Жезқазған

Шеберлік сыныбын өткізді

   Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағылымы терең кездесу ұйымдастырылды. Мағыналы басқосуда ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ғылым ордасы» РМК Табиғат музейінің ғылыми қызметкерлері «Қазақстанның мәдени мұрасы: «Палеонтологиялық жәдігерлерді сақтау және қалпына келтіру әдістері» тақырыбында сөз қозғап, шеберлік сыныбын өткізді.

Алматыдан арнайы келген білікті мамандар Жолдыхан Ақынов пен Айдос Балатаев Қазақстандағы палеонтология мәселесі мен оның жалпы қоғам үшін мәні мен маңызына назар аудара отырып, көне жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау жайына қатысты егжей-тегжейлі әңгімеледі. Жиналғандарға музей қорындағы арнайы әдіспен қатырылған құстарды ұзақ уақыт бірқалыпты жағдайда сақтау тәсілдерін түсіндірді. Олар сондай-ақ, өткен ғасырдың 90-шы жылдары музей қорына Зоология институты палеозоология зертханасының қызметкері, палеонтолог Болат Байшашов сыйға тартқан палеонтология залындағы алып мүйізтұмсықты парацератерийдің табан сүйегінің бөлігіне матрица дайындау бойынша шеберлік сыныбын өткізді. Жәйрем кентінің аумағынан табылған бұл мүйізтұмсықты парацератерий – Жезқазған тарихи-археологиялық музейіндегі аса құнды жәдігерлердің бірі.

Шеберлік сыныбы қай тұрғыдан алып қарастырсақ та, аса қажетті шара, – дейді музей директоры Раушан Қапарова. – Музейде мамандар үшін машықтану және студенттер үшін арнайы курс бойынша тарихи геология мен ежелгі жануарлар, гельминтология және паразитология, табиғатты қорғау мәселелеріне қатысты сабақтар жүргізіледі. Сол сабақтар мен экскурсиялардың тек оқушылар мен саяхатшылардың ғана емес, сонымен қатар, әртүрлі жастағы өзге де келушілердің жалпы танымдық деңгейін көтеруге тигізер әсері зор.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button