«Смартферма» қандай ферма?

Жаратқанның ғарышқа ұшқан жұмыр басты пендесі XXI ғасырда жасанды ақыл-ойды жасап шығаратын қабілетін айқын көрсете бастады. Жасанды интелект, яғни, робот құрастыру арқылы қол жұмысын жоққа тән ету – адам миының жемісі. Қай салада болсын, дендеп енген жасанды интелект иелері адам атқаратын жұмысты айрықша ынтаықыласпен меңгеретінін көріп жүрміз. ірі өндіріс-кәсіпорындарды айтпағанның өзінде, әлемнің фермерлері бүгінде жасанды интелектісі жоғары технологияға жүгініп отыр. Жаһандану үрдісінен қалыс қалмауға ұмтылған Қазақстан да бұл орайда қарап отырған жоқ. Мәселен, Қазақстанда осы күні бар жұмысты робот атқаратын оннан астам сүттітауарлы фермалар жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бұл фермалар алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықталған. Ол технологиялар дезинфекция жасап, сиырларды өздері сауып, жем-шөбін береді. Астын тазалайды. Сонымен қатар, желдеткіш жүйесі арқылы қора-қопсықтағы ауа жағдайын бақылауда ұстайды. Бұдан бөлек, сиырлардың тоқ, аштығын да бағдарлай алатын көрінеді.

Мұның сыртында SMART-фермалар құру арқылы малдардың табынын бақылап, басқаруға, дербес жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Барлық есеп-қисапты онлайн тәртіпте жүзеге асыру және бар. Ал, Қарағанды облысында «Шанс» және «Еңбек-95» шаруа қожалықтарында смартферма құру жоспарланған болатын. Сүтті-тауарлы фермалар қанатқақты жоба ретінде жүзеге асуда.

Сонымен, жалпы смартфермадан не күтуге болады? Негізі, деректердің айтуынша, ауыл шаруашылығы робототехника мен автоматтандыру саласына таптырмас түрен тимеген тың сала. Сондықтан да, осы орайда робототехникамен айналысатын мамандар әлеуеттерін барынша қолдануына әбден болады. Біздің білуімізше, әзірге бұл салаларда бәсекелестік аз. Керісінше, озық технологияларға зәру шаруашылық шаш етектен.

Ал, смартферма арқылы шаруашылықтар неге қол жеткізе алады? Зерттеулерге сүйенсек, түрлі Аг-Боттар (agro-bot) егіс даласындағы жұмысты атқарады. Бірақ, олардың қалыпты жұмысы үшін интернет желісінің аса қажеттігі де зор екенін ұмытпаған жөн. Сол себепті, алдағы уақытта ауыл шаруашылығындағы шаруа қожалықтары ақылды ферма арқылы дамуды көздесе, алдыңғы қатарлы технологияға бастайтын жүйелерді меңгеруі тиіс.

Ауыл шаруашылығына автономды роботтық жүйені енгізу арқылы қол жұмысы азайып, тиімділік, сапа пен өнімділік арта түсетін болады.

Мамандардың мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығына цифрлық элементтерін енгізу фермерлердің өндірістік процестерінің тиімділігін едәуір жақсартады. Мұндай элементтерге өрістердің электрондық карталары, ауа райы туралы нақты деректер, датчиктер мен сенсорлар, ғарыштық мониторинг және т.б. SMART-фермалардың іске асуы малдың мониторингін жүргізуге және жануарларды басқаруға мүмкіндік береді. Жылуды автономды басқаруды қамтамасыз етеді, шығынды есепке алу және шығындарды онлайн тәртібінде талдауға мүмкіндік жасайды. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бәсекеге қабілеттілікті және еңбек өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және салаға инвестиция тартуды көздейді.

Қызғалдақ Айтжан