Әсіредіншілдік ұлттық рухты әлсіретеді

Жер бетінде ғылыммен ғана өмір сүретін елдердің бірі – Жапония. Сол арқылы бүгінде әлемдегі дамыған үздік ондықта. Дүние жүзін техникамен қамтып отыр. Ал, біз ғылымнан гөрі дінге көп көңіл бөлеміз. Бірақ, жапондықтардан әлдеқайда арттамыз. Жапон халқы дінге басымдық бермей-ақ, адамзатқа пайдасын тигізіп отыр. Жапондардың ғылымы дінде айтылатынның бәрін қамтиды. Біздің «діндарлығымыз» әсіредіншілдік емес пе? Мамандар не дейді? Қазақ ақыл-ойының алыбы Абай неліктен «Дін – ғылым» деді? Соңғы кезде осы өзекті мәселе жиі талқыланып жүргендіктен, зер салып көрейік.

«Әсіредіншілдік» десе, асыл дінді ұстанатын кейбір азаматтар шамданады. Ал, нағыз діндар бауырлар мәселенің анық-қанығын білгісі келеді. Мысалы, Ауғанстандағы дүрбелеңді алайық. Неліктен талибандар адамзатты Құдайды тануға жетелейтін ғылым мен өнерге өлердей қас. Дінге «ғылым» деп қарап, Жаратушының сипаттарын, дүниенің құпиясын ұғуға неге талаптанбайды? Демек, олардың «дін» деп жүргені – бос әурешілік. Яғни, фанатизм. Исламның бейбітшілікті сүйетінін ұмытқандық – бұл. Нағыз ислам діні адамзатты ғылым-білімге, өркениетті өмірге, ізгілікке баулыса керек-ті. «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы» деп білетін қазақ халқы дінге ежелден «адамдық, адалдық, кішіпейілділік, кеңдік» деп қараған. «Қолыңа мылтық алып, әйелдер қауымын зат сынды көр» деген жоқ қой. Өйткені, дінді бүге-шігесіне дейін зерттеп, оны елінің ертеңі үшін «тура жол» деп білген, өркениеттен бас тартпаған. – Фанатизмді миссионерлер шет елдерден алып келген. Дінге берілгендерді «Тапсир жамағат» деп атайды. Олар дәстүрлі исламның заңдылықтарын жоққа шығарады. Намаз оқымағанды «кәпір» деп атап, шелпек пісіру, құран бағыштау сынды дүниелерді құптамайды. Олар мешіттерге барып, жастарды өз идеологиясына тартады. Жұмыс тауып береді, жағдайын жасауға көмектеседі. Бұған біз куә болғанбыз. Олардың арман-мақсаты – шариғат заңымен өмір сүру. «Мемлекет заңынан Алланың заңы биік, сонымен өмір сүру керек» деп есептейді. Біз зайырлы елміз. Ата-бабаларымыз бұрын да шариғат заңдарын дүниетанымымызға икемдеген. Қазір бұл – қиындау. Енді бұлардың қаупінен құтылудың бірден-бір жолы – сол идеологиямен қоғам болып күресу. Шырмауына түсіп қалғандарды қайтару. Бұдан бөлек, мұның алдын алу ләзім. Ол үшін жастарға нағыз ислам діннің маңызын түсіндіріп, ешкімнің жетегінде кетпеуін қадағалау қажет, – дейді Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың аға оқытушысы, дінтану магистрі Досым Байбосынов.

Ал, Сұрыптау кенті Ақыт қажы мешітінің бас имамы Жанарбек Мамбар 1992 жылы қабылданған Дін туралы Заңның ескіргенін алға тартады. «Меніңше, сол заңды қайта қарап, жүйелі түрде ретке келтіру керек. Өзіміз ұстанатын Ханафи мәзхабына биік мәртебе беріп, халқымызды соған ұйыту қажет. Ұлттық болмысымыз басты орында болуы тиіс. Солай реттелсе, кім көрінген ақыл айтып, тұнығымызды лайлай алмайды.

Дерекке сүйенсек, қазір Қазақстан халқының 70%-дан астамы ислам дінін ұстанады. Бірақ, осындай басымдықпен дініміздің мәртебесі құрамында 10 адамы бар секталармен деңгейлес. Осыдан кейін не айтуға болады?.. Дін – намаз оқып, ораза ұстаумен шектелмейді. Сондай-ақ, дін – туыспен араласу, үлкенді сыйлау, отбасын асырау, өтірік сөйлемеу, біреудің ақысын жемеу, адал еңбек ету, білім-ғылыммен айналысу. Осы және басқа да ізгілікке шақырмайтын дүниелер көп айтылса, ол нағыз – фанатизм. Мұның бәрін елдің санасына сіңіруді заңды түрде Ханафи мәзхабына мәртебе беру арқылы реттеуге, көп қауіптің алдын алуға болады, – деді Жуырда Токиода өткен Олимпиада ойындарында да «спортшыларымыз біз күткен нәтиже көрсете алмады. Осының бәрін дінге деген фанатизмнің кері әсері» деп баға берді жұрт. Неге? Өйткені, «Алла қаласа, келесі жолы чемпион боламын, бұл жолы Алла қаламады» деп бәрін Ұлы Жаратушыға жүктеп қою ақылға сыймайтын іс. Бір үйдің екі баласы алтын алған жапондықтардан қай жеріміз кем?.. Мұсылман баласының бір жақсы қасиеті еңбекқорлық болса, мұсылман діні де соны қолдайды. Сондықтан, алтын ала алмауымызға өзіміз кінәліміз. «Бұйырса, келесі жолы» деген сөзді санадан сызып, бар қабілетімізді, ел, жер үшін бүгін көрсетуіміз керек емес пе? – Әсіредіншіл – бір бағытта кеткен, яғни, дүниені тәрк етіп, тек дінді ойлайтын адам. Бұл – дұрыс емес. Алла Тағала Құранда «Ілімді арттыр, дұға ет» деп бұйырған. Демек, біз дін ілімімен шектелмеуіміз керек. Медицина, математика және басқа да қажетті ғылымдарды меңгеру – парыз. Мәселен, Мырза Ұлықбек, Ибн Сина, Әл-Хорезми сынды ғалымдар ислам дінінің дәуірлеп тұрған кезінде шықты ғой. Әсіредіншілдікке түсіністікпен қарап, оларға тура жол көрсетуіміз керек. Өйткені, Тәуелсіздік алған соң, халқымыз ислам дініне үлкен құлшыныспен бет бұрды. 70 жыл бодандықтан соң, мұндай адасулар болары хақ. Өйткені, біз асыл дінімізден алыстап кеттік. Сондықтан, әр мұсылман баласы екі дүниенің қамын қатар ойлауы тиіс. Десек те, «қазір ислам діні керемет дамып кетті, енді басқа ғылымдарға көшейік» деуден аулақпыз. Өйткені, діни ғалымдар, Құранды жатқа білетін қарилар әлі де аз, – дейді Күнгей мешітінің бас имамы Ысқақ қажы Әбдірахман. Кез келген азамат алдымен ұлтының, халқының перзенті. Ақыл-ойының, аңсар-арманының іздеушісі. Сол үшін ұлттың ертеңі бірінші орында тұруы тиіс. Алаш арыстарының қазақты өрге бастау үшін жапон елінің даму үлгісін неліктен негізге алғысы келгенін енді ұққандаймын. Әсіредіншілдіктің зиянын сала мамандарының пікірінен аңғардық. Қаупін де танып, білдік. Ендеше, көкірек-көзімізді ашып, ел ертеңіне ие болар жас буынды олардың арбауынан сақтауымыз керек. Осындайда Шал ақынның: «Мекке менен Мадина жердің ұшы, «Алыс сапар» дейді екен барған кісі. Ата-ананы, мейманды құрметтесең, Меккеңнен де нұрлы ғой үйдің іші» деген өлең жолдары тілге оралады. Ойланайық!

Жәлел ШАЛҚАР.