Басты тақырыпРуханият

Сонарда

   «Нілді біздің тауымыз» дейтін Өспен ауылынан күнмен таласа біз де атқа қонғанбыз. Төбеңнен төнген бұлтсыз аспан көк айна мұз секілді, ерекше тұнық. Айнала аппақ, алдымыздағы дала мөлдірей қарап, сүлесоқ жатқан алып көріністің өзі. Үп еткен жел болсайшы. Шыңылтыр аяз ептеп бет шымшиды. Күн райынан керемет бір жайлылық сезіледі.

Бүгінгі сонарға тап болған біз – екеуміз. Қасымдағы досым – Мәди, сойы – Мұқанов. Менің астымда Қасқа ат, оның астында Күрең. Қаладан кеше шыққанбыз, негізі. Мен кешкі пойызбен, ол көлігімен келіпті. Аңға шығамыз деген ойымыз жоқ-ты. Балам Балтаны атасы мен әжесі бауырына басқалы ауылға соғуды жиілеткем. Досым демалысқа келіпті. Келсек, ауылдағы жігіттер «ертең қансонар» деп кеу-кеу етеді. Бауырым Кенжебек «негізі, нағыз сонар бүгін болды. Алдыкүні жауған қар таңға жақын басылған. Ертең ұзақ сонар» деп бір қойды. Ұзақ, қысқасына қарап отырған біз бар ма? Түнде сөз байластық та, таңертең тартып кеттік. Хакім Абай айтпақшы, «Жақсы атпен тату жолдас – бір ғанибет». Онда мылтық, менде тазы дегендей. Бүгін ғана емес, аңға ертеден, оқушы кезімізден шығып жүргендіктен, бір-бірімізге сыралғы болып алғанымыз тағы бар.

Күн ашық, аттар тың, ширақ. Бір-бірімізді жаңа көргендей, әңгімені жіберіп келеміз. «Ат үстінде бесті қымыздың қызуы бар» деген – осы. Шилықорықтың  қырқаларымен Қарашоқыға да ілігіп қалыппыз. Ауылдың оңтүстік-батысы бұл жер, бес-алты шақырым қашық. «Бұған дейін бір қоянның ізі кездеспеуі қалай?» дедім Мәдиге. «Бұрын ауыл маңында болушы еді қоянның бәрі?». «Ауыл маңын қулар қоя ма? Көжектері әлі толық жетілмей, тамыз-қыркүйек айларында қыра бастайды. Кеш батысымен, соңдарынан көлікпен шам алып түседі. Көжегі былай тұрсын, көлік шамымен қоса прожектор (көлік шамына қосалқы жарық қуаты күшті шам) түскенде үлкен қояндардың өзі қаша алмай қалады. Күнде бес-алтау, он шақтыдан атып алады. Қисапсыз қырғын». Оны өзім де білетінмін. Өйткені, бала кезімізде біз де сол қатардан табылғанбыз. Білместік екен. Кейін ақыл кіре қойдық қой. Табиғи тепе-теңдік деген бар. Нағыз аңшы қараша айында қар түсе атпен тазы қосып, кезі келсе мылтықпен атып, айласын асырып алуы керек мақұлқатты.

Қазір қар қатып кеткен. Қасат қардан әлділері болмаса, анау-мынау аттың өзі аяғын зорға алып жүреді. Мұндайды ақсақ ойылып отырады дейді. Біресе қатқан қардың үстімен, біресе батып отырғанды айтады. Оның үстіне, қоян атқанға болмаса, аң аулау мезгілі аяқталған. Біздің елде түлкіні қазан айының ортасынан желтоқсанның жиырмасына дейін ғана аулайды. Яғни, «теке бұрқылы» өткеннен кейін бірді-екілі болмаса, түлкі ала қоймайды. Біріншіден, бұл уақытта қар қатып кетеді. Түлкі қардың үстімен зымырайды да, ит батып кетіп, жүйрік тазылардың түлкіге жетуі қиындайды. Екіншіден, желтоқсанның жиырмасынан былай түлкі түбіттеніп үлгереді. Түбіттенген түлкінің терісі онша құлпырып тұрмайды. Қысқасы, әдемі қалпынан айрылады. Сабалақ-сабалағы шығады. Манадан бері түлкіні қойып, қоян деп келе жатқанымыз содан. Бірақ, кездесіп қалса, түлкі қуып қызықтағанға не жетсін?! Қалада жүріп, аңнан қол үзе бастаған біз сияқтыларға. Ал, бөрінің жөні, тіпті, бөлек.

Қарашоқыдан екеуміз қаққа айрылғанбыз. Мәди ұшқаты аралас қалың қараған бойымен кетті де, мен тау жағын алып отырдым. Ол – қағушы, мен тоспадамын. Абайша айтса, «бүркітші тау басында, қағушы ойда». Бірақ, менің соңымдағы тазы – Көкқұс. Өз әлінше ол да қыран. Бір кезде қағушым жалт бұрылып, із кесе бастады. Алайда, қоян мылтық оғы жетер жерге жолатпай, алыстан тұрып қашты. Үркіп, әккіленіп алған да. Тауды да бетке алмай, төменге салды. Шамасы, мені көріп қойса керек.

Біз Тышқанбайдың төбелерін қаға-маға Малдыбайға құлағанда күн әжептәуір көтерілген. Алысқа қарасаңыз ақ қарға шағылысып, көз қарықтырады. Малдыбайдың қарағанды қырқаларында қоян көп екен. Бір емес, төрт қоян алыстан қашып, атқызбай кетті. Мәди екеуін алыстан атқанымен, дарымады. Одан аса бере қашқан түлкіні қуып, қызықтадық. Жоғарыда айттым, қар қатып алған, қоян да, түлкі де итке жеткізбейді. Шіліктібұлақтың жоталарына шықсақ, қары сол қалпы үлпілдеп жатыр, қатпапты. Кездессе, қай аңды болсын атпен соғардай екен. Бір шоқыдан құласымен, бір қоян жайылыпты. «Құдай берді» дедім Мәдиге. Осы жерде айта кетейін, қоян көбіне көкпекті, тұзды жапырақты жерлерде жайылады. Бала күннен білем. Бұл да сөйтіп жайылып, аз жортып барып, өз ізін кейін қарай қайта басып, оңға қарай секіріп кетіпті. Бұл – қояндардың жатар алдындағы әдепкі айласы. Секіргенде, ізі кемі үш метр жерден бір-ақ түседі. Онда да екі-ақ аяқпен түсіп, әрі қарай тағы секіріп, одан бетер неше түрлі шимай-шатпақ жасап, ізден жаңылыстырады. Мен күні бойғы нәтижесіз тоспадан жалықсам керек, досыммен қапталдас із кесе бердім. Ұрымтал жерден қашса, атым ілкімді, қайырып аларыма да сенімдімін. Өйткені, қатпаған ұлпа қар. Екеуміз секірген ізбен жүріп беріп ек, қоян дәл жанымыздан атып тұрып қашты. Мәди атып еді, тимеді. Сол бетте айқайды басып мен қосылдым. Бырт етіп сол жақ үзеңгімнің таралғысы үзілді де кетті. Қарамай құйғыта беріп ем, алдымнан бір емес, үш жыра қатар шығып, ат кідіріп-кідіріп зорға өттім. Әлгі жыраларды бұрында білетінмін, есім шығып ұмытып кетіппін. Және шапқан ат кілт тоқтағанда, бір үзеңгі жоқ, екі-үш рет түсіп қала жаздап, әрең түзелдім. Сөйткенімше қоян ұзаңқырап алды. Дегенмен, жыраларды артқа қалдырысымен, барынша жіберіп отырып, келесі төбе үстінде жеттім қоянға. Әлі беки қоймаған қардың қалыңдығы сонша, иттер маңайлай алмай қалды. Артымда ұзағырақта келеді екен, қоянды соларға қарай қақпалап, бетін бұрғаным сол еді, жұмсақ қалың қармен ағып келе жатқан атым омақа асты. Ұшып барып, қарға басыммен кидім. Бірақ, түк болған жоқ. Атып тұрып атқа қайта мінейін десем, мана үзілген мінер жақ үзеңгім екен. Жанталасып, қамшылар жақтан міне салып, қоянға қайта қосылдым. Біршама ұзаған жерінен қайырып, Көкқұстың алдына әкелдім. Қарға малтығып жүр екеуі де. Ит әлдірек, әйтеуір, алды-ау барып.

Ат құлаған жерді барып қарасам, бұлақтың табаны, шұңқыр екен. Аяғы аман қалған қайта. Атпен қуып, итпен жеңіп алған қоянды досыма байладым. Қазақтың салты. Аң біткенді көлікпен қисапсыз қырушыларды бір Тәңірге байладым. Табиғаттың жазылмаған заңы. Сөйтіп, үйге түнделетіп жеттік. «Атан өлсе, сойылар, Атаң өлсе, қойылар. Бізге мұндай қансонар, Күнде қайдан табылар?!» немесе Абайша айтса, «Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген, Бір қызық ісім екен сұм жалғанда».

Жәнібек ӘЛИМАН

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button