Жаңалықтар

Аты аңызға айналған азамат еді…

Аты аңызға айналған, елінің нағыз патриоты, саналы ғұмырын туған жерінің тарихын зерттеуге арнап, Қарағандыны бар ынта-жігерімен жақсы көрген өлкетанушы Юрий Попов қайтыс болды. Юрий Григорьевич – Қарқаралы қаласының Құрметті азаматы. Ол өткен екі ғасырдағы Қарағанды, Қарқаралы, Баянауыл, Балқаш тарихына бейжай қарамайтын адамдардың тағдыры туралы бай мұрағаттық және деректі материалдарға өлкетану зерттеулерін жазды.

Сурет lyudmila-pimanowa.narod.ru

Санкт-Петербург қаласына іссапармен жолым түскенде Юрий Григорьевичті арнайы іздеп барып, дәмдес болдым. Өйткені, оның Қарағанды аймағы туралы құнды зерттеулерін оқып, риза болып жүретінмін. Үйінде біраз әңгіме айтып, Арқа өңірі жөнінде мол білім иесі екеніне көзім жетті. Кітаптарын сыйлап, қолтаңбасын да берген. Қарағандыны сағынып жүргенін де сол кезде байқаған едім.

Ресейге қоныс аударғанына 30 жылдай уақыт болғандықтан, ел азаматтарының арасынан атақты өлкетанушымен өмірінің соңында кездескен мен екенмін. Екінші рет барғанымда ауырыңқырап отыр екен. Жарымды да апарып таныстырып, батасын алып, біраз әңгімесін тыңдадым. Құнды деректердің біразын санама тоқып та алдым. Ғылымға адал, қаламы жорға қаламгер еді, жарықтық. Қазасы қабырғамды қайыстырып, жаным жай таппай отыр. Соңғы көргенімде елді сағынғанын айтып, кітаптарын беріп, белгілі профессорлар Бақтыбай Жүнісов пен Нұрлан Дулатбековке дұғай сәлем айтқан еді…

Көптеген жылдар бойы Юрий Григорьевич Қарағанды облысын зерттеумен айналысты. Оның өлкені зерттеуге арналған негізгі бағыттары Орталық Қазақстанның ауылдары мен қалаларының даму тарихы, индустрия­ландыру, жерлестерінің және атақты адамдардың қазақ даласындағы тағдыры болды.

Оның очерктерінің кейіпкерлері: Қаныш Сәтбаев, Шоқан Уәлиханов, Михаил Пришвин, Григорий Потанин, Сергей Марков, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов, Абай Құнанбаев, Саттар Ерубаев, Михаил Русаков, Генрих Фогелер, Владимир Эйферт, Александр Чижевский және тағы басқалар болғанын айту керек.

Ол қуғын-сүргінге ұшырағандарды, Балқаш пен Қарағандының ұмытыла бастаған, ұмытылған батырлары туралы жазды.

Юрий Григорьевич 1937 жылы 27 қыркүйекте Қарағандыда дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын «Тау-кен инженері» мамандығы бойынша аяқтады. Кейіннен Мәскеудегі А.Скочинский атындағы тау-кен ісі институтының аспирантурасын бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты атанды.

Юрий Григорьевич Қарағанды көмір өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі, ғылыми хатшысы қызметтерін атқарды.

Мансап жолындағы осындай жетістіктеріне қарамастан, өлкетануға жүрегімен шын берілген ғалымның еңбектері бүгінде үлкен құндылыққа ие.

Ол ұзақ жылдар бойы Орталық Қазақстанның тарихын, мәдениетін зерттеді. Көптеген адамдармен кездесіп, Қорғалжын, Бурабай, Қарқаралы, Павлодар, Кент, Қызыларай, Балқаштың сұлулығы мен тарихын хатқа түсірді.

Оның саяхат күнделіктері кейінірек талай кітапқа жүк болғанын айту керек.

Әсіресе, қасиетті Қарқаралы жайлы, оның табиғаты мен тарихи тұлғалары, кен орындары, Арқа төсінде сексен жыл бойы дүркіреген Қоянды жәрмеңкесі туралы жазбалары ғылыми ортаның олжасына айналды. Юрий Поповтың «Каркаралинские узоры», «Каркаралинские находки», «Свидание с Сары-Аркой», «Их помнит Сары-Арка» және басқа да тарихи-танымдық кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ, ол – Қазақстан туралы жеті кітаптың және он жеті деректі фильм сценарийінің авторы. Өлкетанушының зерттеу саласындағы ілкімді ізденісі мен елеулі еңбегі лайықты бағасын алды. Көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Юрий Поповтың отандық ғылым мен өлкетану саласын дамытудағы ерен еңбегі, азаматтық тұлғасы мен жарқын бейнесі оны құрмет тұтатын жерлес­терінің жүрегінде мәңгі сақталады.

Аманжол НҰРБЕКОВ,
Қарағанды медицина интерколледждің директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button