Руханият

Шертпе күй шырақшысы ұлықталды

Ақсу-Аюлыда қазақтың рухани әлеміндегі шоқтығы биік күй өнерінің өкілі, шертпе күй шебері, даңқты тұлға Әбікен Хасенов­тің 130 жылдық мерейтойына орай, аудан әкімдігінің қолдауымен «Күй-керуен» республикалық домбырашылар байқауы өтті.

Шара мақсаты – шертпе күйдің дәстүрлі орындаушылық мәйегін сақтап қалған ел ішіндегі күйшілерді халық арасына жан-жақты насихаттап, күйшілік өнер тарихын өскелең жастардың зердесіне дарыту, музыкалық танымын арттыру. Өнер додасына республиканың түпкір-түпкірінен күй өнерінің майталмандары, Әбікен Хасеновтың ұрпақтары, Алматы, Жетісу, Павлодар, Ұлытау, Қарағанды облыстары мен Астана, Сәтбаев қаласы мен Ақтоғай, Жаңаарқа, Бұқар жырау аудандарынан алдын ала іріктеу бойынша үміттерін үкілеген 20 жас күйші арнайы келіп қатысты. Шара қонақтары алдымен, Әбікен Хасенұлының домбырасы сақталған аудандық музейді аралап, құнды жәдігерлерді көрді. Оларды Мәдениет үйінің алаңында ауданның зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушылары қошеметпен қарсы алды. Ақ әжелердің шашуы мен ауданға қарасты Кеншоқы ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, дәстүрлі әнші ­Н.Шабанның өлеңмен өрілген арнауы келу­шілерді мерекелік көңіл-күйге бөледі. Ыстық ықылас пен шынайы құрметті сезінген меймандар мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталық кітапхана ұжымы дайындаған «Күй – тәңірдің» күмбірі атты кітап көрмесімен танысты. Көп ұзамай шырайлы шараның шымылдығы түріліп, Ы.Төлегенов атындағы жергілікті ән-би халық ансамблі Тәттімбеттің «Сылқылдақ», Қыздарбектің «Сылқым қыз» күйлерін тартып, республикалық ән байқауларының лауреаттары талантты әншілер ­Н.Шабан Д.Әркеновтің «Арқаның алтын аймағы», ал, Е.Тілеуберлин Ы.Төлегеновтің «Ақсу-­Аюлы – жыр мекен» атты әндерін орындады. Сондай-ақ, сахна төріндегі экраннан дәулескер күйшінің өмірінен сыр шертетін шағын бейнеролик көрсетілді. Байқаудың ашылу салтанатында Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров өлкеміздегі шертпе күй шеберлерінің өнегелі өміріне тоқталып, шараға арнайы ат басын бұра келген барша қауымға жүрекжарды алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Өнер байқауы Әбікен Хасенов­тің «Қоңыр» күйі мен Арқаның бір шертпе күйін орындау және Қыздарбек, Әбди, Сембек, Итаяқ, Дәулетбек күйлерінен екі күй орындау талабы бойынша екі кезеңнен тұрды. Қазылар алқасының төрағасы, Қазақ ұлттық өнер академиясы домбыра кафедрасының меңгерушісі, профессор, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Ж.Жүзбай бастаған Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің концертмейстері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері П.Тәшімов, ауданымыздағы С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебінің домбыра сыныбы ұстазы, республикалық байқаулардың лауреаты, күйші Қ.Мұстафин, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің оқытушысы, бірнеше республикалық күй байқауларының лауреаты, күйші М.Сүлейменов пен шертпе күй шебері Д.Сәдуақасовтың шәкірті, республикалық байқаулардың лауреаты, күйші Е.Ахметов әр қатысушының орындауына, қағысына жете назар аударды.

– Арқадағы Тәттімбет, Әбди, Баубек, Айдос сынды саңлақ күйшілердің күйлерін бізге жеткізуші Әбікен ағамызға арналған бүгінгі шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Ашылу салтанаты, конкурстағы кезеңдердің кестеленуі, қатысушыларға қойылған талаптар өте ғажап, жүйелі жасалған екен. Мұндай маңызы зор кәсіби деңгейдегі байқауды өткізу ауданның жағдайында қаржылық немесе ұйымдастырушылық жағынан болсын оңай шаруа емес. Алайда, ол қиындықтарды еңсеріп, ел ардақтысын өз деңгейінде ұлықтай білген аудан басшысына және барша мәдениет қызметкерлеріне ризашылығым шексіз, – деді Қазақ ұлттық өнер академиясы домбыра кафедрасының меңгерушісі, профессор, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай.

Киелі домбыра серік етіп, шертпе күйлерді шын шабыттана орындаған жас өрендер көрерменнің көңіл ауанын дөп басып, таңғажайып тылсым әлемге шақыр­ды. Әсіресе, тарихы тағдырлы, әуені жан дүниенді тебірентіп, елжіретпей қоймайтын Әбікеннің «Қоңыр» күйі әр өңірдің домбырашыларының осы бір шығармаға аса бір ықтиятпен дайындалғандығын айқын сезіндірді. Қазылар алқасының шешімімен 12 үміткер екінші кезеңге өтті. Ақтық мәреге шыққан күйшілердің домбырасынан төгілген Сембектің «Наз Қосбасары» назданып, Әбдидің «Зар Қосбасары» зарланып, Қыз­дарбектің «Мұңы» мұңайып, «Сылқым қызы» сыланып, Дәулетбектің «Толғауы» толғанып, «Итаяқтың шертпесі» шерленіп, Әбдидің «Тәубе Қосбасары» тәубеге шақырып, киелі күй тағы бір мәрте жаңа белеске көтеріліп, құдірет рухы көк аспанның астында шалқи шарықтады. Нәтижесінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жүлдегерлерді қазылар алқасы анықтады. Байқаудың ІІІ орыны мен әрқайсына 150 мың теңгелік қаржылай сыйлықты Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданынан келген Қасиет Мұқатаев пен елордалық күйші Бекзада Достиярова өзара бөлісті, ІІ орын мен 200 мың теңгелік сертификат Жетісу облысынан келген Мүкен Мұхитқа бұйырды. Ал, жүлделі І орын мен 300 мың теңгелік сертификатқа Алматы облысынан келген Бексұлтан Бекет ие болып, республикалық байқаудың бас жүлдесі мен 400 мың теңге ақшалай сертификаты жерлесіміз дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасовтың немересі, жас талантты күйші Жүсіп Дәулетбек қанжығалады. Сонымен қатар, астаналық Нұрлан Әйгерім, Жайлыбай Әзиз, алматылық Сырым Шонбаев, Лунара Мәуетбек, Жарқыннұр Ержанат республикалық байқаудың дипломы мен 20 мың теңгелік сертификатымен және қарағандылық Кубат Темірлан мен Павлодар облысынан келген Тохан Қайрат Ә.Хасеновтың ұрпақтары дайындаған 100 мың теңге қаржылай сертификат пен арнайы жүлдемен марапатталды. Барлық өзге де қатысушылар аудан әкімінің Алғыс хаты мен қаржылай ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары О.Стыбаев Ә.Хасеновтың немерелес туысы Н.Жұмабайқызына аудан әкімінің «Алғыс хатын» жеткізіп, қазақы жолмен иығына шапан жапса, өз кезегінде баба ұрпақтары да ұйымдастырушыларға ризашылықтарын айтып, аудан әкімі М.Мұхтаровқа Алғыс хат табыстады.

Берікбол ДӘУЛЕТҰЛЫ,
Шет ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button