына түсті. Енді, салон емес, тұтынушы салонның табалдырығын тоздырады. Себебі, қомақты қаржы төленген. Өздері қалаған процедураларға жазылғылары келгенімен, не телефон көтермейді, не қызмет көрсететін маман болмай қаладымыс. Әне-міне дегенше, сұлулық салоны өзін банкрот деп жариялап, жабылады да қалады. Сұлулығымызға сұлулық қосып, жасарамыз деген әйелдер, «мүйіз сұрап жүргенде құлағынан айырылған» тоқал ешкідей, жасармақ түгілі мойындарына бірнеше несие іліп алып, полицияға арыз жазуға мәжбүр болды.

Бұл – алаяқтық. Эстетикалық медицина орталығының қызметкерлері әйелдерден үлкен сома жинап алып, жабылып қалды. Олар міндеттемелерін орындамау үшін айына бір рет қана бізді процедураларға жазып отырды. Нәтижесінде, жабылып тынды. Олардың көздегендері де осы еді, – дейді 500 000 теңге несие алып, бірақ ақшаны да, косметологиялық қызметтерді де көрмеген Екатерина есімді жәбірленуші.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше Орталық полиция бөліміне 162 арыз келіп түскен. Күдіктілер – екеу. Біреуі – 29, екіншісі – 34 жастағы әйелдер. Ал, заңгер Қайрат Жұртболов «заңға сүйене отырып, косметологиялық орталықта жұмыс істегендердің барлығын жауапқа тарту керек, себебі, барлығының әрекетінде қылмыстық құрам бар» дейді. Қазір аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Жыл сайын алаяқтық түрлері де көбеюде. Әсіресе, сұлулық салондарына алданып, сан соққандар жайлы ақпараттан көз сүрінеді. Соған қарамастан, алданғандар саны артпаса, кемитін түрі жоқ. Бұның барлығы адам психикасына кері әсері бар деп бағаланған Instagram әлеуметтік желісіндегі жұлдыздар өміріне қызығушылықтан пайда болғанына да тоқталды заңгер Қайрат Жұртболов. Оның айтуынша, әдемі өмірге қызығып, уақытын текке өткізгенше, құқық саласындағы маманның парақшасына жазылып, кеңесін алып отырар болса, білімін толықтырса, осындай өкінішті жағдайға ұрынбас еді дейді.

…Жастық мәңгілік емес. Қарттық дегеніне жетпей қоймайды. Әр жастың өзіндік ерекшелігі, артықшылығы бар. Жас келген сайын адам айналасына сырт келбетімен емес, даналығымен сүйкімді бола түспей ме?! Бұл жасқа қатысты. Ал, тән сұлулығын уәде еткен Beauty KRG тәрізділердің арбауына түскендер алдымен салалық дәрігердің кеңесін алар болса, күмәнді салондардың арбауына түсіп, несиеге белшесінен батпас па еді, кім білген?!

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button