Жаңалықтар

Туған өлкесін шексіз сүйді

2024 жылдың 16 мамырында еңбек жолын толығымен Сарыарқа жеріне арнаған белгілі өлкетанушы, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы, жерлесіміз Юрий Григорьевич Попов қайтыс болды.

Сурет tyristkaraganda.ucoz.ru

Юрий Григорьевич туризм саласы арқылы өлкетану ғылымына келді. 2003 жылдан бері Юрий Григорьевич Санкт-Петербургте тұрғанына қарамастан, жерлестерімен арадағы байланысты үзбеді. Туған жеріне деген сүйіспеншілігін жан дүниесінде сақтады. Зерттеуші Ресей мұрағаттарынан Сарыарқа тарихына қатысты бірегей материалдарды тауып, қартайған шағында да кітап шығаруды жалғастырды. Юрий Григорьевич маған Санкт-Петербургте Жақып Ақбаев, басқа да Алаш қайраткерлері туралы материалдарды іздеуге көмектескен еді. Екеуіміз Санкт-Петербург қаласындағы Псковская 18 көшесінде орналасқан облыс­тық мұрағатқа бірге барған кезден бастап жақын араласып кеттік.

Туған өлкесін шексіз сүйді, тарихын, Қазақстанның гүлденіп, өркендеуіне атсалысқан азаматтарды құрмет тұтып, жақсы көрді. Қарқаралы туралы, тағдырдың жазуымен жерімізге келіп қоныс­танғандардың еліміздің дамуына қосқан үлесі жайлы, пайдалы қазбаларды игеру, индустрия­ландыру және жапон әскери тұтқындары туралы, діни қызметкерлер жайында көп жазды.

Юрий Григорьевичтің ұлы соңғы шыққан кітаптарының барлығын жіберіп тұрғандықтан, ол кісінің жазған еңбектерін оқып шығуға мүмкіндігім болды. «Каркаралинское «Красное колесо», «Александр Леонидович Чижевский: в Карлаге, Степлаге и Караганде», «Сарыарка помнит их имена» сынды кітаптарының біздің еліміздің баспаларынан басылып шыққаны қуантады.

Өлкеміз жайлы, танымал адамдар мен тұлғалар туралы барлығы 900 материал жарияланған, оның 300-ге жуығы Ресей Федерациясы туралы жазылған еңбектер.

Жарияланымдар циклдары, телебағдарламалар, кітаптар мен очерктер, баяндамалар, мұрағат құжаттары, естеліктер, ізденіс жұмыстары, деректі фильмдердің сценарийлері – Юрий Григорьевич тынымсыз қажырлы еңбегінің арқасында бізге, болашақ ұрпаққа аманат етіп осындай құнды мұра қалдырып кетті.
Абзал жан жерлестерінің мәңгілік жадында, мың тағзым.
Жатқан жері жайлы болсын.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры,
заң ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button