Жаңалықтар

Шығармашылық еңбек құдіреті

Ақын, белгілі қаламгер, журналист Ержан ИМАШ – 65 жаста

Оп-оңды, тіпті, лауазымды қызметін тастап, журналистің ауыр да азапты жолын таңдаған азаматтардан бірнеше мысал келтірер едім. Айталық, Ахат Құрмансейіт замандасымыз қала әкімінің орынбасары болып жүріп, газеттің қара жұмысына жегілді. Ешкім қуған жоқ, сол жұмыста жүре берсе, ендігі облыстың ішкі саясат қызметін басқарып кетер еді. Оған қабілеті де, білімі де жетеді. Ержан Имаш бауырым да туған жерінде мектеп директоры болып жүріп, «Орталықтың» тілшілігіне құмартты. Сол қызметінде істей берсе, ендігі ең құрығанда, аудандық білім бөлімін басқарып отырар еді.

Сурет автордан

Инженерлік жұмысымды тастап, мен де келдім кезінде осы қасиетті шаңыраққа – «Орталық Қазақстан» газетінің қайнаған қазанына. Не үшін деп ойлайсыздар ғой. Біздерді жетелеген Сәбит Бексейіт ақынның сөзімен айтқанда – «шығармашылық шұраты», жаңағы Ахат әріптесіміз жазғандай – «Қаламның құдіреті! Маржан ойлар тамызығына айналған асыл сөздің күш-қуаты!». Яғни, шығармашылық еңбектің құдіреті! Әйтпесе, Ержан – журналист, Ержан – ақын, азуын айға білеген қаһарлы Абылай ханның түсін көмекей әулие Бұқар жырау бабамыздың жоруын мынадай астарлы сөздермен кестелей алар ма еді:

«Айтқаныма құлақ сал,
әй, Абылай,
Болмас заман сенен соң
баяғыдай.
Жолбарысша жұлқысқан
күндер өтіп,
Құмырсқаға айналар
аяғың-ай.
Таптатпауға арыңды,
намысыңмен.
Балаң жүрер аюша
алысумен.
Немереңнің кезінде
қасқыр сынды,
Қасарысып, қарманар
бәрі үшін де ел.
Онан соңғы дәуірің
түлкі бұлаң,
Қулығы артқан өзгені
күлкі қылар,
Кейін-кейін… қоянша
қорғалатып,
Үн шығарған
жақсыңның ұртына ұрар.
Сосынғы жай
белгілі – бақа-шаян,
Құрт-құмырсқа –
жәндіктің атасы аян.
Топыраққа жұтылып
жоғаларсың,
Таусылған соң паналар
тақа саяң».

Бұл «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Ержан Имаштың 1993 жылы облысымыз Бұқар жырау Қалқаманұлының 325 жылдығын дүркірете атап өтіп, басына күмістен апталғандай ақшаңқан кесене орнатқанда елге кеңінен мәлім аңыз-әңгіме желісімен шығарған «Өң мен түс» атты балладасынан үзінді. Иә, Ержан сол аралықта газеттің белді қызметкері болып алды. Редакцияның бірнеше бөлімін басқарып, проблемалық мақалаларымен қатар мөлдір лирикасымен де, жаңағыдай оқиғалы балладаларымен де көзге түсті.

Тарихи тақырыпты құлшыныспен қолға алатын. Біздің қатардағы азаматтарға тән емес ерекше қасиеті – шежіреші еді. Кімнің қай жерден екенін, немесе қай рудан екенін бастап беріңізші, ата-бабаларын тегіс таратып береді. Соның бәрін жадында сақтаған. Тіпті, жоғарыда айтылған Бұқар бабамыздың торқалы тойы қарсаңында ешкімнің тісі бата алмай жүрген Ұлы жыраудың ұрпақтары тақырыбына бойлап, шежіресін өзіміздің облыстық газет пен республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жариялады.

Туған жері дегенде толқып кететін. Аудан шаруашылықтарын жалықпай аралап, жылт еткен жаңалықтарын жария етіп тұрды. Қаламынан бұрынғы Ульянов, қазіргі Бұқар жырау ауданының азаматтары туралы қаншама очерк, суреттемелері шықты. Бір ғана мысал келтірейін.

Ауданның аяулы азаматы, көп жылдар аудандық атқару комитеті төрағасының құрылыс, энергетика, коммуналдық шаруашылық, яғни, қазіргі кезде өмірді қамтамасыз ететін ең қажетті мәселелер деп атайтын салаларына жетекшілік еткен орынбасары, кейін облыстық мәслихаттың екі дүркін депутаты болып сайланып, хатшысы, тексеру комиссиясының төрағасы міндеттерін мінсіз атқарған Серік Ағыбаевтың туғанына алпыс жас толуына байланысты жазған шағын суреттемесі әлі күнге дейін ел аузында. Мұнда қаламгер Секеңнің шаруашылық басқару саласындағы іскерліктерімен қатар азаматтық, адамгершілік қырларын да жарқырата көрсетеді. Бірде, дәл Желтоқсан оқиғасы болған күні ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған аупарткомның 1-хатшысы А.Беляев пленумда сөз сөйлеп, қазақтарға: «Қалталарыңда қып-қызыл билеттерің бар коммунист бола тұра, сендер бейіт басына барып, қол жаятын көрінесіңдер», – деп жекиді. Сонда елдің бәрі тым-тырыс, үндемей қалғанда сөз алып, мінберге шығады да: «Сіздер бәрін алып біттіңіздер. Осыдан өзге қасиеттейтін ешнәрсеміз қалған жоқ. Сондықтан, біреуден қорқып, ең жақындарымызды соңғы сапарға шығарып салмай, аруағына бағыштап құран оқымай, қол жаймай тұра алмаймыз», – деп қасқайып қарап тұрған екен. Осы оқиға Ержанның «Аруақ қолдаған азамат» деген туындысына арқау болды. Секеңнің ұрпақтары және құрастырушы ретінде мен, осы жолдардың авторы, кейін аталмыш мақаланы «Елін сүйген азамат» деген аруағына арналған жинағына ең асыл естелік ретінде енгіздік.

Тоқсаныншы жылдардың соңында ел экономикасы тұралап, совхоздар тарап, завод-шахталар азайған тұста редакция­да да бұрынғы аттары дардай ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп-транспорт, күрделі құрылыс бөлімдері ықшамдалып, экономикалық мәселелер тобына айналған. Редактордың орынбасары ретінде оған мен жетекшілік еттім. «Ел тентіреп, базаршылап кеткен. Өзгермеген осы бөлімнің мені қосқандағы екі қызметкері ғана. Қызметкер болғанда қандай! Бірі не тапсырсаң да мөлдіретіп жазып әкелетін, бірақ кейде «еркелеп кететін», содан сөз естігеннен кейін қайтадан қаламын қолға алып: «Көрсетейін бұларға қалай жазу керек екенін» деп отыратын, шабыты келгенде дастан да, баллада да жазып тастайтын талантты журналист әрі ақын Ержан Имашев та, екіншісі – қашан да атқарған ісіне тиянақты, жер қозғалса да қозғалмайтын Тілеуқабыл Байтұрсынов», – деп жазыппын бір естелігімде. Үшеуміздің де туған күндеріміз қарашаның қара суығында. Мен айдың басында, Тілеш пен Ержан айдың ортасында – 18-і, 19-ында туыппыз. Бірге атап өтуші едік туған күндерімізді қарашаның төлдері – «сарышаяндар».

Бүгіндері, міне тірі болса, Тілеш 75-ке толар еді. Одан аттай он жас кіші Ержан алпыс бестің асқарына ілікті. Облыстық, аудандық газеттердің туған күндерімізді ұмытпай, айқарма беттер арнап, өлең шығарып, мақалаларымызды жариялап жатқаны қандай жарасымды! Бұған әріптестерімнің, олардың отбасыларының атынан, өз атымнан да рақметтен басқа айтарым жоқ!

Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист

Басқа материалдар

Back to top button