Руханият

Жыр аңқыған «Қарағанды көктемі»

«Қарағанды көктемі» поэзия фестиваліндегі дөңгелек үстелден соң арқалы ақындар Сәкен атындағы облыстық қазақ академиялық драма театрына ат басын тіреді. Ресми бөлімінен соң Алаштың аяулы ақындары арқаланып өлең оқыды. Қабырғалы қаламгерлердің қасиет қонған Қасымның топырағын сағынып келгені ерекше сезілді. Ауқымды шара кеншілер шаһарының 90 жылдық мерейтойына орай, Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткенін атап өткен жөн.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Кештің шымылдығын «Қазақтың екінші Әміресі» атанған Сержан Мұсайын Қасымның «Ақсәулем» әнімен ашқанын парасатты поэзияға жасалған құрмет десе де болатындай. Жалпы фестивальдің лайықты деңгейде өтуіне ұйытқы болған Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы әдеби кештің ортасында болып, бірқатар ақын меймандарға қала әкімі Мейрам Мұратұлының құттықтау хатын табыстады.

Ұлт әдебиетін бір биікке көтерген Ұлықбек Есдәулеттің 70 жас мерейтойымен, дәп сол күнгі қазақтың аяулы ақын қызы Гүлнар Салықбайдың туған күнімен және Дәурен Берікқажыұлының ердің жасы – елу жас мерейтойымен құттықтады. Тарпаң ақын Маралтай Райымбекұлының 55 жас мерейлі жасымен құттықтап, ықылас гүлін тапсырды.

Алматыдан арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма хатшылығының атынан сөз сөйлеп, Қарағандыны «қара өлеңнің өз өлкесі» деп, фестивальдің жоғары деңгейде өтіп жатқанын айта кетіп, өлең оқыды.

Ақын Ұлықбек Есдәулет те сөз алып, Қасым топырағының қасиетін, қазақ поэ­зиясындағы Қарағандының орнына айрықша тоқталып өтті. Содан соң ақын Светқали Нұржанға, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Серік Ақсұңқарұлына, Гүлнар Салықбайға Түрксой-дың «Алтын медалін» тақты.

Сахнаға шыққан ақындар тебіреніп тұрып, бір-бір өлең оқыды. Одан соң аузымен құс тістеген ақындар Сұраған Рахметұлы, Оңайгүл Тұржан, Руза Алдашева, Маралтай Райымбекұлы, Жанат Әскербекқызы, Дәурен Берікқажыұлы, Ақберен Елгезек, Толқын Қабылша, Бағдат Мүбәрак сахнаға кезек-кезегімен шығып, өздерінің отты, сыршыл өлеңдерін оқыды. Кешке жиналған көпшілік те көзі тірі классиктерді сағынып қалған екен. Бір өлеңді азсынып, тағы бір мәрте қолқа салып отырды.

Арқа ән өнерінің өкілдері Шыңғыс Сәрсенбай мен Саян Бөдестің шырқаған әндері де кештің көрігін қыздырды. Белгілі күйші Мадияр Сүлейменов күйді шебер орындап шығып, елдің ықыласына ерекше бөленді. Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы алыстан ат арытып келген ақындарға ризашылық білдіріп, фестивальге арнап тігілген бренд шапан жапты.

Поэзия фестивалінің екінші күнінде ақындар Майқұдықтағы кеншілер мұражайына ат басын бұрды. Содан кейін, руханият орталығына айналып келе жатқан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің қабырғасында жас буын өкілдерінің поэзия кеші дүркіреді. Қазақ поэзиясының кіл элитасы 90 жыл ғұмыр кешкен Қарағандының ауасымен тыныс­тады.

Лаулаған көмірімен, байсалды өмі­рімен ерекшеленген шаһар тарихының бір бөлшегі Майқұдықтағы кеншілер музейінде. Ұйымдастырушылар ақындарды сол жерге апаруы тегін емес. Қарағанды бүгінгі қазақ поэзиясы классиктерінің өлеңінде ғұмырын баянды етсін деген ниет. Жүрек дейтін асауын жазу үстеліне байлаған қаламгерлер каска киіп, шахтаның ауасымен тыныстады. Қарағанды – Жұмекен Нәжімеденовтің өзі көмір қазған шаһар еді. Фестивальге келген ақындардың шахтаға баруы да содан.

Шахтадан кейін құрметті меймандар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетіне қарай желкен жайды. Филология факультетінде жас ақындардың поэзия кеші өтті. Жас ақындар өлеңінмен тұғырға қонған классиктердің алдында арқырады. Поэзия кеші басталмас бұрын Ұлытау облысының үкілеген үміті Абзал Мақаш пен Алатау бөктерінен келген талантты ақын Роза Аспанқызы сахнаға шақырылды. Сахнада кітаптарының тұсауы кесілді. Роза Аспанқызы өзінің алғашқы кітабын «Өзін оятқан адам», ал, Абзал Мақаш «Мәжнүн мұнарасы» деп атапты. Бұл кітаптың жарыққа шығуына Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті басқарма төрағасы, ректоры Нұрлан Дулатбеков қолдау көрсеткенін атап өткен жөн. Екі кітап – былтырғы фес­тивальдің шарапаты. Сол фестивальде қос ақын таңдалған.

«Жас ақындарда арман жоқ!» десіп жатты жиналған жұрт. Себебі, лентаны қиюға классик ақын, бүтін Түркі әлемінің Жазушылар одағын басқарып отырған Ұлықбек Есдәулет, интеллектуалдық поэзияның белді өкілі Сұраған Рахмет, Алатау жақтан бүкіл қазақ даласына дүбірі естілген Маралтай Райымбекұлы, 362 әулие жатқан маңғыстаулық классик ақын Светқали Нұржан, жырлары жастардың жүрегінен төр алған Жанат Әскербекқызы, өлеңімен мұң басқан кеудеңді әлдилейтін Оңайгүл Тұржан мен Дәурен Берікқажыұлы, Бағдат Мүбәрак, Ербол Алшынбай, Толқын Қабылша, Салтанат Смағұлтегі сахнаға шықты. Қазақ поэзиясының қызғалдағы Гүлнар Салықбайдың да келуі Арқадағы өрелі оқырман үшін айтулы оқиға болды. Талантты ақын Батырхан Сәрсенхан мен Еламан Қабділәшім де осы қатарда.

Сахнада ақындардың атынан Ұлықбек Есдәулет сөз сөйледі.

– «Ең ұлы ақын – жас ақын!» бұл Маралтай Райымбекұлына жазған өлеңім еді. Алғашқы жыр жинақтары дүние есігін ашқан екі жас ақында арман жоқ. Бүкіл елдің назары сендерде. Алаш ақындарының алдында тұрсыңдар. Мұндай бақыт әркімге бұйыра бермейді. Осындай бақытты сендерге Қарағанды сыйлады. Қарағандының қашан да жөні мен құрметі біз үшін бөлек. Қазыбектің, Бұқар жыраудың, ер Мәдидің, Қасымның, Әлихан бастаған Алаш элитасының басқан топырағына келіп тұрмыз. Қазақ қаламгерлерінің, оқырмандарының назары Қарағандыда! Келешекте қазақ әдебиетіне үлкен олжа әкелулеріңе тілектеспіз. Жарқыраңдар, жайнаңдар! Ұйымдастырушы Жанат Жаңқашұлы, Асхат Қажытай сынды азаматтар мен қолдаған қала әкімдігіне мың алғыс! – деді Ұлықбек Есдәулет.

Ұлықбек Есдәулеттің сөзінен кейін сахнада тұрған ақындар өлеңнен өзен ағызды. Гүлнар Салықбай өлең оқығанда залдағы көрермен де бірге күбірлеп отыр­ды. Ал, Маралтай Райымбекұлы «Ар» өлеңін оқып бастап еді, залдағы жұрт әрі қарай оқи жөнелді. Ақын болса, баладай қуанып, қолындағы микрофонды халық жаққа бұрды. Ақын үшін бұл – үлкен бақыт емес пе?!

Ақындардан кейін Шыңғыс Сәрсенбаев ән шырқады. Әннен кейін сахнаға кейінгі толқын өкілдері шықты. Алматыдан Бекзат Смадияр, Роза Аспанқызы, Шымкенттен Арайлым Мұратәлиева, Павлодар облысынан Жоламан Әйткен, Түркістаннан Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова, Қарағандының атынан Әділет Шопен, Ералы Ғани мен Нұрдәулет Бақытұлы шықты.

Фестивальдің екінші күні Жеңіс саябағындағы серуенмен түйінделді. Ақындар Қарағанды көктемінің ауасымен тыныстап, әдебиет төңірегінде өрелі әңгіме өрбітті. Өлеңсүйер қауым аяулы ақындарын риясыз қошемет көрсетіп, қимай шығарып салды…

Қасымхан ҒАЛЫМ,
Ерік НАРЫН,
ҚАРАҒАНДЫ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button