Бас тақырып

Жаңа құндылықтар жүйесі

Қазақстанды ескерткіштер басты. Қит етсе тас мүсін орнатамыз бұл күнде. «Даңқты бабамызды дәріптеу үшін». Осы дәріптегіштігіміз кейде шамадан тыс болып бара жатқандай көрінеді. Қыруар қаржыны шашып жібереміз. Ескерткіштің ашылуының өзін алашапқын қыламыз. Дүбірлетеміз-ай! Сосын, қазақтың сүйікті ісі – қар кетіп, жер кепсе болды, сайын даланың төсіне ауыл тігіп, ас береді. Өткенімізбен мақтанғанда, алдымызға жан салмаймыз. Том-том кітап шығарылады. Мұның бәрін жоққа шығарудан аулақпыз. Белгілі бір деңгейде керек. Бірақ, айтқымыз келіп отырғаны мынау: болашағы жоқ, бүкіл потенциалы, қуаты сарқылған адам өткенін айтқыш келеді. Біз де соның кебін кидік пе, қалай? Бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында көтерді.

Сурет dzen.ru

«Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда, өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды. Ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуға тиіс. Ашығын айтуымыз керек, біз тарихқа келгенде көбінесе эмоцияға беріліп кетеміз. Өткен заманды орынсыз қазбалау жақсылық әкелмейді, оның пайдасынан гөрі, зияны көп.

«Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де – бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн».

Президент сөзін әркім әрқалай қабылдағаны анық. Бірақ, бұл әңгіме жарқын болашақ үшін айтылып отырғаны даусыз. Жаһанға жәутеңдемей-ақ іргедегі өзбек пен қырғыз ағайындарға қараңыз. Қырғыз­стан осы күнде ішкі идеологиясын реттеуге толық бет бұрды. Өзбекстаныңыз автокөлік құрастырып жатыр. Қос ел келешектің шаруасымен айналысуда. Ұлттық рухты көтеруде.

Белгілі математик ғалым Асқар Жұмаділдаев бір сұхбатында осыған қатысты пікір білдірген. «Тарихымыз бай, тіліміз бай. Атамыз сұмдық болған. Пәленшенің тікелей ұрпағымыз. Менің бабам пәленше де пәленше». Біздегі жұрттың басы қосылса, айтылатын әңгіме осы. «Менің тарихым жоқ, тілім кедей» деп отырған елді естіген жоқпын. Тарих бәрінде бар. Тарих дегеніңіз – ­өткеніңіз.

Ешкім аспаннан түсе қалған жоқ. «Тіліміз бай» деп құр мақтанамыз да қоямыз. Өткеніңді қотара бермей, болашақты ойла. Жапондар сияқты, немістер сияқты автокөлік ойлап тап. Автокөлік ойлап таба алмасаң, бір құрылғы жаса. Ең құрығанда велосипедке ниппель жаса. Әлемді өнертабыспен ғана мойындата аласың. Бір өніміңді ұсын. Адамзат баласының тірлігін оңай етуге үлес қос. Міне, өркениетке жетемін деген елдің тірлігі – осы. Ал, «тарихым, тілім бай» дегенің – бос сөз. Жапондар үшін тарихы туризмге тиімді болып тұр. Мыңдаған, тіпті, миллиондаған жиһангез самурайлар басқан топырақты басу үшін, сакура ағашының гүлдегенін көру үшін ағылады. Бітті. Олар өткенін келешектің әңгімесіне араластырмайды.

Әлем тарихыңа қол соқты делік. Айда алма ағашы гүлдей ме, бірге бірді көбейт­кенде үш бола ма? Әлде, басыңа мүйіз шыға ма? Шықса, қанша сантиметр шығады? Жапондарда сөз бен істің арасында алшақтық жоқ. Ал, бізде сөз бен істің арасында қанша сантиметр бар? Тіпті, метр, шақырымдар жатыр» деп еді. Елең еткізер сөз. Қазақ мұндайды аталы сөз дейді.

Түркі тілдес мемлекеттердің алпауыты болып отырған Түркия, кішкентай ғана аралда әлемді аузына қаратып отыр­ған Жапония да өтпелі кезеңнен өткен. Олар жаңа ғасырға, тіпті, мыңжылдыққа икемделе алды. Ғылымға бет бұрды. Идеология жасады. Экономикасын көтерді. Мұндай мысалдар айта берсек көп. Үлгі тұтар мемлекеттер жетіп, артылады. Біз де өтпелі кезеңде тұрғанымыз айтылып-ақ келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық Құрылтайдың отырыс­тарында және басқа да маңызды жиындарда, Жолдауларында айшықтауда.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов небәрі 20 жасында жазған «Жапония» атты мақаласында күншығыс елінің 1861 жылы жүзеге асырған әйгілі «Мэйдзи» реформасын терең талдап, Алаш жұртына мықты идеология ұсынған болатын. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар бастаған «Алаш» партиясы да өзінің басты бес ұстанымы негізінде Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрмақ болды. Жалпы, өткен ғасырда ұлтты азаттыққа бастаған зиялылар жапондарды үлгі тұтты. Неге? Өйткені, заман ағысы өзгеріп бара жатқанын толықтай түсінді. Сол үшін де «Жапон тыңшысы» деген айыппен сотталды, атылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінен тағы бір үзінді берейік. «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет.

Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды».

Белгілі тарихшы Алтынбек Құмыр­зақтың дерегіне сүйенсек, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңі өткен ғасырда Жапония мен Түркия қоғамына тікелей әсер еткен. «Оян, қазақ!» шығармасын оқыған жапон мен түрік зиялылары «Оян, Түрік!», «Оян, Жапон!» сынды еңбектер жазып шыққан. Сонымен қатар, автордың айтуынша Мұстафа Кемал Ататүрік Міржақып Дулатұлының кітабын арнайы тапсырыспен аудартқан.

P.S: Алаңдардағы биік-биік тас мүсіндерге қарап, терең ойға батып отырмын. Қайран бабаларым-ай!… Даладағы көкпар мен бәйгенің, берілген тойдың, жүздеген киіз үйдің, сондағы аста-төк дастарханның қызығын айтып, бір топ адам дабырлап кетіп ­барады.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button