Жаңалықтар

Юрий Попов жайлы естеліктер қарағандылықтардың жүрегінде

2024 жылғы 16 қыркүйекте 87 жасқа қараған шағында белгілі зерттеуші, өлкетанушы, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Юрий Григорьевич Попов қайтыс болды.

Ол 1937 жылғы 27 қыркүйекте Қарағандыда жер аударылғандар отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды политехникалық институтына түсіп, 1960 жылы тау-кен инженері мамандығы бойынша аяқтаған. Содан кейін Мәскеудегі А.Скочинский атындағы Тау-кен институтының аспирантурасын бітірді.

Сурет: марқұмның жеке мұрағатынан

К.Горбачев атындағы шахтада жұмыс істеді. ҚазКСР ҒА Химия-металлургия институтында жұмыс істеп, ғылыми хатшы лауазымына дейін көтерілді. Техника ғылымдарының кандидаты.

Юрий Григорьевич техникалық зерттеу­лермен бірге өлкеміздің тарихы мен аты аңызға айналған тұлғаларын зерттеумен айналысты. Қарағанды қалалық туристер клубының басқарма мүшесі, облыстың туризм және экскурсия федерациясының төрағасы болып сайланды. Қазіргі Қарағанды зерттеу университетінің география факультетінде өлкетану курсынан сабақ берді.

Облыстық «Индустриальная Караганда» газетімен тығыз байланыста болып, мақалаларын жариялап отырды. Сондай-ақ, Юрий Григорьевичтің очерктері мен зерттеу­лері республикалық және бүкілодақтық газеттер мен журналдарда жарияланды. Оның еңбектері Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің, Ресей Ғылым академиясының, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде шығатын басылымдарда да жарияналып тұрды.

Юрий Григорьевич туған жеріне деген шынайы қызығушылық пен сүйіспеншілікте болды. Білмегенді білуге, шындыққа жетуге деген ұмтылысымен ерекшеленді. Ол жұмысында тек шынайы дереккөздерге сүйенді. Уақытының көбін Қазақстанның, сондай-ақ Мәскеудің, Санкт-Петербургтің және басқа қалалардың мұрағаттары мен орталық кітапханаларында өткізді. Ю.Г.Поповтың өлкетану бойынша жинақталған деректер топтамалары Қарағанды облыс­тық мұрағатында, Балқаш және Теміртау қалаларының мұражайларында, Қарағанды қаласының бейнелеу өнері мұражайында шоғырланған.

Ол Арқа жерінің сұлулығы мен көрікті жерлерін тамашалап, дәріптеді. Білімі мен әсерін жас ұрпақпен бөлісті. Қарағандылықтардың оған деген алғысы шексіз. Ю.Попов 2005 жылы Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы атанды.

Соңғы жылдары Ю.Г.Попов Санкт-Петербургте тұрды. Соған қарамастан туған жері – Қазақстанға адалдығын көрсетті, Сарыарқаға деген сағынышпен өтті. Ол – елінің нағыз патриоты.

Қарағанды облысының әкімдігі және қоғамдық қауымдастығы Ю.Г.Поповтың туыстары мен жақындарына шын жүректен қайғырып көңіл айтады. Ол туралы естелік қарағандылықтардың жүрегінде мәңгі сақталады.

Е.Бөлекпаев, А.Тайжанов, Б.Асанов, Е.Алпысов,
Е.Құсайын, Е.Ғалиев, Н.Бикенов, Н.Қобжанов,
Е.Аймағамбетов, Р.Омарбекова, Б.Алтынбеков, О.Төреғожин.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button