Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Шандоз

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткендей өткенімізді түгендеу ұлтымыздың боямасыз тарихын білу біздің басты парызымыз. Егемендіктің көк туы желбірегелі табанға тапталған тарихымыз қайта жаңғырып, бұрмаланған шындықтар қайта қалпына келтіріліп, елімізге тұтқа болған тұлғалар тарих қатпарларынан, еңселерін көтеріп, елмен қайта табысып жатыр. Оған дәлел ретінде қазақ ауыз әдебиетінің соңғы өкілдерінің бірі, өз дәуірінде жыршылық өнердің жалауын желбірете көтеріп, соңында өлмес өлеңдерін қалдырған Арқаның арқалы ақыны Шашубай ҚОШҚАРБАЙҰЛЫ десек те болады.

Ғасырлар бойы айтылып, барған сайын шыңдала түскен, халық шығармашылығының кәусарын бойына сіңіре білген Шашубай өлеңдері жүректерге жол тапты. Ол халық поэзиясын дамытып, жазба поэзияның дәрежесіне дейін көтерілді. Шашубайдың ақындық тілі – дүйім елге түсінікті, жатық халық тілі. Ақын кейіптеу, ұқсату, бейнелеу әдістерін де шебер қолданған. Мәселен:

«Құс атып, аң аулаймын Саршығаннан,

Ақтұйғын жігіт едім қаршыға алған.

Күніне отыз үйрек, он қаз алсам,

Емес ем төсін шоқып, қан шығарған.

Қияға ұя салған қыран едім,

Аққудың төсіне ұйықтап талшық алған».

Осыдан-ақ, ақындық стилі мен өлең құру әдісінің жетік, оның көркем, өткір, терең ойлылығы, шебер шешендігін аңғарамыз. Сонымен қатар, өлеңнің дыбыстық үндестігіне, оның әуезді, әсерлі болып шығуына жете назар аударғандығы көрініп тұр. Айтыс барысында да, Шәшекеңнің тапқырлығы, шапшаңдығы, қолма-қол сөздерді төгіп салатындығынан бөлек, төрт аяғын тең басқан, су төгілмес жорғадай әсем жүрісті өлеңі ерекше өріледі. Болман ақынмен болған айтыста сөз бастаған Шашубай:

– «Шырағым, аманбысың, ақын Болман?

Дауылмын жан беттемес, соқсам оңнан.

Өлеңге болдырмайтын желғабызбын,

Жүлде алған сан дүрмекте талай қолдан», – дейді. Немесе Көшен ақынмен болған айтысында ақын биігінен түспей көсіліп: –

«Балқаштың құтты жері Сарышағаннан,

Жыр төгіп, асқақтатып ән шығарған.

Тынысы тарылмаған жүйрік едім,

Үш жүзге мәшһүр болып даңқым барған» – деп сөз бастауы ақындық қуатын аңғартып тұрғандай. Сол Көшенмен өткен сөз майданында, жауға мейірімсіз болу, Отанды сүюге үндеп, көздің қарашығындай қорғауға шақырып, патриотизм идеяларымен ұштастырған өлеңдері де, Отанды өлшеусіз жақсы көретіндігін айқындай түседі.

– «Біз берген молибденнен сауыт киіп,

Танкілер қалың жауға кетсе тиіп,

Талқандап темір торын, тас қамалын,

Тау-тау ғып өлексесін кетеді үйіп» – деп жырын төкпелейді. Айта кету керек, Шашубай ақынның әрбір сөзі жауына оқ болып атылып, тиіп жатты. Мысқылшыл уытты өлеңдерін табан астында суырып салып, сұңқардай іліп түсер шеберлігі ақындардың көбінен озық екендігін танытты. Туған елінің жақсылығын асырып, жаманшылық атаулыны аяусыз сынаған, әлеуметтік теңсіздіктерді таңбалаған, ұлттық бейнемізді айқара ашып, мынау ғаламат ғаламдағы қарапайым ғана тіршілік кешкен қазақ халқының қадір-қасиетін паш етті. Ақын бойындағы зор талантын, атадан балаға мұра болып келе жатқан тарихы бар тамырлы өнерді сексеннің сеңгірінде де биігінен түсірген жоқ. Оған шандоздың мына бір жыры дәлел:

– «Сексенде сері атанғам, сембей жағым

Мерейім үстем болып, артып бағым.

Ескі дос, өлең гармон қайта оралып,

Денемді билеп кетті тасқын ағын» – деп толғанады. Бір бойына тоғыз өнер тоғысқан табиғи зор талант иесі, суырып салма ақындық өнердің жарық жұлдызына айналды. Шашубай ақын өз өмірінің бейнесін былай баян еткен екен:

– Қошқарбай – әкем аты, Шашубаймын,

Үйде кедей болғанмен, түзде баймын.

Күніне мыңды беріп, жүзді алсам да,

Қалтамның түбі тесік, байымаймын, – деп Алаш баласының аспанында «Ақ қайың» әнін қалықтатып, өлеңмен мәңгілік ескерткіш соқты. Даланың дауылпаз ақыны, әнші-сазгер, дала циркін қалыптастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері – Шашубай Қошқарбайұлының ойларының құндылығы қаншама жылдар өтседе, қайта жаңғырып, өзінің өміршеңдігін танытып келеді. Хас таланттың қашанда бәсі бөлек. Жарық дүниеге жыр болып келіп, ән болып шырқалып, өнер көгінде жасындай жарқырап, өшпес із қалдырған Шашекеңнің есімі ел есінде. Қазақ өнерінің өрістеуіне өзіндік үлес қосқан біртуар тұлғаны туған елі ұмытпайды, керісінше ұлықтайды деп ойлаймыз.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button