АймақБұқар жырау

Қаныш бағында көшеттер көктейді

Бұрында жазғанымыздай, Бұқар жырау ауданы Үлгі ауылындағы қараусыз қалған Қаныш бағының сырты қоршалып, жақында іші тазаланса, енді осы аптаның бейсенбісі 16 мамырда оған 125 түп қайың, терек көшеті егілді.

Суретті түсірген автор

– Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттары құрылғанының 30 жылдығына байланысты біз «30 игі іс» акциясын қолға алып, бұл шаруа соның аясында жасалып отыр, – дейді Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әлиев – сол үшін депутаттарымыз біздегі Белағаш орман шаруашылығынан 50 түпті, Үміткер ауылдық округінің қызметкерлері 50 түпті, ал, көршілес Ақбел ауылының Қаныш Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп ұжымы 25 түпті өз ақшаларына сатып алып, оларды егуге осы жерді таңдауымыз тегін емес.

Айтса айтқандай, кезінде бұл бақтың негізін осы жылы ту­ға­нына 125 жыл толған акаде­мик Қаныш Сәтбаев 1950 жылы облысымыздан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланғанда қалаған болатын. Сонда ол сайлаушылардың өтініші бойынша Қазақстан Ғылым Ака­демия­сы Қарағанды ботаникалық бағы бөлімшесінен неше түрлі ағаш көшеттерін жеткіздіріп, ал­ғашқы шыбығын өз қолымен қадаған екен. Сонымен бірге, оның жолын қуған шәкірті, осы Үлгі топырағының тумасы, академик Арықтай Қайыповтың да өмірге келгеніне алдағы қазан айында 110 жыл болады. Сондықтан да, Қазақстан геология ғылымы қос алыбының бірінің табанының ізі қалған, екіншісінің туып-өскен қасиетті мекенін көркейтуге бағытталған бастаманы Үміткер ауылдық округінің әкімі Ерсін Зәлелов бастаған тұрғындары да қуана құптап, барынша қолдау көрсетті. Олар бақ ішіне киіз үйін тігіп, алтыбақан мен сахна орнатып, қойын сойып, дастарқанын жайып, келген қонақтарды қол қусырып қарсы алды.

Осындай тағылымды шараның өтуіне ұйытқы болып, басы-қасында жүрген аудандық орталық кітапхананың әдіскері Майгүл Асқарова көпшілікке қос ғұламаға арналған экспозицияны ұсынып, әрі қарай жиын тізгінін қолына алса, аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ала келіпті.

Ең бірінші болып, ел алдында сөйлеген Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанға­лиев еліміздің ғылым саласының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қос тұлғаның биылғы мерейтойларын лайықты атап өту тұрғысында басталған іс-қимыл жалғаса түсетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, аудандық әкімдік Қанағаңның бақта тұрған бұрынғы ескерткіш тақтасын гранит таспен ауыстырып, жаңғыртса, енді оның жанына ізбасары, академик ағамыз Арықтайдың да ескерткіш тақтасын орнату қамында көрінеді. Кезінде алдындағы тақтаны осы жердегі Қылыш Бабаев атындағы кеңшарда он жылдай директор болған, қазір Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Жеңіс Шәдетов жасатып, қойғызған еді. Ал, аудан әкімінің биылғы қыркүйек айында қазаққа ортақ екі тұлғаның мерейтойларын аудан көлемінде тойлау керектігін айт­қанда, жиналған жұртшылықтың көңілі бір демделіп қалды. Себебі, осы уақытқа дейін атағы Алатаудай Арықтай Қайыпов сынды ардақтымыздың есімі атаусыз қалып бара жатқаны барша ауылдастарын алаңдататын.

Міне, осы мәселені бізбен бірге көтеріп, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің беттерінде қалам тербеп жүрген ауыл ақсақалы, жоғарыдағы Жеңіс ағамыз бұл хабарды ризашылықпен қабылдап, алда атқарылар істерге сәттілік тіледі.

Бұдан кейін сөз алған Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әлиев те кешегі гүлденген Үлгінің бүгінгі мүшкіл халін тілге тиек етіп, бұл жолғы шара оны қайта өрлетудің басы ғана екенін еске салып, ауылда қалған аз адамның кеудесіне үміт ұялатты.

Одан әрі бас қосуға жиналған жұрт жаппай қолдарына күрек ұстап, әкім-қарасының бірі қалмай көшет отырғызуға кірісті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл олар алдын ала қазып қойылған ұраларға көшеттерді сүт пісірім мезгілде орналастырып болып, ән-күй тыңдауға көшті. Аудан орталығынан келген өнерпаздар концертін осы шағын ғана Үлгіден шыққан 5 журналистің бірі марқұм Шайхан Жандаевтың «Үлгі вальсі» әнімен бастап, тағы бір жерлесіміз Жанайхан Мұқтаровтың жазған аудан әнұранымен аяқтады.

Соңынан бүгінгі игі шараға ат­салысып, қатысқандар киіз үйде жайылған дастарқаннан дәм татып, аруақтарға арнап дұға ба­ғыш­талды.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button