Бас тақырып

Сирек металдың стратегиялық маңызы

Жер қойнауындағы байлық – ел болашағының кепілі. «Біздің елдің ресурстары мен әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Ол үшін геологияға баса мән беру керек. Ол үшін Ұлттық геология қызметі құрылады. Алайда, ол қызмет монополиялық сипатқа ие болмауы керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына Жолдауында. Бұл – ел экономикасын әртараптандыру жолындағы маңызды қадам әрі жер астындағы байлықты ұлт игілігіне жаратуға бағытталған жаңа көзқарас.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Осы орайда «Президент тап­сырмасы өңірде қалай атқарылып жатыр?» деген заңды сауал ту­ындайды. Белгілі болғандай, Қа­рағанды геологтары аталған ба­ғытта қол қусырып жүрген жоқ. Аймақта сирек жер металда­рының мол қоры бар жаңа кен орны анықталды. Бұл жаңалық еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға жол ашуы бек мүмкін. Жиынтықтайық. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдерінің ақпарат айдынына жолдаған ресми мәліметінше, «Центргеолсъемка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі геологиялық барлау бағдарламасы аясында Қарқаралы ауданындағы Құйрықтыкөл учаскесінде тиісінше барлау жүргізіп, сирек жер элементтеріне бай бірнеше басымдығы жоғары аймақтарды тапқан.

Құйрықтыкөл – Астанадан оң­түстік-шығысқа қарай 300 ша­қырым, ал Қарқаралыдан 100 ша­қырым жерде орналасқан. Геологтардың айтуынша, бұл жер бөлігі ежелгі жанартаулық құрылымға жатады әрі кейінгі магмалық үдерістердің ықпалында болған. Нәтижесінде мұндағы кенді жыныстар сирек жер металдарының шоғырлануына қолайлы жағдай жасаған. Барлау нәтижесінде ең қазыналы учаскелердің бірі – Ырғыз деп аталатын бөлігі. Мұнда сирек жер элементтерінің орташа мөлшері 0,1%-дан асады, кейбір үлгілерде 0,25%-ға дейін жеткен. Керн сынамаларының нәтижелері бойынша, тек бір блоктың өзінде шамамен 800 мың тонна сирек металл қоры бар екені анықталды. Айта кетерлігі, бұрғыланған ұңғымалар толық тереңдікке жетпеген, яғни, әлеуеті бұдан да жоғары болуы мүмкін.

Барлау жұмыстарының бастап­қы кезеңінде зерттеулер шектеулі болғанымен, компания өз қаржысы есебінен қосымша сынамалар алып, қорларды алдын ала бағалауды жүзеге асырды. Әртарапты сараптау амалдарының барысында жаңа ірі кенді аумақ – «Жаңа Қа­зақстан» деген атау алды. Ол Құй­рықтыкөл учаскесін түгел қам­ти отырып, оңтүстік пен батыс бағытта кен қабаттарының жалғасы ретінде қарастырылуда. 300 метр тереңдікте бұл ауданның сирек жер металдары бойынша жалпы болжамды қоры 20 млн тоннадан асады. Бұл – Қазақстанда бұрын-соңды тіркелмеген ерек көрсеткіш.

Мамандардың пікірінше, егер зерттеулер толық расталса, Қазақстан сирек жер элементтері бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы мүмкін. Яғни, отандық жоғары технологиялық өнеркәсіпті дамытуда үлкен серпіліс болмақ. Кен орындарын игеру және сирек металдарды өндіру өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беріп, инвесторлар үшін тартымды жаңа бағыттардың біріне айналады.
Иә, дамудың алты жылында қазыналы Қарағандыда геология және пайдалы қазбаларды барлау саласында бірқатар маңызды бастамалар мен жетістіктер жүзеге асырылды. Облыс аумағында геология­лық барлау жұмыстары қарқынды жүргізіліп, бірнеше жаңа кен орындары анықталды. Мысалы, Жезқазған мен Балқаш өңірлерінде мыс пен сирек кездесетін металдардың жаңа қорлары табылды.

Бұл кен орындары еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында маңызды рөл атқарады. Геологиялық зерттеулердің тиімділігін арттыру мақсатында облыста заманауи зертханалар мен деректерді өңдеу орталықтары құрылды. Ендігіде инфрақұрылым геологиялық деректердің сапасын жақсартып, жаңа кен орындарын анықтауға мүмкіндік берді. Қарағанды облысы геология саласына шетелдік инвесторларды тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Канадалық және австралиялық компаниялармен бірлескен жобалар іске асырылып, облыстың геологиялық әлеуетін халықаралық деңгейде тануға ықпал етті.
Қарағанды облысы соңғы алты жылда геология саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, жаңа кен орындарын анықтау, инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту бағытында маңызды қадамдар жасады. Аталған жетістіктер өңірдің экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, Қазақстанның минералдық-шикізаттық базасын нығайтуға үлес қосуда.
Асылы, алты жыл – аз уақыт емес. Бірақ, осы мерзім ішінде қастерлі Қарағандыда атқарылған істердің ауқымы уақыттан озғандай. Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың геология саласына серпін беру жөніндегі тапсырмасы өңірде нақты іске айналып, жер қойнауындағы көмбелер қайтадан ашылып жатыр. Жағымды жаңалық – ұлт болашағы үшін жасалып жатқан қарышты қадам. Атауында тұрғандай «Жаңа Қазақстан» тәрізді үр жаңа кен орындарының табылуы – әсте кездейсоқтық емес. Ол дегеніміз, ғылым мен тәжірибенің, батыл шешім мен нақты әрекеттің жемісі. Облыстың геология саласына бағытталған жүйелі жұмыстары нәтижесінде Қазақстан Республикасы сирек металдар нарығында әлемдік көшбасшылар қатарынан көрінуге бір табан жақындады. Жаңа зертханалар, шетелдік инвестициялар, озық технологиялар – мұның бәрі геологияны жаңаша көзқараспен дамыту ісіне сүбелі салым деп бағамдарлық маңызды меже. Атаулы соны үрдіс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған экономиканы әртараптандыру бағытымен толық үндесіп, еліміздің стратегиялық әлеуетін айқындай түсті. Бүгінгі Қарағанды – өткеннің мұрасын ғана емес, келешектің кілтін де қос қолында ұстап отыр. Алты жылдың ішінде өндірісті өңір – геология арқылы жаңа белеске шыққан дамудың шынайы нышанына айналып келеді десек жарасатындай.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button